Сапарбаев: Салафизмге заңды түрде тыйым салу керек

Сапарбаев: Салафизмге заңды түрде тыйым салу керек

Сапарбаев: Салафизмге заңды түрде тыйым салу керек
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев терроризм және діни экстремизммен күрес жолында бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбеде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті көшпелі отырыс өткізген болатын. Жиын кезінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин террорлық әрекетті жүзеге асырмақ болған 220-дан астам адамның жазаланғанын айтты.  Қазір Ақтөбе облысында жағдай тұрақты. Өткен жылы Бас Прокуратураның «Халық қауіпсіздігі үшін» атты жұмысы биыл жергілікті жерде жалғасып, жат ағымды насихаттайтын бірқатар сайттар жабылды. Дегенмен мәселе әлі толыққанды шешімін тапқан жоқ. «Құқық қорғау органдары салафизм бағытын ұстанатын 64 адамды ұстады. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар, сол құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып жат ағым жетегінде жүрген адамдардың толық тізімі жасалды. Қазір олардың саны - 2255. Өткен жылы 2450 адам болған еді. Соңғы 7 айда деструктивті дінді ұстанатындар 197 адамға дейін қысқарды. Бізде әрқайсысы туралы ақпарат бар. Олардың немен айналысатыны, қайда жұмыс істейтіні, кімдермен араласатыны, отбасы туралы толық мәлімет жинақталған, жеке жұмыс жүріп жатыр. Әсіресе, ауылда. Әкімнен бастап, учаскелік инспектор, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Қазір Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендерінің бәрінде дабыл түймесі жұмыс істеп тұр. Бәріне бейнекамера қондырылып, қару-жарақ сақтау қоймасының қауіпсіздігі күштейтілді. Дүкендерден түсетін дабыл алдымен облыстық ішкі істер департаментінің арнайы қызметіне, халыққа қызмет көрсету орталығына жетеді. Жиын кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев терроризм және діни экстремизммен күрестің бірнеше жолын ұсынды. «Алдымен салафизмге заңды түрде тыйым салу қажет. Сонымен қатар, еліміз бойынша тыйым салынған әдебиеттер тізімін қайта қарап, оларды жою жұмыстарын жандандырған дұрыс. Бізге әйел теологтар керек. Себебі жат ағым жетегінде жүргендердің 30 пайызы әйелдер. Балаларды вакцинациялау да маңызды. Бұл проблема алдағы уақытта ушығып кетуі мүмкін. Қазір өңірде 2500-ден астам бала екпе алмаған. Бәрі сол діни көзқараста жүрген ата-аналардың балалары. Діни жоғары білімді шетелде емес, елімізде алған дұрыс. Біздің ойымызша, жергілікті жердегі жоғары оқу орындарында теологтар дайындау керек. Себебі, қазір теолог маман тапшы. Мектептерде діни киімдер киюге де тыйым салған жөн», - деді Бердібек Сапарбаев.