Түркіменстан президенті мәдениет министрін аяқ астынан қызметінен алды
Түркіменстан президенті мәдениет министрін аяқ астынан қызметінен алды
Түркіменстанның мәдениет министрі Гүлшат Оразмұхаммедова қызметінен босатылды. Ел президенті Гурбанғұлы Бердымұхамедовтің мұндай шешімі үкімет отырысы кезінде жарияланды.
25 ақпанда мәдениет министрі болып тағайындалған Гүлшат Оразмұхаммедова қызметінде үш айға жетер-жетпестен отырды. Министр болғанға дейін, ол Ашхабад әкімінің мәдениет, білім беру және денсаулық сақтау саласы бойынша орынбасары қызметін атқарған. Ол сонымен бірге Түркімен мемлекеттік педагогикалық институттың ректоры болған.
Оразмұхаммедованың себепсіз аяқ астынан қызметінен алынуы жаппай кадрлық өзгерістер мен шенеуніктердің тұтқындалуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Өткен жылдың соңында вице-премьер Гүлшат Маммедова, мәдениет министрі болған Аннагелді Гараджаев және телерадиохабар тарату мемлекеттік комитетінің жетекшісі Мақсат Алтаевқа қатаң сөгіс жарияланған. Соңғысын телеарналардан концерттік бағдарламалар жеткілікті көрсетілмейді деп сөккен.
Үкімет мүшелерін Түркіменстан президентінің өзі жасақтап, тағайындайды. Үкіметтің құрамында 10 вице-премьер, 21 министр және 27 комитет бар.