Жаңалықтар

Өзбекстан премьері еттің бағасын түсіруді талап етті

ашық дереккөзі

Өзбекстан премьері еттің бағасын түсіруді талап етті

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов еттің бағасын арзандатып, малдың жем-шөбін жақсартуды тапсырды. Бұл мәселелер 16 мамырда селекторлық жиналыста талқыланды. Ферғана облыстық әкімшілігіндегі дереккөздің хабарлауынша, селекторлық кеңесте өзбек премьері ет бағасының көтерілуіне алаңдаушылық білдірген. Бұған дейін елде ет бағасы көтерілгені хабарланған еді. 18 мамырда Ферғана қаласының базарларында бір келі сиыр еті 28 мың сумнан (1 доллар – шамамен 8 мың сум), бір келі қой еті – 31 мыңнан сатылды. Екі апта бұрын сиыр еті 25 мың, қой еті – 29 мың сум тұратын. Үкімет еттің қымбаттауын өткен жылғы қой азығының таусылуымен байланыстырды. Шаруалар болса жайылым жетіспейтіндігін айтып отыр. "Әкімдер сапалы жем-шөпке назар аударуын қойды. Ең жақсы жерлерді олар мақта мен бидай егуге бөліп берді. Жайылымға жарамсыз жерлер ғана қалды", - деді ферғаналық шаруа.