Жаңалықтар

Қыз-келіншектерге темекі шегуді үйреткен адам

ашық дереккөзі

Қыз-келіншектерге темекі шегуді үйреткен адам

«Ақылды қыз білімге жүгінер, Ақылсыз қыз сөзге ілігер», – деп бабаларымыз қыз бала тәлім-тәрбиесіне ерекше назар аударған. Себебі өсіп келе жатқан қыз – еліне абырой, анасына қолқанат, бауырларына қамқоршы. Ақындар өлеңіне, жазушылар әңгімесіне арқау еткен бойжеткендеріміз қазақ қызының өзге жұрт тамсанар бет-бейнесі бола білді.

Бүгінде қыздарымыздан көбіне тізеден жоғары қысқа көйлек, қысқа шаш, жағымсыз мінез, жат қылықтар көретін болдық. Он бойжеткеннің жетеуінің аузына тістегені – темекі. Сонда бұл ненің белгісі, ненің әсері?

Қыз-келіншектерге темекі шегуді үйреткен адам – Эдвард Бернейс. Бұл 1929 жылы болған оқиға. Сол кездері Америка жұртшылығына өзінің неше түрлі қисынды-қисынсыз PR-акциялары арқылы танымал бола бастаған Эдвард Бернейске темекі бизнесінің өкілдері өтініш жасады. Өтініштері – темекі бизнесін дамытудың жаңа әдістерін табу. Э.Бернейс бұған дейін «Дженерал Электрик» фирмасы үшін электр шамының қолданыла бастағанына 50 жыл толуына орай «Жарықтың алтын тойы» деген атаумен ең алғашқы халықаралық деңгейде мерекелік шара ұйымдастырған еді. Осы мерекелік шарадан кейін жұртшылықтың электр шамына деген қызығушылығы артқан екен. Өз ісін жақсы білетін маман ретінде танылып, енді оған көптеген америкалық іскер топтардың басшылары мен президенттері де тапсырыс бере бастайды. Темекі бизнесі өкілдерінің де оған зор үмітпен қарағанының басты себебі осы болатын. Сан түрлі жобаларды ойлап, екшеп, сараптап, салыстырып басы қатқан Э.Бернейс кенеттен ойына келе қалған жаңа идеясын жүзеге асыруды жөн көрді. Ол шешімі – әйелдердің темекі шегуін сәнге айналдыру. Оның үстіне жер шары тұрғындарының қомақты бір бөлігін құрайтындар – қыз-келіншектер. Егер олар темекі шегушілер қатарына кірсе, темекі бизнесі шарықтайды деп болжады. Бернейс қателескен жоқ.

1929 жылы Пасха мерекесі кезінде Нью-Йорк қаласының орталық көшесінде Э.Бернейс темекі шегіп келе жатқан әйелдер шеруін ұйымдастырды. Шеруде ылғи сұлу қыз-келіншектер сәнді киініп, аяқтарын әдемі басып, жұртшылықтың назарын аудара шаттана күліп, бұрқыратып темекі тартып өтеді. Бұрын-соңды шылым шеккен әйел көрмеген көпшілік алғашында аңтарылып қалады. Кейіннен ғажайып бір оқиғаның куәсі болғандықтарына мәз болыс­қан екен. Сол сәттен бастап-ақ жұртшылықтың ішінде темекі шегіп бара жатқан әлгі қыз-келіншектердің әдемілігі, оларға темекі шеккеннің жарасып бара жатқандығы туралы әңгіме өршіді де кетті.

Бірақ бұл PR-акция үлкен қар­сы­лыққа ұшырады. Мұндай әдеп­сіз­дікке ең алдымен әйелдер қауымы өре түрегелді. Э.Бернейстің әрекетін баспасөз құралдары жабыла жазды. Темекі бизнесінің өкілдері осы қызу кезеңді пайдаланып, өз өнімдерінің жарнамасын күшейтіп жіберді. Темекі шегіп шерулетіп, мәз болысып келе жатқан әлгі әйелдердің суреттері бір газеттен бір газетке көшіп, жұртты одан сайын елеңдетті. Осындай бастырмалатқан жарнамалардан соң «жаман әдет жұққыштығын» жасап, жас қыздар ашық та, жасырын да темекі шегуге бой алдыра бастаған екен. Темекі шегуге құмарлықтары оянып кеткендіктен емес, жұрттың назарын аударғысы келгендіктен.

Пайданың астында қалдырған PR-акция оның шебер пиаршы ретіндегі атақ-даңқын асқақтатты, өйткені дәл осы оқиғадан соң темекі бизнесі Америкада шапшаң өркен жая бастаған. Содан бері қыз-келіншектеріміздің темекі шегуі сәнге айналып, шылым көп әйелдің ажырамас серігі болып кетті. Неміс ойшылы А.Шопенгауэр: «Билік иесінің қателігінен халық зардап шегеді, ал ұлы ойшылдардың қателігі тұтас ұрпақтарды, тіпті ғасырларды шарпып, өсе келе ақыры адамзатты небір ақымақтықтар жасауға дейін алып барады» деген тұжырым айтады. Бернейстің темекі саласына жасаған шеберлік акциясы өкпе рагы ауруына жол ашып, талайдың өмірін қиды.

Темекі түтінінің құрамында 30-дан астам улы заттар: никотин, көмір қышқыл газы, көміртек тотығы, аммиак, шайырлы заттар және 12 000 жуық химиялық қосылыстар болады екен. Оның 196-ы — улы және 14-і наркотик тәріздес.

Бойжеткендеріміздің қазақ қызына жат әдетті неге серік еткенін білгім келіп, сауалнама жүргізіп едім. Нәтижесі төмендегідей: сауалнамаға қатысушылардың 94%-ы – еліктеушілік, күйзеліс, сән, рухани әлсіздік, құрбылары әсер етеді десе, қалғаны бұл әрекетке тәрбиенің нашарлығынан, бақылаудың жоқтығынан барған. Ауылдан қалаға келген қыздар «әй» дейтін ажа, «қой» дейтін қожа болмаған соң бір рет байқап көреміз деп, шылымға қалай жіпсіз байланып қалғандарын өздері аңдамай қалған. Тіпті, арықтау үшін, дене бітімін сақтап қалу үшін, жігіттермен еркін тіл табысу үшін деген ақылға қонбас жауаптарды да естідім. «Қалай тыйым салуға болады?» деген сауал қойғанымда, «заңмен шектеу қою керек, дәрілердің бағасын арзандатып, керісінше темекінің бағасын көбейту керек» деген ұсыныстарын ортаға салды.

«Алматы қалалық студенттер емханасының» жоғары санаттағы дәрігері, акушер-гинекологы Бақыт Маусымбайқызы: «Егер қыз жүктілік кезінде темекі шегетін болса, ерте түсік болуы мүмкін, қан кетеді, сәби іштен жетілмей қалады, баланы аман сақтап қалу екіталай. Ол анадан салмағы аз, аурушаң бала дүниеге келеді. Темекінің құрамындағы улы зат – никотин жүректің тамырларын қатайтады, тарылтады, қан ұйиды, аяғында некроз ұлпалар пайда болады. Өкпенің, тыныс жолдарының қатерлі ісігіне шалдықтырады», – деп темекінің қыз баланың ғана емес, болашақ ұрпақ денсаулығына да қатерін тигізбей қоймайтынын айтты.

Бір адам темекі шегетін үйде ба­лалардың 64,8% сырқаттана­ды. Үш адам көк түтінге мастанып отырса, іс жүзінде үйде сау бала болмайтын көрінеді. Темекі шаштың түсуіне, терінің әжімденуіне, есту қабілетінің төмендеуіне, тістің мүжілуіне, өкпе ұлпаларында қуыстың пайда болуына, қандағы оттегінің жойылуына, асқазан жарасының пайда болуына, тырнақтың сарғаюына әкеп соқтырады. Бұл деректер түрлі зерттеулер нәтижесінде дәлелденген. Қазақстанда темекі тарту жылына 25 мың адамның өкпе обырынан, созылмалы обструкциялық өкпе ауруынан, және тағы да басқа аурулардан қайтыс болуының басты себебі болып отыр. Темекі індетінің құрбандары еңбекке қабілетті жастағы адамдар – 18-55 жастағы еркектер мен 15-49 жастағы әйелдер екен.

Ал осы әдетті ажырамас досындай көрген «қазіргі заман» қыздарымен сұхбаттасып, не дерімді білмей қалдым. Себебі олар «Бізде күйзеліс болды, бір нәрсені қатты уайымдадық, сол кезде темекі бізді тыныштандырды. Мектеп жасынан бастап әуестендік. Және қазір «мықты» деген қыздар темекі шегеді ғой. Араласатын құрбыларымыз да, достарымыз да темекіні жанына серік етеді. Сосын сен темекі шексең, жігіттермен теңесе аласың. Олармен еркін сөйлесуге, жанында өзіңді лайықты ұстауға мүмкіндік береді»,– деп жаға ұстатарлық жауап қайтарды. «Сіз болашақ анасыз ғой. Қазақтың ұрпағын жалғастырушысыз. Ол жағы сізді толғандырмайды ма?» дегенімде: «Уақытша нәрсе ғой, кейін отбасылы болған соң қоятын шығармыз. Темекі шегетін әпкелеріміздің балалары сап-сау», – деп еш қымсынбастан жауап берді. Ал бұл жөнінде Бақыт Маусымбайқызының айтары басқа: «Қыз жаман әдеттен арылды деген күннің өзінде, одан туылған баланың қанының құрамында бәрібір темекінің улы заттары болады. Ол бала туыла салысымен емес, өсе келе ауруға шалдығуы мүмкін немесе анасы, әкесі серік еткен әдетті ол да серік етпесіне кім кепіл?!», – дейді.

Жұрт көзінен тасада жүріп темекі тартатын қыздар қазір бұл әдеттерін жасырып-жаппайтын болды, ашықтан-ашық шеге береді. Бұдан былай қазақ қызына тән ұяңдық пен тазалықты ертедегі ақын-жазушылардың шығармаларынан ғана табуыңыз мүмкін.

Қазақстанда «Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының темекіге қарсы күрес жөнінде шекті келісімшартын бекіту туралы» Заңының 13-бабына сәйкес темекі өнімдерін жарнамалауға тыйым салынған болатын. 2013 жылдың сәуір айынан бастап темекі шегуді шектеу үшін шылым қораптарына пиктограмма-суреттер бейнелене бастады. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары пиктограмманы қолданудың арқасында 3 жыл ішінде бір миллионға жуық қазақстандық темекі тартудан бас тартады деп болжаған еді. Алайда темекі өнімдеріне сұраныс артпаса, кеміген жоқ. Онымен қоса темекі қораптарында жылтыр жапсырмалармен бейнеленген суреттер және әртүрлі жеміс дәмдерімен иістендірілген түрлері де қолданыста. Қыз-келіншектердің арасында темекінің нақ осы түрлері үлкен қолданысқа ие екенін айта кеткен жөн. Дүкен сатушылары да темекі сұрап келетін қыздардың өте көп екенін және бұл ұялатын әрекет емес, үйреншікті құбылыс екенін айтады.

Өкінішке қарай, сол көзге түрпідей көрінетін көрініске етіміз үйреніп барады. Кінәні батысқа үйіп-төгеміз. Батыстың қаңсығын көрсеттіңдер деп отандық арналарды айыптаймыз. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын неге ұмыттық? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Демек, отбасынан бас­талатын отанымыздың келешегі кемел болсын десек, ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлы қарауға болмайды.

 Назерке СӘНДІБЕК әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 3-курс студенті