Оңтүстік Қазақстан импортты азайтып келеді
Оңтүстік Қазақстан импортты азайтып келеді
ОҚО-ға импортталатын өнімдер өңіріміздің өзінде шығарыла бастады. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Облысқа импортталатын кейбір өнімдер өз өңірімізде шығарыла бастады. Ал, целлюлоза, цемент, мотор майлары, трансформаторлар, алюминийді және ПВХ профильдерін, ет, май, кілем, мата, дәрі-дәрмек бұйымдарын экспорттау қолға алынды. Сонымен қатар, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнай өңдеу өнімділігі жылына 6 млн тоннаға дейін жеткізіліп, жоғары октанды бензиннің үлесі 100 пайызды құрайтын болады», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Осы орайда ол басымды бағыт - инвесторлармен бірігіп, ірі жобаларды іске асыруға негізделгенін атап өтті.
«Мысалы, Қазығұрт ауданында 603 млн теңге тұратын құрғақ сүт және сары май шығару зауытын салып, іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, «Ордабасы-Құс» ЖШС-мен күркетауық етін өндіру өндірісі қуаттылығын жылына 25 мың тоннаға ұлғайту көзделіп отыр. Облыста алғашқы рет жібек шаруашылығы қолға алынды. Бәйдібек ауданында «Жібек және бау-бақша өнімдері бірлестігі» құрылып, жібек құртының азығы болып табылатын тұт ағаштары 25 гектар алқапта отырғызылды», - деді Ж. Түймебаев.