Жаңалықтар

Қазақстанда қай қылмыс түрлеріне рақымшылық жасалады?

ашық дереккөзі

Қазақстанда қай қылмыс түрлеріне рақымшылық жасалады?

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасалып, әр облыста бірқатар сотталушылар босатылып, отбасымен қауышқан еді. Алайда кейбіреулерінің жағдайы заң талаптарына сәйкес келсе де, темір тордан босатылған жоқ. Мақсат істі болған азаматтарды жақтау емес, тағдырдың тәлкегіне түскен бала-шағаны асырау, отбасына қамқор болатын, ел мен жерге титтей болса да пайдасын тигізе алатын бейбақтарды темір торда тоғытқанша, әлеуметтік жұмыстарға салу анағұрлым пайдалы екенін жақтаушылар аз емес. Тепсе темір үзетін азаматтардың жазатайым жағдайдан істі болып, қапасқа тоғытылып кете баруы баланы әкеден, әйелді жарынан, анасын баласынан айырады, кез келген отбасына асыраушысынан айрылу бір қабырғасын опырумен тең. Былтыр жыл соңында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рақымшылық туралы» заңға қол қойған болатын. Осы заңның негізінде жеңіл және ауыр емес қылмыстар бойынша қамауға алынған тұлғалардың біразы бостандыққа шығуға мүмкіндік алған еді. Ал жүкті әйелдер, кәмелеттік жасқа толмағандар, қарттар мен мүгедектердің мерзімі жартысына дейін немесе төрттен бір бөлігіне азаяды. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың арасында тек әлеуметтік әлжуаз топтағылардың ғана мерзімін жартысына дейін қысқарту қарастырылған. Сондай-ақ, экономикалық тұрғыдан зиян толық төленсе, жазаны өтеу мерзімі қысқарады. Тіпті, заңның 1-бабында ауырлығы орташа қылмыстар үшін сотталған адамдар мен І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектер, яғни қылмыстық теріс қылықтар және орташа ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар жазадан босатылады деп анық көрсетілген. Осы орайда бірқатар азаматтардың кездейсоқ жайттың кесірінен түрмеде тоғытылып отырғаны еске түседі. Мәселен, мұндай жайтты орташа қылмыс деуден гөрі жазатайым жағдайға тап болған деп атаған дұрыс шығар. Себебі олар әдейілеп қылмыс жасаған жоқ, тағдырдың тәлкегіне ұшырап, еріксіз құрбандыққа шалынған бір үйдің әкесі, асыраушысы, отағасы. Мысалы, Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қызылсай аулының тұрғыны Данияр Дүтбаев ауырлығы орташа қылмысы үшін түрмеге жабылған еді. Жазатайым оқиғаның кесірінен Данияр жол көлік апатына тап болады, оқиға орнында адам көз жұмып, Данияр кінәлі деп табылады. Бір-біріне қарсы келген көлікте Даниярдың өзі де мен әйелі ауыр жарақат алады. Ал қарсы көлікте отырған жүргізуші мерт болып, қалған жолаушылар жай жарақат алған. Осылайша оған 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Қазіргі таңда ол жазасын Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Тартоғай ауылында өтеп жатыр. Даниярдың кәмелетке толмаған шиеттей екі баласы бар. Оның үстіне анасы мен келіншегінің ІІ топтағы мүгедектігі бар.  Жұмыс істеуге жарамсыз анасы мен бала-шағасы соның жолын тосып, сарылуда. Осы жол апатында Даниярдың жарақатының ауырлығына байланысты, ІІ топ бойынша мүгедектік берілді. Отбасының асыраушысы болған ер азамат бала-шағаға қамқор боп қана қоймай, анасы мен әйелінің, өзінің де емін жалғастыруы керек. Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілінген жоқ. Бірақ заңда ІІ топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға рақымшылық жасалады деп анық көрсетілген. Олай болса рақымшылыққа неге ілінбеді? Бұл мәселе жөнінде қорғаушы да, әке-шешесі де жергілікті прокуратура мен сот төрағалығына неше рет жүгінді, бірақ әділетті шешім қабылданған жоқ. Қазіргі таңда бұл отбасының сұрап отырғаны толық бостандық емес, тым құрығанда шартты түрде босатылуын сұрайды. Мұндай жайттар республиканың барлық аймағында бар. Қорғансыздың күнін кешкен талайлар зар жылап жүр. Соңғы жылдары медиация, пробация әдістері бойынша жәбірленуші жақ кешірім берсе, сотталушыға мерзімін әлеуметтік жұмыстар, үйқамақ, шартты түрде өтеу немесе басқа да пробациялық жүйе бойынша өтеу қарастырылған. Олай болса, қылмысы жеңіл не орташа сотталушыларға рақымшылық қарастырылмаса да, осындай жүйеге іліктірсе жаман болмас еді. Осы мәселе бойынша отбасы құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Ендігі үміт – осы хаттың негізінде заң бойынша рұқсат етілген рақымшылық ІІ топтағы мүгедек жанға, отағасына берілсе деген тілек.