Жаңалықтар

Ай мүйізді бөкендердің тағдыры

ашық дереккөзі

Ай мүйізді бөкендердің тағдыры

Соңғы жылдары қазақтың сары даласын мекен еткен сұлу жануар – киіктердің азайып кетуі қоғамды түгел алаңдатуда. Бұрындары қазақ жерінде миллиондап жортып жүрген дала жануарлары бүгінде 70 мың ғана. Десек те, биылғы жылы киік саны 20 мың басқа дейін көбейеді деген деректер бар. Жаздың соңында белгілі болатын санақ қорытындысына дейінгі міндет – бөкендерді браконьерлерден қорғау. Жез киіктер жиі келетін Батыс Қазақстан өңірінде киіктерді заңсыз аулау дерегінің көбейгендігі жағдайдың оңай еместігін байқатса керек. Заңның жұмсақтығынан Батыс Қазақстанда киіктердің заңсыз аулау дерегі соңғы 3 жыл ішінде 5 есеге артып, осы уақыт ішінде 200-дей киік еті мен мыңға тарта мүйізі тәркіленген. Ең сорақысы, браконьерлердің ішінде тәртіп сақшылары да бар. Жуырда Батыс Қазақстан облысындағы табиғат қорғау полициясы өңірде полицейлердің киік аулап, істі болғандығы туралы мәлімдеді. «Полиция қызметкерлері және «Охотзоопром» инспекторларына заңсыз киік ату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбе мен Атырау сияқты көршілес облыстардан браконьерлер келіп жатады», – дейді БҚО ІІД табиғат қорғау полициясы бөлімінің басшысы Еламан Валиев. Деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында биылғы 4 айдың ішінде 14 қылмыстық іс ашылды. Оның екеуіне қатысты қазіргі уақытта сот шешімі шығып, екі азамат 1 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарында киік атушылардың 3 оқиғасы тіркелген. Ал Қазталов ауданында 150 дана киік мүйізін алып өтпек болғандардың жолы кесілді. Өткен жылы браконьерлердің үстінен 22 қылмыстық іс қозғалып, жетеуі сотқа жіберілген. Мамандар киік аулауға құмар жандардың көбеюін оларға берілетін жазаның жеңіл болуымен байланыстырады. Атап айтқанда, заңсыз аң аулағандарға 11 миллион теңге айыппұл немесе 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Тағы бір жайт, 2002 жылы бұл жануарлар Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген. Біздің елде де 2020 жылға дейін киікті аулап, атуға тыйым салынған. Өкінішке қарай, мұның бірі де браконьерлердің жолына тосқауыл бола алмай отыр. Бүгінде бөкендер санының азаюына бірден-бір себеп болып отырған – браконьерлердің көбеюі. Мүйізіне қызығып, жыл сайын жүздеген бөкенді атып алудан тайынбайтын қаскөйлердің жазасын қатаңдатпай, дала кезген жануарды сақтап қалу қиындай беретін тәрізді. Өйткені жыл өткен сайын заңсыз киік аулаушылардың қатары артып келеді. Қазақтың кең даласында жайылып жүрген ақбөкендердің қырылуына себеп болған тағы бір жағдай бар. Өткен жылдары пастереллез ауруынан мыңдаған киік бір мезетте қырылып қалғаны баршаға мәлім. Соңғы бірнеше жылда осы бір дерт ай мүйізді бөкен біткенге үйірсек болып алды. Бұл дерттен елімізде киіктер ғана емес, қарапайым халықтың қорасындағы төрт түлік малы да қырылған болатын. Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында мыңдап қырылған киіктер өлімінің себебін пастереллез дертімен байланыстырғанымен, кейбір сарапшылар қырғынды экологиялық ахуалдан көрген-ді. Сан түрлі себеп айтылғанымен, киіктер қырғынының нақты неден болғанын айту отандық ғалымдардың қолынан келмеді. Айналып келгенде, әдеттегідей шетелден маман шақыртып, туған даламыздағы жағдайды өзгелерге анықтатқан едік. Мамандар киіктер төлдейтін кез де сұлу жануарлар үшін қауіпті шақ екенін айтады. Бұл кездегі қауіп көктегі қалықтап ұшқан құстардан келеді екен. Жалпы, киік жаппай төлдеген шақта жаңбыр жауады. Ал жаңбыр жауғанда құстар ұшпайды. Киіктің жаңа туған кішкене төлі екі сағаттан кейін аяғына тұрып кету керек. Ол уақыт ішінде тұрмаса, қарақұстар көздерін шұқып тастайтын көрінеді. Сөйтіп, киіктің жаңа туған төлі құстардың жемтігіне айналып, олардың санын көбейту қиынға соғады. Торғай даласындағы мамандар биылғы жылы бұл өңірде киіктердің саны көп болып, шығынсыз төлдеуі тиіс екендігін айтады. Биылғы көктемде Қостанай облысының оңтүстік аудандарына 2 мыңға жуық ақбөкен ауған. Табиғатты қорғау саласының өкілдері биыл тасқынның салдарынан киіктердің Торғай даласына кешігіп келгендігін айтады. Киіктер мамыр айының ортасынан бастап ұлы Жыланшық, Айырқұм, Аққұм, Ақшығанақ аймағының төңірегінде төлдейді. Киіктердің келуіне орай облыстың оңтүстік аймақтарында күзет күшейтіліп, браконьерлерден қорғау шаралары қолға алынды. «Алтын дала» резерватындағы қорықшылар мен «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінде жедел инспекторлық топтар саны көбейтілді. Арнайы жасақ қарумен, көлікпен қамтамасыз етілген. Айта кететін бір жайт, 2015 жылы Торғай даласында 129 мыңнан астам киік қырылған. Ал өткен жылғы санақ Бетпақдала популяциясына жататын киіктер саны небәрі 36 мың ғана екенін анықтады. Бүгінгі таңда Үстірт пен Бетпақдала қырғынынан кейін Орал өңірі киік ең көп шоғырланған аймаққа айналды. Қазіргі уақытта бұл жануарларды санап, мониторинг жасау үшін мемлекет 800 миллион теңге қаржы бөлді. Бұл қаражатқа жүрдек көліктер сатып алынып, жануарларды әуеден бақылау уақыты арттырылады. Сонымен қатар, киіктерді сақтау үшін «Каспий Құбыр Консорциумы» 23 миллион теңге бөлді. Қаржы спутниктік бақылау жүйесін орнатуға жұмсалады. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, қазақ жерін мекен ететін жануарлар саны 100 мыңнан асады. Әлемдегі киік покпуляциясының 80 пайызы Қазақстанда екенін ескерсек, қазақ жерін мекен еткен жануарлардың қорғап қалу – біздің міндетіміз. Осы ретте 2010 жылы Батыс Қазақстан облысында тәлімбақ ашылған. Бүгінгі уақытта мұнда 20-ға жуық киік бар екен. Тәлімбақта мамандар киіктерді тереңірек зерттеп, олардың түрлі жағдайларға бейімділігін тексереді. Жабайы жануарларды даладан ұстап алып, тексеру немесе емдеу мүмкін емес. Күшпен ұстаған кезде үркек жануардың шошынып өліп кетуі де мүмкін. Қазір орталық мамандары түрлі аурудан қорғайтын антибиотиктерді де тексеріп көруді жоспарлап отыр. Алайда мұндай жұмыстың бәріне қомақты қаражат керек. Бұл орталықты қаржыландырудың тоқтағанына 2 жылдай уақыт болыпты. Ал мамандар орталықтың бастамасына мемлекет қамқорлық көрсетпесе, жұмыстарының нәтижесі болмайтындығын айтуда.