Алматыда үй жануарларына тегін ота жасалмақ
Алматыда үй жануарларына тегін ота жасалмақ
Алматыда мамыр айынан бастап желтоқсан айына дейін 13 мың үй жануарына тегін ота жасалынады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Арнаның хабарлауынша, ота жасалатын үй жануарларының 70 пайызы – иттер. Жалпы, Алматы қаласында жыл сайын 24 мың ит ауланып, оның 90 пайызының көзі жойылып отырады. Бұл мәселе қала билігі мен мамандардың бас ауруына айналып келген. Енді онымен күресудің тиімді жолы табылды. Қала тұрғындарының басым көпшілігі үй жануарларын ұстағанымен, оларды күтіп-бағуға жағдайлары болмай жатады. Ал ветеринария орталығының мамандары жылына мыңдаған қаңғыбас ит-мысықтардың көзін жойғанымен, нәтиже болмай отыр. Енді қала басшылығы оларды тегін залалсыздандыруды қолға алды.
Бұл бастамаға қала тұрғындары қарсылық танытып отырған жоқ. Алматы қаласында қазіргі таңда 140 мың жер үй тіркелген, олардың әрқайсысында кем дегенде екіден иті немесе мысығы бар. Ал оларға ота жасаудың құны 30 мың теңгеге дейін екен. Бұл бағаны кез келген тұрғынның қалтасы көтере бермейтіні белгілі.
«Бұл жобаға қала басшылығы 117 млн теңге қаржы бөлді. Жергілікті тұрғындар үшін үй жануарларына ота жасау тегін көрсетіледі. Ол үшін тұрғылықты мекенжайы туралы анықтама алып келсе болғаны», – дейді Алматы қалалық ветеринариялық-санитариялық бақылау бөлімінің жетекшісі Бекдат Данияров.
Тегін залалсыздандыру жұмыстары қаладағы тәулік бойы жұмыс істейтін ветеринарлық ауруханаларда жасалады. Мамандардың айтуынша, қазір сұраныс күн сайын артып келе жатқан көрінеді.