Тайн жазбалары. Озған жұрт несімен озық?

Тайн жазбалары. Озған жұрт несімен озық?

Тайн жазбалары. Озған жұрт несімен озық?
ашық дереккөзі

Барған-көрген, жүрген-тұрған, ішіп-жеген, тамалашаған... не қызық? Жо-оқ, ғафу етіңіз, көрген-білгенінің бірін қалдырмай жіпке тізетін, немесе ішкі әсерін жалпақ әлемге айпарадай жария ететін жолсапар очеркі маған қол емес. Тұманды емес Альбионға жартылай тұрғын болып қоныс аударып, Солтүстік теңіздің сұр үрлегендей суық тартып тұратын ауасын жұтқаныма екі жыл болса да, жолжазба жазып көрген емеспін.

«Мың шақырымдық жол бір қадамнан басталады»

(Лао Цзы)     

«Ньюкасл апон Тайн»

Жолжазбаның шын шеберлері бар. «Мен қалам тартатын дүние емес» дегенім бұл жанрдың құнын азайтпаса керек. Жазу өнерінің өкілі ретінде ғана емес, оқырман ретіндегі көзқарасымды айтып отырмын. Оқырман болғанда, талғап, таңдап оқитын, соның өзінің сөлін ғана алып, сүйегін шығарып тастайтын оқырманмын. Аз-маз оқығандарыма жүгінетін болсам, жолжазба жанрын ұқсатып жазатын авторлар некен-саяқ. Бұл жанрда тұшымды шығармалардың көбісін кәсіби жазушылар жазғаны содан болар. Мұхтар Әуезов саяхатшы ретінде көсемсөздің шеберлік үлгісін «Үндістан очерктері» мен «Америка әсерлері» арқылы көрсетіп кетті. Мазмұнға бай, дерегі мол әрі майын тамызып баяндап, оқырманын тамсандырып, жіпсіз байлайтын шығармалар. Сәбит Мұқановтың «Халықтық Германияда», Ғабит Мүсіреповтің «Жапон әсерлері» атты  очерктері жолжазба ғана емес, сол кезеңнің тарихи-саяси оқиғаларына қаламгердің көзқарас-ұстанымын білдіретін, азаматтық позициясын айқындайтын сүбелі әрі шұрайлы тілмен жазылған көркем туындылар еді. Міне, оқырманды ойша саяхат жасауға шақырып қана қоймай, оған рухани азық беріп әрі таным-түсінігін арттырып отыратын осындай шығармаларды жолжазба очерктері десе жарасады. Беріден тартқанда, оқырман ретінде менің есімде қалған, яғни көңіліме қонған жолжазба – Нұртөре Жүсіптің Америка сапары туралы очеркі болатын. Иә, жолжазба қиын да қитұрқылы жанр: жазылуы оңай сияқты, бірақ оқырманды шын толғантып, ми түкпіріндегі оның өзі де білмейтін әлдебір талшықтарды тірілтетін, сонысымен он жылдан кейін де ұмытылмайтын шығарма жазу хас шеберлікті талап етеді. Ендеше, мұндай шеберлікке жеткенше жолсапар очеркін жазуға асықпаймын. Оның орнына, ойлы оқырманмен сырттай сұхбат құрып, өзекті сұрақтарға жауап іздеген жөн болар. Мысалы, Англияға табан тірегелі мені мазалап келген бір сұрақ бар, «Дамыған, озған жұрт қандай болады? Бізден несімен озыпты?» деген сауал. Шынын айту керек, біз Ұлы Британ елі деп атайтын (ресми аты Біріккен Корольдік) мемлекетке деген скептицизм бойымда баршылық. Өзіңді танымай тұрып, өзгеге құлдық ұруды ағаттық деп білемін. Оның үстіне, қоғамның даму деңгейін оның экономикалық қуаты, ұлттық валютасының бағамы не халықаралық сауда-саттықтағы басымдығы, тіпті қару-жарағының мықтылығымен өлшеуге болмайды. Ғылым-білім, руханият пен мәдениет, тіл мен әдебиет, ұлттық өнер және технологиялық өнертапқыштығы тұрғысынан сынап көру керек. Ал ағылшындар қазақтардан несімен озыпты? Мені екі жылдан бері мазалап келген, әлі де тынышымды алатын сұрақ осы. Бәлкім, осы жазбалар арқылы жауап іздеудің сәті түскен шығар. Айтпақшы, «Тайн жазбалары» деген атаудың себебін айта кетейін. Тайн – Англияның солтүстік-шығысындағы Ньюкасл қаласының оңтүстігін жанай ағып, Солтүстік теңізге құйып жатқан ірі өзен. Іргелес жатқан Гейтсхед қаласынан бөліп тұрған шекара секілді. Екі қаланы жалғап тұрған он көпір бар арада. Олардың ішінде әйгілі «Миллениум», яғни Мыңжылдық көпірі әлемдегі тұңғыш иіліп-бұрылатын көпір. Осы Тайн өзені мен Мыңжылдық көпірін көрген сайын Астананы «оң жағалау» мен «сол жағалауға» бөлген Есіл есіме түседі. Иә, Ньюкаслды өз Астанама ұқсатамын. Бойлай өтетін өзенді былай қойғанда, күннің көзі сирек көрінетін, ұдайы жел қағып тұратын ауа-райы да айнымайды. «Ньюкасл апон Тайн» – Тайн өзенінің үстіндегі Ньюкасл қаласы дегенді білдіреді, өзімізге бұрсақ, «Астана апон Есіл» болар еді-ау... Тайнға қарап, Есілді ойлап, елді еске алғанда, көңілімде тұратын сұрақ сол баяғы: «Бұл жұрт бізден несімен озды?».

«БАТЫСҚА БАРДЫМ – ИСЛАМДЫ КӨРДІМ»

Әуелгі қайраң – «Адам адамнан несімен озады?» деген пайым. Бәсе, несімен? Бәлкім, ақыл, білім, өнер, байлығы, өресі, сұлулығымен, тізе берсек, толып жатыр. Абай Құнанбайұлы жазғандай, «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Егер Құранға еркін сілтеме жасасақ, мұсылман мұсылманнан тақуалығымен ғана артық болады екен. Яғни, адамның Алланы, Ақиқатты танудағы және өзін-өзі рухани тәрбиелеудегі, Түп Иесін мойындап, сол танымына орай өмір сүру ынта-ықыласына меңзейді. Егер ақыреттік емес, осы күнделікті өмірді куәге тартсақ, онда адам адамнан адамшылығымен ғана озады екен. Мұны туған жер, бөтен жұртта көп жүргендер анық біледі. Себебі сырттан келген келімсектің (не жолаушының) ата-тегі, руы, қызмет дәрежесі, білімі не өнерінен хабарсыз жұрт оған бір себеппен ғана құрмет көрсетеді: ол жұрттың адами болмысы толық, кемел болған жағдайда ғана. Осы орайда мынандай сөз бар: «Батысқа бардым – Исламды көрдім, бірақ мұсылмандарды көрмедім; Шығысқа бардым – мұсылмандарды көрдім, бірақ Исламды көрмедім» деген. Мұның мәні: адамзаттың бәрін бауыр деп сүйіп, құрмет білдіріп, сәлем беріп жүру, ізетті болу, қолынан келгенше жәрдемдесу, бір-бірінің мүлкіне қол сұқпау, өзгелердің ар-намысына өзінікіндей құрметпен қарау – мұның бәрі Исламда бар, мұсылмандарға тән қасиеттер. Бірақ ащысын айтқанда, Ислам тарамаған елдерде осы адами қасиеттердің бәрі қалайша қоғамдық құлық болып қалыптасып, ал Ислам ілімі орнаған халықтар осындай қарапайым нәрселерге неліктен салақтық танытуы өте түсінікіз жағдай. Шынымды айтайын, шынайы адами қарым-қатынасты Англия жерінде көрдім, мұсылманшылыққа тән қасиеттерді осы діні бөлек жұрттың бойынан байқадым. Иә, Англияға келгендегі алғашқы таңсық әрі айрықша әсерлердің бірі – жергілікті қауымның ілтипаты еді. Қай жерге барсаңыз да, қалай қарай мойын бұрсаңыз да, алдыңыздан жылы жымиып, ілтипат білдірген әйтеуір бір адамды көресіз. Көшеде, саябақта, қоғамдық орындарда көзіне көзі түйіскен бейтаныстың міндетті түрде сізге күлімсіреп, тіпті «Hello» деп амандасуы қалыпты жағдай. Жол білмей, көшедегі кез келген жанды тоқтатып алып, жөн сұрап көріңіз: кетіп бара жатқан бағытынан кері бұрылып, сізді екі орамға дейін шығарып салып, өзі білмесе, үшінші адамды тоқтатып алып сұрап, сізбен бірдей қиналып тұрғаны. Ньюкаслға 2015 жылдың қаңтарында оқуға келгенде, мұнда бірде-бір танысым болған жоқ, анығын айтқанда, бөтен ел, бейтаныс қалада жападан-жалғыз едім. Бірақ жергілікті халықтың ілтипаты жалғыздықты сездірмеді, жуып-шайып кетті. Оқу-білімге қатысты мәселелерден бастап қарапайым тұрмыстық нәрселерге дейін – барлығын жергілікті тұрғындардан сұрап-білдім десем, артық айтқандық емес. Ағылшындардың ілтипатына, сыпайылығы пен қарапайымдылығына куәгермін. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Мысалы, Лондонның космополит тұрғындарынан жаппай ізет көрем деп алдануға болмас немесе Шотландия азаматтарының жатжұрттықтармен сөйлесу мәнері ағылшындардан әлдеқайда тұрпайылау деседі. Бірақ жалпы саны 8 миллионнан асқан заңды мигрантты паналатқан алақандай арал тұрғындары сырттан келгендерді өзіне сіңіріп, жұтып жіберуге қабілеті бар десем, артық айтқандық емес. Француз, неміс, испан, итальян және басқа еуропалықтарды былай қойғанда, румын, бұлғар еңбек мигранттарынан бөлек, бұл елде үндіс, пәкістандық, қытайлық және африкалық ірі-ірі диаспоралар бар. Көбіне қауымдасып, «Chine Town» («Қытай қалашық») сияқты өздері ғана топтасып тұратын аймақтар құрып алған. Осындай әр елден, әр қиырдан келген, түрлі діни сенімдегі, әр басқа тілде сөйлейтін жатжұрттықтарды бір ортаға бейімдеп, ортақ ереже-тәртіпке бағындырып, тіпті ортақ ұғым-түсінікке үйретіп, одан соң оларға өздерінің британдық мәдениетін сіңіруге қабілет-еркі жеткен жұртқа таңданбай көріңіз. Міне, шынымен мультимәдениетті ел деп қазіргі Британ елін айтсақ жарасар еді. Ал егер осыншама жатжұрттықтарды Қазақстанға тоғытар болса, біз өзгелерді баулып, үйретіп алмақ түгілі, өз тіліміз бен дінімізді, мәдениетіміз бен руханиятымызды сақтап қаламыз ба? Ұлттық  экономикамызға басқа елдерден миллиондаған инвестиция құйылса дейміз, халықаралық туризмнің бір орталығы болсақ дейміз, дамыған елу елдің қатарына енсек дейміз, өзгелер біздің ғылым-өнерімізге қызықса дейміз – ал ол үшін озық ел болу керек, озық ел болғанның бір қыры осы – жатжұрттықтарға қақпаны айқара ашу, аштың ба – ағылған жатжұрттық идеялар мен бөгде мәдениеттерді өз тініңе орай игеріп, оларға ұлттық идеяң мен төл мәдениетіңді мойындатып, мемлекеттігіңді сыйлата білу керек. Ағылшындардың ешкімге емешегі үзіліп тұрған жоқ, бәлкім, керісінше, кешегі Британ империясының ұрпағы ретінде олардың мінезінде өз үстемдігін сезінудің сарқыншағы бар: қаны – жанында атойлап тұр. Олар қол бұлғап, ешкімді өз еліне шақырып алған жоқ, керісінше, Британ үкіметі бұл елге келетін мигранттар санын жылына жүз мыңнан асырмау керек деген межені орындауға күш салады. Сонда да мұнда келушілер қатары сиремек емес: жайлы тұрмыс, табысты жұмыс іздеп келетіндер көп, алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып, халықаралық деңгейдегі кәсіби біліктілік алуға ұмтылатындар саны жыртылып айырылады. Білім беру саласы – британ бюджетінің кіріс бөлігін едәуір қамтамасыз етіп отырған инвестициялық жоба. Дүниежүзінде британ білім беру жүйесінің озық жүйе екенін дәлелдеп, барынша насихатын арттырып отырғаны да содан. Бәлкім, әрбір жергілікті тұрғын сырттан келген жатжұрттықтарды бауырына тарта қоймас. Бәлкім, олардың студент не турист ретінде ел экономикасына әкеліп жатқан пайдасын фунт стерлингпен өлшеп отырмаған болар. Ағылшындардың ілтипат-ізеті – сүйекпен келген мінезге ұқсайды. Мысалы, көшеде не қоғамдық жерде бір адамды байқамай қағып кетсеңіз, ол адам сізден кешірім сұрап, өзіңізді ұялтады. Мұнда не көп, кезек көп: әуежайларда, дүкендерде, пошта мен банктерде, тіпті автобус күтетін аялдамаларда адамдар кезек күтеді. Бірақ кезекте тұру мен кезек күтудің тәртібі мен әдебі бөлек: «Соңы кім?» деп сұрап жүрген жан жоқ, ұзын-сонар кезектің басы да, аяғы да анық байқалып, көбіне белгілі бір қоршаулар арқылы межеленіп қойғандықтан, үнсіз ғана кезегіңізді аласыз. Біреудің алдына біреу түсіп не ай-шайға қарамастан, баса-көктеп, кезексіз өту атымен жоқ, бәлкім, ондай адам шықса да, оған дүрсе қоя беретін, сол жерде намысын қолдан жіберіп алатындай ұрыс шығаруға дайын ағылшынды көрмедім. Үнсіз құпталып, үнсіз айыпталатын қоғамда өзінің «бөтендігін», яғни басқа ортадан шыққанын әйгілеген болады әлгі кісі. Содан болар, мұнда келген шетелдіктер санаулы күннің ішінде өздігінен «тәрбиеленіп», сыпайы және әдепті болуға үйреніп, екі сөзінің бірінде «Кешіріңіз» және «Рахмет» деп жүргені. Иә, ағылшындар өте жақсы көретін және өте жиі қолданатын екі сөз –  «Thank you» (Рахмет) және «Sorry/Excuse me» (Кешіріңіз/Ғафу етіңіз). Бұл сөздерді олар күніне жүз рет айтатын болар, ал сіз күніне мың рет еститін шығарсыз. Құлақ ести-ести, бұл сөздерді айтуға тіл де жаттығады. Осында оқыған қазақ жастарының былай дегені бар: «Рахмет», «Кешіріңіз» деп айта беріп, аузымыз үйреніп, елге барған соң да солай десек, достарымыз күліп, масқара болғанбыз» дейді күліп. Иә, біздің жұрттың психологиялық қалпы басқа бүгінде... Кішіпейіл болуды кішірейіп қалу деп ұғатындар көп. Ал көшеде немесе қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, айналаңызға көз салыңызшы, күлімсіреп не жұмсақ жымиып бара жатқан қанша адамды көресіз? Әлде кілең қату қабақ, өшпенді көзқарас, тыржиған маңдай ма көретініңіз? Ендеше, озған жұрттың бізден артық көрінетін бір айырмашылығы осы жерде: Британ аралында онның тоғызы өзіне сенімді, көңілі тоқ, жүзі жайдары жүреді. Бізде екі езуі екі құлағында болған адам көзге шыққан сүйелдей көрінсе, мұнда қабағын қарс түйіп алған кісі елден ерек көзге түседі. Шамасы, қоғамның ашықтығы, заңның қаттылығы адамның тұрмыстағы және өмірдегі өз мақсаттарына жетуге қажетті есіктерді ашып қойған: қабілет-қарымыңа сай еңбек ет те, жемісін көр. Ешкім ешкімнің еңбегін жемейді және ешкім ешкімге өз есесін жібермейді.

ЗАҢНАН ЕШКІМ ҮЛКЕН ЕМЕС

Заң демекші, сонша халықтың басын біріктіріп ұстап тұру үшін және қоғамда тәртіпті сақтау үшін заң қатал болу керек әрі қатаң орындалуы тиіс. Озық жұрттың өмір сүру заңдылығы бұл. Заң алдында бәрі бірдей. Жергілікті азаматтар түгілі, сырттан келген мигранттардың құқықтары мен бостандықтары түгел жазылып, қатталып, бекітіліп қойған. Заң қағаз жүзінде емес, кәдімгі күнделікті өмірде бұлжымастан жүзеге асады, орындалады. Әлбетте, заң бұзушылық жоқ емес, баршылық. Қылмыс түрі аз емес, саны да біршама. Бірақ ешкім заңға сенбейтін, азаматтары өз құқығын жөнді түсінбейтін, құқығы тапталған жағдайда кімге, қайда барып шағымдануды білмейтін қоғам емес бұл. Британ қоғамында кез келген қылмыс түрі анықталған жағдайда, міндетті түрде жазасын алады, сотқа шағым түскен жағдайда, сот шешімінің шынайылығына күмәндануға себеп жоқ. Ең бастысы, ел билігімен, үкімет саясатымен, өз мекемеңіздегі басшының шешімімен келіспейсіз бе, пікіріңізді ашық айтыңыз – ешкім сізді ол үшін қудаламайды, керісінше, жағдайдың ақ-қарасын айқындап, сіздің ар-намысыңызды қорғауға қолдау көрсететін ұйымдар бар. Содан болар, әділдік іздеп, араша сұрап Гаагадағы БҰҰ халықаралық сотына шағымданып жүрген британдық туралы естігеніміз жоқ. Шынымды айтсам, адам құқығы мен бостандықтарының іс жүзінде қалай жүзеге асатынын осы елде өз көзіммен көрдім. Университетте әр түрлі мемлекеттердің студенттері білім алады, олардың ішінде Ливан, Ирак, Үндістан, Малайзия, Сауд Арабиясы, Иран, Нигерия, Түркиядан келген мұсылмандар көп. Басқа шәлі салудың түрлі-түрлі үлгісін де осында көресіз, тіпті орамал тағу әдісіне қарап ұлтын ажыратуды үйрендім. Әйелдің бетін ғана көрсететін ойығы бар, қалған киімі тұтас тігілген ұзын көйлек болса – нигериялық, ұзын шәліні бірнеше рет қайта орап, басына қарқарадай түйіп қойған болса – малайлық, ал орамалды үшбұрыштап, мойынды орай байлап, шетін иық пен кеудеге түсірсе, онда саудтық студент деген сөз. Бірақ мұсылман қыздардың хиджап кию мәселесі мұнда талқыланбайды, қысқа киінген еуропалық пен басынан бақайшағына дейін оранып киініп алған студенттер қатар отырып, дәріс тыңдайды. Ешкім ешкімге «Мынауың не?» дей алмайды. Діни наным-сенім және ар-ождан бостандығы мұнда сырты сұлу, іші бос жалаң ұрандар емес. Мысалымды одан әрі қоюлатсам, Ньюкасл университетінің Король Джордж VI атымен аталатын оқу корпусының бір бұрышы мешітке арналған. Мұнда жер жиһаннан келген студенттер бір сапта тұрып намаз оқиды. Өз орталарынан сайланған имам әр жұма сайын құтпа айтып, уағыз жасайды. Жамағат садақа жинап, зекет береді. Ал Рамазан айында университеттің оқу бөлімі мұсылмандардың сапалы білім алуы мен діни құлшылық жасау міндеті бір-біріне кедергі келтірмес үшін, студенттердің емтихан кестелерін басқа айларға жылжытып отырады. Бұл тек осы Ньюкаслдағы емес, тұтас Британ аралындағы жағдай.  width= Мұндай көріністі ата-бабасы әлмисақтан мұсылман болған Қазақ елінде көрсек, еш таң қалмас едік. Өкінішке қарай, біздегі ұлттық университеттердің оқу корпусында мешіт түгілі, жәй құлшылық ететін орындар жоқ. Ал Рим шіркеуіне бағынбай, ешкімге тәуелсіз Ағылшын шіркеуінің негізін салған жұрт өз дінін сақтап, өзгелердің дініне құрметпен қараудың заңмен бекітілген үлгісін жасап отыр. Адам құқығы демекші, озған жұртта әр адамның нәсіл, тек, дін, жыныс ерекшеліктері ескерілумен қатар, мүгедек жандардың өздерін қоғамның тең мүшесі санауына бар жағдай жасалған. Англияға келген алғашқы жылы мен көшелер мен қоғамдық орындарда мүгедек арбаға таңылған адамдарды жиі көретінмін де, бас шайқайтынмын. Күніне бес-алтауын, кейде тіпті оншақтысын кезіктіруге болады. Содан ба, біздің елмен салыстырғанда, мұнда жарымжан кісілер көп көрінді. Уақыт өте келе мұның да сыры белгілі болды: мұнда мүгедек арбаға таңылған адамдар төрт қабырғаға қамалып үйде отырмайды, емін-еркін қала аралап, оқу оқып, қызық көріп, басқалармен бірдей қоғамдық өмірге атсалысады екен. Мысалы, университеттік кез келген сауалнаманың алғашқы және міндетті сұрақтарының бірі: «Сізде қандай да бір мүгедектік бар ма?» дейді. Бұл – кемсіту емес, керісінше, қандай да жәрдемге мұқтаж болсаңыз, соны ертерек анықтап, қажетті жағдай жасауға ұмтылуды білдіреді. Сондықтан мүгедек жандар өздерін ешкімнен кем сезінбейді, өз құқықтарының өзгелермен бірдей қорғалатынына және өздері үшін айрықша жағдай жасаларына сенімді. Озған жұртта әрбір адамның қандай да ерекшеліктеріне қарамастан, барлығына бірдей қарау әдеті қалыптасқаны кейде осындай өмірдің майда-шүйде қырларынан аңғарылады.

ҚОҒАМ ӘДІЛДІКТІҢ БАРЫНА СЕНЕДІ

Заңның үстемдігі, соттың әділдігі де қоғамды қылмыстан толық тазалай алмайды екен. Әйтсе де, қоғам мүшелері қандай да қылмыстың анық-қанығы тексеріліп, кінәлінің лайықты жазасын алатынына сенімді болса, оның өзі үлкен жетістік. Сонда қоғам тыныш, ертеңіне алаңсыз болады. Британ полициясының қалай жұмыс істейтінін мына мысалдан-ақ аңдауға болады: кейбір қылмыстар он-он бес жыл бойы, тіпті одан да көп уақыт бойы тексеріледі. Яғни, «қылмыс құрамы дәлелденген жоқ» деп жылы жауып тастайтын әдет қалыптаспаған. Осы аптада Эссекс қаласының полициясы осыдан он алты жыл бұрын жасалған қылмыстың дерегін еске салды. 2001 жылы он бес жасар қыз бала мектептен үйіне оралмаған, оның өліміне туысқаны кінәлі деп, оны абақтыға жапқанымен, қыздың мәйіті сол күйі табылмаған екен. Енді міне, он алты жылдан соң полиция мәйіттің дерегін тапқанын жариялап, қаладағы көлік қоятын гараждардың астын қазбақшы. Бірақ абақтыда отырған адам өз кінәсін сол күйі мойындамаған көрінеді және мәйіт туралы ешқандай ақпар бермеген. Ал полиция қыздың әке-шешесі  марқұмды дұрыстап жерлеуі үшін мәйітті іздеу талпыныстарын жалғастыра берген. Бұл оқиға британ полициясы тарихындағы ең күрмеуі қиын іс деп танылды. Сонда қарапайым адамның өміріне жасалған қастандықты сонша жыл зерттеп, тіпті кінәлі табылды дегеннен соң да тергеу-тексеру жұмыстарын тоқтатпағанына қарағанда, жергілікті полиция үшін әділдік үшін күрес деген ұғым жәй сөз емес, сірә. Мейлі арада қанша уақыт өтсе де, кінәлі өз жазасын тартады деген ұғым мықтап орнаған. Ал бізде сыры ашылмаған қылмыстың саны қанша екен? Оның ішінде, он-он бес жыл түгілі, айналасы бес-он жыл бұрынғы қылмыстардың дерегі анықтала ма, басқаларды былай қойғанда, белгілі адамдардың қазасына қатысты оқиғалар жан-жақты тексеріле ме, жай-жапсары жұртшылыққа жария бола ма? Олай болмаса, заңның үстемдігіне, соттың туралығы мен полицияның өз міндетіне адал екеніне сенімді болмаған халық әділдікті қайдан іздесін?

ЖОЛАУШЫҒА – ӘРІ ҚЫЗМЕТ, ӘРІ ҚҰРМЕТ

Осы көктемде күтпеген жағдайға тап болдым. Ньюкаслден Лондонға аттанатын пойыз кестеде белгіленген уақытынан он минут кешігіп шықты. Бұл енді Британ елінде сирек болатын жағдай. Әдетте, егер пойыз 9 сағат 06 минутта жүреді десе, бір минут озбастан не бір минут қалмастан, дәл сол уақытта орнынан қозғалады. Бірақ ерекше табиғат құбылыстары немесе ауа райының қолайсыздығы кесірінен пойыздар тоқтап, ұшақтардың әуежайға қамалуы ара-тұра болып тұрады.  width= Мысалы, былтыр Англияның оңтүстік-батысында шамадан тыс жауын-шашын болып, өзендер тасып, тас жолдар мен темір жолдарды шайып кеткенде, Англияның орталық және оңтүстік бөлігінде пойыз және автобус қатынасы уақытша тоқтатылған еді. Көктем мезгілі болғандықтан, бұл жолы да солай болған шығар деген оймен пойыздың кешігіп шығуына мән бере қоймадым. Алайда жарты жолға келгенде, яғни Лондонға екі сағаттық қашықтық қалғанда, пойыз мүлдем тоқтап қалды. Қасымдағы жолаушылардың айтуына қарағанда, осындай оқиғалар соңғы кезде жиілеген екен. Сөйтсе, пойыз жүретін жолдағы мыс сым желілерін біреулер қиып алып, ұрлайтын көрінеді. Білетіндердің айтуынша, өте қымбат тұратын дүние. Бірақ қаншама адамды жолынан қалдырып, әрі-бері зуылдап жатқан пойыздардың қозғалысына зиян келтіргенін, сөйтіп жергілікті бюджетті шығынға батырғанымен істері жоқ. Ұрлықтың анық-қанығын анықтауды құзырлы органдарға қалдырып, пойыздың үстінде болған жағдайды айтайын. Жолда тосылып тұрған екі сағатта жүргізуші мен жолсеріктер репродуктор арқылы жолаушылардан әлісін-әлсін кешірім сұрап, не себепті тоқтап тұрғандарын, айналада не болып, не қойып жатқанын хабарлап, құлақтандырып отырды. Содан болар, кемі екі жүз адам мінген пойызда әрі-бері сабылған не реніш білдірген, тіпті қабақ шытқан жолаушы көрмедім. Мұның да себебі бар. Темір жол компаниясының саясатына сәйкес, егер қандай да бір себеппен пойыз белгіленген уақытынан бір сағат не одан көп кешіксе, әрбір жолаушыға төлеген ақшасын толық қайтарып береді. Егер жарты сағат кешіксе, ақшаның бір бөлігін қайтарады. Бұған қоса, сол күнге белгіленген алдағы сапарларының да шығынын өтейді. Себебі кей жолаушы бір қаладан түсіп, екі-үш сағаттан соң екінші қалаға баруы мүмкін. Сондықтан тасымалдаушы компания сол пойызға мінген жолаушыларды қайткен күнде діттеген жерлеріне жеткізіп салуға міндетті. Біз отырған пойыз Лондонға түн жарымда бір-ақ жетті. Жолаушылардың дені осы қаланың тұрғындары болғандықтан, олар әрі қарай метроға отыруы немесе такси жалдауы тиіс. Егер уақытында жетсе, солай ететіндері кәдік. Бірақ Лондон метросының көп бөлігі түн жарымда тоқтап қалатындықтан, компания өз есебінен такси жалдап, барлық жолаушыны айтқан жерлеріне, ал мені түнгі сағат бірде Хитроу әуежайына жеткізіп салды. Жол бойы жолаушыларды ауыз сумен және тегін шәймен қамтамасыз етіп, қайта-қайта кешірім сұрағандары тағы бар. Ал осы екі жүз жолаушы келесі күннен бастап бір айдың ішінде сатып алған билеттерінің құнын толықтай қайтарып алды. Осындай қызмет көрген жолаушылар компанияға не темір жол қызметкерлеріне қалайша қабақ шытсын? Осы орайда, Алматы мен Қызылорда арасындағы темір жолмен сапарлатып жүріп, талай рет пойыздың кешігуін не жолда тоқтап қалған кездерін бастан өткергенім есіме түседі. Бірақ пойыздың кешіккені үшін билет ақшасын қайтаруды сұрау қайда, әйтеуір, сапарың аман-есен аяқталғанына шүкіршілік етесің. Бұл да мұндағы қоғамның өзгеше екендігінің бір көрінісі.

ЗАМАНЫНА ҚАРАЙ – ТІЛІ

Озған жұрттың тілі де – озық. Ағылшын тілі бүгінде бір ұлттың емес, жер бетіндегі шамамен 1,5 миллиард адамның жұмыс, шығармашылық, күнделікті қарым-қатынас тіліне жатады. Неге? Мұның себебін жарты әлемді билеген империяның тарихынан іздейміз бе, әлде ғылымы мен өнері асқан жұрттың басқаларға үстемдік жүргізуі деп білеміз бе? Англияға келгелі өзім байқаған бір шындық мынада: ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған ғана емес, ең тез дамушы тіл екен. Жылдан жылға бұл тілді үйренушілердің қатары артқан сайын, тілдің қолданылу аясы да кеңіп, сөйлеушілердің мүддесіне қарай бейімделіп, өзгеріп жатқаны байқалады. Әрі ол өзгерістердің бәрі қатталып, ережелермен түсіндіріліп, кітапқа басылып, бірден тұрмыстық және ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Мысалы, 2013 жылы Оксфорд сөздігінің редакция алқасы ағылшын тіліне жаңа сөз қосылғанын хабарлап, сүйіншіледі. Заманауи неологизм – «selfie» (селфи – өзін-өзі суретке түсіру) деген сөз. Әлбетте, бұдан тілдің ұтары көп, бірақ ұтылатын тұсы да жетерлік. Мысалы, қазір XVІ ғасырдағы Шекспирдің тілін толық түйсіну, бірден қабылдау қиын. Ол түгілі, осыдан жүз жыл бұрынғы ағылшын тілі мен қазіргі тілдің айырмашылығы жер мен көктей. Сөздердің құрамы ғана емес, сөйлем құрылысы, тіпті грамматикалық ережелердің өзі уақыт өте өзгеріп, ескісі жойылып, жаңасымен толығып жатыр. Осыны көрген соң, тілдің тірі организм екенін анық сезінесің: ағылшын тілі оны қолданушылармен бірге өзгеріп, өсіп, кеңейіп, таралып әрі түрленіп, басқаша айтқанда, байып әрі бұрынғыдан да күшейіп келеді. Тілдің шұрайлылығын сақтау, тілді таза ұстау, тілді тірі қалдыру – біздің қоғамның басты дерті. Бірақ біздікі нақты істерден гөрі байбаламы көп, уайымы басым «аттанға» ұқсайды. Тілдегі әрбір өзгерістерге ағылшындардай жете мән беріп, оны зерделеп, одан әрі зерттеп және тұрмыста қалай қолдануға болатынын саралап көрсек қой! Тілдің өсуі, дамуы, кеңеюі мен таралу қарқыны мен жай-жапсарына мемлекеттік деңгейде назар аударып, және оны қағаз бетінде емес, іс жүзінде қадағаласақ, қазақша айтқанда, сөзден іске көшсек, қазақ тілі қай тілден кем еді? Расында, ағылшын тілінің табиғатын зерделеп, үйрену барысында ұққаным – бір сөздің аясында бір-біріне мүлде қабыспайтын ұғым-түсініктер жүре береді, мысалы, ағылшынша «ax» деген сөз «балта» деген атаудан бастап «көруге ынтығу» деген тіркеске дейінгі мағына береді. Сонда бұл тілдің байлығын көрсете ме, әлде аясының тарлығын білдіре ме? Ал қазақ тілінде халықтың тұрмысын, өнерін, дүниетанымын сипаттайтын әрбір құбылыс, әр зат, атомның бөлшегіндей әр жаратылыстың өз атауы бар. Осындай бай тілді өзге жұрттарға таратып, халықаралық тіл етпек тұрмақ, туған елімізде үстем ете алмауымыз – өзімізден. Міне, озған жұрттың тілі де озық болуының «гәбі» осында: олар ұлттық тілді ұран етпейді, өзін мойындатудың құралы етеді.

ОЛАР НЕГЕ МОНАРХТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ?

Өзге жұрттар секілді ағылшындардың өздеріне тән қызығы да, шыжығы да бір бастарына жетерлік. Соның бірі – королеваға деген құрмет. Әлбетте, көзі ашық, яғни ғылым-біліммен қаруланған университет қауымы жоғарғы лауазым иесіне «ләппайлауды» ар санайды, тіпті соншама қаражат жұмсап, монарх институтын сақтап отырған үкіметті сынап та жібереді. Бірақ жалпылай алғанда, халық шынымен өз монархын жақсы көреді. Бәлкім, бұл қазір жасы тоқсаннан асқан Екінші Елизаветаның еңбегі болар. Оның тұнған бой-сойы – тірі тарих. Заманалар өзгеріп, империялар ыдырап, жаңа мемлекеттер құрылып, технологиялық революциялар болып жатса да, ол өзгермейтін сықылды. 65 жылдан бері тұтас елдің назарында, көз алдында, әрбір қимылы, әр сөзі аңдуда екенін біліп өмір сүру оңай емес, сірә. Мемлекеттік әнұраны «Құдайым, Королеваны сақта!» деген сөздерден басталатын елде мектеп оқушылары оның өмірбаянын жаттап, оған деген шексіз құрметті жастайынан бойына сіңіріп өседі. Мұны кез келген авторитарлы елдегі жағдайға ұқсатсақ та, Британ елінде монархтың саяси билікте еш салмағы жоқ екені белгілі. Сонша құрмет, сонша абырой, сонша бедел – бірақ саяси ұпайы аз, ел тағдырына әсер етер ықпалы жоқтың қасы, тіпті, күні ертең Шотландия мен Солтүстік Ирландия Ұлыбритания құрамынан шығып, мемлекет атымен жойылса да, саусақ қимылдатуға қауқарлы емес. Сонда да оны халық жақсы көреді, оның бейнесі бедерленген заттарды тәбәріктей сақтайды, оның туған күнін тұтас ел болып бірге тойлайды. Шамасы, Елизавета ханым – британ жұрты үшін кешегі дүбірлі тарихтың тірі естелігі секілді, королеваға құрмет көрсету арқылы олар өзінің төл тарихын, ұлттық мәдениетін және өздерінің ерекше жаратылған ұлт екендіктерін есте ұстайды, шын иланады. Ал біз Цинь жұртының іргесін тітіретіп, оларға Қытай қорғанын салдырған Ғұндардың ұрпағы екенімізді, Парсы-грек басқыншыларына кеуде бастыртпаған Сақтардан қалған тұяқ екенімізді, көрші отырған Русь жұртын үш жүз жыл билеген, алым-салық төлеткен Алтын Орданың мұрагері екенімізді бүгінде сезіне аламыз ба? Әлде тек тарих оқулықтарынан оқып, дастарқан басындағы гөй-гөйдің үстінде «Менің ата-бабам бүйткен, ал менің арғы атам мынандай батыр, би, сұлтан болған» деп, құр мақтан етіп, бөсіп жүрміз бе? Әлбетте, хандық биліктің жойылғаны ендігі – тарих, ал тарих дөңгелегі кері айналмайды, өткен – кетті, қайта орнына келмейді. Тек кешегі тарихи жадыны қайта тірілтіп, бүгінгі ұрпаққа насихаттауды мемлекеттік саясат ретінде жүзеге асыратын болсақ, қазіргідей жалтақ әрі жадағай болмас едік-ау. Әрі «мемлекеттік тұрғыда жүзеге асыру» дегенде, миллиондаған теңге бөліп, том-том мемлекеттік бағдарлама жазып, соңын су аяғы сиырқұйымшаққа айналдыруды айтып отырған жоқпын. Олай еткенше... ештеңе істемеген жақсы. Әйтпесе, «айдағанымыз бес ешкі, ысқырығымыз жер жарады» дегеннің кері әшейін. Жә. Бұл енді басқа тақырып. Тоқетері сол, озған жұрт өткен тарихтың жаманы болсын, жақсысы болсын – бәрін есте ұстайды, шындықты жасырмайды, жақсы істерден сабақ алып, болашақ ұрпаққа керегін жаңғыртып отырады. Яғни, озық жұрт үшін өткен шақ бүгінгі және келер шаққа қызмет етеді. P.S. Жер шары бүгінде баланың алақанындағы доп тәрізді. Ежелгі дәуірдегі гректер «жердің шетіне жетеміз» деп қанша қиялдағанымен, дәл бүгінгідей жылдамдықты елестете алмаған болар. Расында, елден қарыс қадам аттап шықсаң болды, жер-жиһан кішірейіп сала береді екен. Ауылда жүріп, шетсіз-шексіз аспанға көз тіккенде, Жер деген Күн жүйесінің үшінші ғаламшары емес, Ғаламның өзі сияқты көрінетін. Ауылдан Алматыға қоныс аударып, журналистік қызметімде ел аралай бастаған шағымда, қазақ жерінің ұлан-ғайыр екенін көріп, тамсанушы едім. Бірақ шекарадан асып, өзге құрлыққа келіп, ел көріп, жер таныған адамға дүние тарылып сала беретін сияқты. Түс мезгілінде Лондонда дәм татқан адам кешкі асты Астанада ішсе, мұны өзі қалыпты жағдай сияқты қабылдаса, екі қаланың қашықтығы енді мыңдаған шақырыммен емес, алты-ақ сағатпен есептелмей ме? Ғылым мен техниканың дамуы осылайша бізді қашықтықпен санаспауға үйретті. Әсілі, мен жиһангез емеспін. Жұмыр жерді түгел шарлап, ел мен елді аралауды армандаған емеспін. «Түркістан» газетінің тілшісі ретінде шет елдерге шыққан әр сапарымның өз мақсаты, нақты жоспары, көздеген межесі болды. Мәскеуге бардым – екі апталық оқуға бардым, біздің бала кезімізде оқудың үлкені Мәскеуде еді, сол балалық арманның орындалуы болар. Вьетнамға бардым – бала кездегі ықыласым тартты: советтік Қазақстан мен советтік Вьетнамның арасындағы достық байланыстың нәтижесінде Сырдың жағасындағы біздің ауылға бір топ вьетнамдық жұмысшы қыздардың келгені әлі есімде. Нәсілі, тілі, ділі бөлек бөтен жұртты бірінші көруім еді. Адамдарын көрген соң, елін тануға ынтық болдым. Расында, сол сапарда вьеттердің қарапайымдылығы, жанкештілігі мен адалдығын қазақтарға қатты ұқсаттым. Ал жетінші сыныпта ағылшын тілін мектеп бағдарламасына сай оқып-үйрене бастағанда, Биг Беннің суретіне қарап, өзгеше мәдинетті тануға асық болдым. Альбион аралына жолым түссе, турист не саяхатшы ретінде емес, білім жолындағы сапар бұйырсын деуші едім. Қарап тұрсам, он үш жасымда Қызылорда мен Алматының арасын жол қылғаным сияқты, бүгінде Астана мен Ньюкаслдың арасындағы жол – мен үшін өмір жолдарының бірі екен. Бұл сапарлардың ешқайсысы құр өткен жоқ. «Мың шақырым жол бір қадамнан басталады». Білім-ғылым іздеген жол Амангелді ауылынан басталып, алыс қиырдағы Англияға алып келген. Туған ел – таныс ортаны тастап, үлкен дүние – жаңа әлемге қарай тартқан Жол одан әрі қайда апарады? Анығы, әр сапар жолаушыны өзгертеді. Себебі әр жолы көріп – көңілге түйгені, естіп – рас-өтірігін тексергені, зерттеп –  зерделеп білгені жолаушының таным-түсінігін, білім көкжиегін, әдет-дағдысын, өмірге және адамдарға деген көзқарасын байытады екен. Егер сапар адамға тың ой салмаса, егер ол ой адамды жаңа өзгерістерге жетелемесе, онда шабаданды шошаладан шығарып қажеті жоқ. Мыңдаған шақырым жол жүріп, жүздеген жаңа танысты жолықтырып, сансыз соны әсер алып, танымы кеңейтіп, білімі артқан соң Жолаушының қайта айналып табар қазығы бар. Өзі. Ең үлкен таным – Өзіңді тану. Себебі өмірдің өзі – Сапар және Саяхат. Түптің түбінде, бәріміз – жолаушымыз. Бұл сапардан жеңсік ас, таңсық бұйым, көрген қызықтың естелігін алып қайта ма, әлде жанына азық жинап, ойын өрістете ме – әр Жолаушының өз еркі. Мен тек бір сапардың қалтарысындағы көкірекке қонған пайымымды қағазға түсірдім.      

Гүлбиғаш ОМАР

Англия, Ньюкасл апон Тайн

Мамыр, 2017 жыл