Тоғызқұмалақтан «Айқын» өткізген турнир

Тоғызқұмалақтан «Айқын» өткізген турнир

Тоғызқұмалақтан «Айқын» өткізген турнир
ашық дереккөзі
«Алматы Арена» спорт кешенінде журналистер арасында тоғызқұмалақтан Aikyn Media Open турнирі өтті. Бұл шара «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің 13 жылдық мерейтойына орай өткізілген кезекті шара. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін редакция ұжымы шахмат шеберін анықтайтын дүбірлі дода ұйымдастырған еді. Тоғызқұмалақ турниріне Алматы қаласының журналистерінен бөлек, Астана, Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы облысының өкілдері қатысты. Жалпы саны 10 жұп – 20 журналист бақ сынады. Ойынға тоғызқұмалақтан ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаева мен бірінші дәрежелі төреші Азамат Қалдыбаев төрелік етті. Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы: –Бүгінгі өткізіліп жатқан турнир Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен орайлас келеді ғой деп ойлаймын. Өйткені ұлтымыздың барлық асыл қасиетін кейінгі жас ұрпақ бойына сіңіруі қажет. Тоғызқұмалақты ақпарат майданының алдыңғы шебінде жүрген журналистер ойнаса, ақылына-ақыл, нақылына нақыл қосылмай ма деген ой бар. Сондықтан осы турнирді өткізуге ниет етіп, алғаш рет бастап отырмыз. Турнирдің сәтті өтуі әріптестеріміздің белсене қатысуына байланысты. Журналистер олжалы болып, оза шауып жатса, бәрімізге де қуаныш. Жарыстың сәтті өтуіне Халықаралық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменова мырза тілектестігін білдіріп отыр. Тоғызқұмалақ әлем халқы ойнайтындай, компъютерлік жүйеге енгізілді. Бұл қазақтың ұлттық ойынының мерейлі биікке көтерілгені. Мұны бәріміз де қуана қолдауымыз қажет. Сондай-ақ,  қазақ ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті  Бекболат Тілеухан мырза да ұлттық ойын түрлерін дамытуға белсене атсалысып жүргенін бәріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жолы да қауымдастық журналистер арасында өтіп жатқан  сайысқа демеушілік жасап отыр. Сондықтан жүлде қоры қомақты. Тек ақылмен, оймен, қисынмен, тоғызқұмалақтың тартысты өтуіне атсалысуымыз қажет. Үздік шыққандар мен ойын барысында жақсы нәтиже көрсеткендерге демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табыс етілді. Атап айтқанда, «Айқынның» ынталандыру сыйлығына Гүлмира Аймағанбет («Астана ақшамы» газеті), Өмірбек Сансызбаев (massaget.kz) және Асхат Шотаев (ОҚО, блогер) ие болды. «Қамшы» ақпараттық порталының тілшісі Алина Болатбек «Үздік ойыншы» атанса, ҚазАСТ баспасөз хатшысы Бану Нүсіповаға демеушілердің арнайы сыйлығы табыс етілді. Жүлделі үшінші орынды «Үркер» журналының тілшісі Нұрлан Құмар, екінші орынды блогер Бақытжан Қаділбек иеленді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ғабит Сапарбеков жүзден жүйрік шығып, бас бәйгені жеңіп алды. Жеңіс тұғырынан көрінген жүлдегерлерге ақшалай сыйлық, бас жүлде иегеріне Түркияның Анталиясына екі адамға ұшақ билеті табысталды. «Айқын» газеті мүшел жасына орай «13 жылдыққа – 13 шара» атты бастама көтерген болатын. Осыған дейін түрлі турнирлер, кездесулер өткізілді. Алда әлі алты шара бар. Әр жарыстан кейін қатысушылар «Айқын енді қандай турнир ұйымдастырар екен?» деген оймен тарқасады. Қазақтың ескі салты – мүшел тойын отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлап өткеретін газет ұжымының айтуынша, бәсекеге толы бәйгелер енді басталады.