Түзеу мекемесінде кірпіш зауыты ашылды
Түзеу мекемесінде кірпіш зауыты ашылды
Қызылорда облысының түзеу мекемесінде кірпіш зауыты ашылды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Жалпы, Қызылорда облысының түзеу мекемелеріндегі 727 жазасын өтеушінің жартысынан астамы ақылы еңбекпен қамтылған. Құрылыс материалын шығаратын цехқа 31 адам жұмысқа орналасты. Түзеу мекемелеріне кәсіпкерлерді көптеп тарту нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны күн санап артып келеді.
Қазіргі таңда тігін, мүсін жасау, темір бұйымдарын дәнекерлеу және ірі көлемді кесек құятын өндірістік құрылымдар жұмыс жасайды. Мұнда қатаң күзетілетін аймақта орналасқан ғимараттар тегін беріледі және арзан жұмыс күші жеткілікті. Сондықтан түрмеде өндірістік нысан ашу кәсіпкерлер үшін тиімді.
Жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекет немесе жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарады. Ал бұл жағдайда олардың жазасы жеңілдеп, бостандыққа шығу мерзімі жақындай түседі. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 210 сотталушы босатылған.