Жаңалықтар

Отандық омарташылар Қытайға бал өткізеді

ашық дереккөзі

Отандық омарташылар Қытайға бал өткізеді

Шығысқазақстандық омарташылар Қытай еліне бал өткізуді жоспарлап отыр, – деп  хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, қазіргі уақытта екі тарап арнайы құжаттарға қол қойып, өзара өнім алмасуға келіскен. Бүгінде ел омарташылары іріленген кооперативке бірігу үстінде. Еліміздегі бал шаруашылықтарының 80 пайызы ел шығысында орналасқан. Өңір қожалықтарында балдың түр-түрі өндіріледі. Ресей, Моңғолиямен байланысқа шыққан Шығыстағы шаруалар енді Қытай елінің тұтынушыларымен келісім жасасты. Отандық балдың 5 сұрпын саралап, тиісті деңгейде бағалаған олардың да табиғи таза өнімге деген сұранысы артып отыр. Бүгінде елімізде 1500 омарташы бірігіп, кооператив құрған жайы бар. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында бұл сала енді дамып келеді. Қалған өңірде отбасылық деңгейде қолға алынған. «Кооперативке бірікпей, ұтамын деуге болмайды. 100 мың омартаң болса да, Қытай кәсіпкерлерімен әріптес болу қиын. 300 мыңнан жоғары және өнімді қаптау цехы мен арнайы қоймасы бар омарташылар ғана осындай мүмкіндікке ие бола алады», – дейді Қазақстан омарташылар қауымдастығының өкілі Федор Краузе. Қазақстанда жылына 10 мың тонна бал өндірілсе, оның үштен бірі ғана экспортқа шығарылатын. Ал Қытайға 300 келіден мың тоннаға дейін бал жіберу көзделуде.