«Obamacare»: Трамп тиімді жүйеден неге бас тартты?

«Obamacare»: Трамп тиімді жүйеден неге бас тартты?

«Obamacare»: Трамп тиімді жүйеден неге бас тартты?
ашық дереккөзі
Алпауыт АҚШ билігіне Дональд Трамп келгелі бері әлем елдері бұл елден назарын аударған емес.  Таққа отырған Трамптың қызметі жайлы талқылаулар әлі де саябырсымады. Сайлауалды сөзінде Трамп билік басына келсе, бұрынғы президент енгізген денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасынан бас тартатындығын ескерткен. Сөйтіп, заң жобасын алмастыруды арнайы дауысқа да салды.  Бірақ дауыс беру нәтижесі Америка президенті күткендей болмады.

«Obamacare» сәтті жоба ма?

«Obamacare» деген не? Дональд Трамп бұл заңнан неге бас тартты? Трамптың жоспары неліктен жүзеге аспады? Бәрін басынан бастайтын болсақ, 2008 жылы Барак Обама билік басына келгенде сақтандыру реформасы кезекті рет Ақ Үйдің басты мәселесіне айналған-ды. Обама да сайлауалды сөзінде елдегі медициналық жүйені өзгертетіндігін мәлімдеді. Тіпті, бұрынғы медициналық жүйеден бас тарту АҚШ президенттері үшін әдетке айнала бастағандай. Бір ерекшелігі, Барак Обама жүйені алмастыруға бірден білек сыбана кірісіп кетті. Осылайша, Америка билігі 1990 жылы елде болған жүйеге ұқсас жаңа сақтандыру жобасын бекітті. Жаңа жүйе бойынша, тұрғындардың медициналық сақтандырылуы міндеттелді. Үкімет сақтандырусыз азаматтарға айыппұл салып, одан түскен қаржыны әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды сақтандыруға жұмсайтындығын ескертті. Қазір қарап отырсақ, Қазақстанның екінші рет медициналық сақтандыру жүйесіне ауысуы Обаманың өзгертулеріне ұқсас секілді көрінеді. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп енгіземіз деген Денсаулық сақтау министрлігі үлгіні АҚШ-тан алуы да бек мүмкін. Хош, Обама өзінің бұл жоспары саяси қарсыластары тарапынан қолдау табады деп үміттенген-ді. Бірақ Обама оңбай қателесті. Республикашылдар президентпен серіктесуден мүлдем бас тартты. Тіпті, рсепубликашылдар Барак Обаманың жаңа жүйесіне жағымсыз термин ретінде «Obamacare» деген айдар тақты. Уақыт өте келе бұл атау реформаның негізгі атауын («Қолжетімді медициналық қызмет және науқастарды қорғау» туралы заң) ұмыттырып жіберді. Республикашыл конгрессмендер қолдау білдірмесе де, «Obamacare» 2010 жылы қабылданды.  Алайда жаңа заң жобасы америкалықтар арасында жаппай қолдауға ие бола қоймады. Ал Обаманың жақтастары осы реформа арқасында медициналық сақтандыруға қол жеткізгендер қатарына тағы 20 миллион америкалықтың қосылғанын айтады. Реформаға дейін халықтың 85 пайызы медициналық сақтандыруға ие болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 91 пайызға жетіпті. Медициналық сақтандыруы бар азаматтар мемлекеттен дотация алады. Ал сақтандыруы жоқ азаматтар жылына орта есеппен 995 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Шынын айтқанда, айыппұл мөлшері сақтандыруды сатып алу құнынан арзан. Сондықтан, америкалықтар айыппұл төлеп жүре беруді құп көреді. Бір кездері «Obamacare» реформасын сынға алушылар Конституция бойынша билік тұрғындарды бірнәрсе сатып алуға міндеттей алмайтындығын айтып, федералды сотқа шағым түсірген. Бірақ АҚШ Жоғары соты федералды соттың шешімін қабылдамай тастады. Сөйтіп, «Obamacare» өз жұмысын жалғастыра берді. Жұмыс берушілерді аптасына 40 сағат жұмыс істейтін қызметкерлерді медициналық сақтандырумен қамтамасыз ету міндеттелген. Дәл осы талап көптің көңіліне жақпады. Осыдан қашқан кейбір жұмыс берушілер жұмыс уақытын 30 сағатқа дейін қысқартып, азаматтарды табысынан айырды. Сонымен қатар, 50-ден артық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер оларға сақтандыруды сатып әперуі тиіс. Мұндай талаптан бас тартқан жұмыс берушілер штаттарын қысқартып, АҚШ тұрғындарының жұмыссыз қалуына себеп болды. Бірақ сақтандыруы бар азаматтар медициналық қызметке көңілдері толатындықтарын алға тартады.

Трамп сөзінде тұра ма?

Көпшіліктің көңілінен шықпаған «Obamacare» 7 жыл бойы жұмысын жалғастырып келеді. Дональд Трамптың сайлауалды сөзінде осы жобаның жұмысын тоқтатамын деуі кейбір америкалықтарды қуантқаны жасырын емес. Өз сөзінде Трамп «Obamacare» жобасынан бас тартып, тіпті, оны алмастыратын жаңа жүйенің жобасын да әзірлеп қойғандығын алға тартқан-ды. Республикашылдар партиясы «Obamacare» арқылы мемлекеттің шығыны артқандығын атап айтып, қарсылық білдіргендерімен, соңғы сәтте Обаманың жобасынан бас тарта алмады. Сөйтіп, республикашылардың көшбасшысы «Obamacare»-дің өз жұмысын жалғастыра беретіндігін хабарлады. Ал Дональд Трамп бұған еш қаймықпады. Керісінше, президент «Obamacare» жобасы өз жұмысының сәтсіздігінен күлі көкке ұшады деп сенім артты. «Жаңа заң жобасын енгізуге шақ қалдық. Дауыс нәтижесі аз ғана болды. Бізде демократтардың қолдауы болмады. Енді «Obamacare» біраз уақытқа дейін өз арнасымен жұмысын жалғастыра берсін. Ары қарай қалай боларын көреміз», – деді Дональд Трамп. Президенттің пікірінше, аз уақыт ішінде «Obamacare» өзінің тұрақсыздығын көрсетеді. Жыл басынан бері талқыға түскен «Obamacare» тақырыбы наурыз айынан кейін біраз саябырсығандай болып еді. Бірақ сәуір айында Дональд Трамп елдегі денсаулық сақтау жүйесінен бас тарту туралы ойын тағы да жариялады. Дональд Трамптың сәт сайын бұл жобаны ойға алатынын ескерсек, түбінде «Obamacare» өз жұмысын тоқтатын тәрізді. Әзірге, АҚШ президенті «Obamacare»-дің талапқа сай жұмыс істемейтіндігін, ел ішінде ретсіздік туындатып жатқандығын айтумен шектелуде. «Елде ерекше салық реформасы болады. Бірақ оған дейін денсаулық сақтау мәселесімен айналысқанды жөн көрдім», – дейді АҚШ президенті. Президенттің сөзінше, салық жүйесін денсаулық сақтау реформасынан кейін өзгерту ақылға қонымдырақ. Сонда да, Дональд Трамп «Obamacare» жобасының қашан тоқтайтындығы жөнінде нақты мәлімет бере қоймаған-ды. Бірақ мамыр айының басында «Obamacare» жүйесінен бас тарту үшін дауыс берді. Бұл жолы «Obamacare» жобасын тоқтатуға палата өкілдерінің 217 мүшесі қолдаса, 213 адам қарсы дауыс берді. Ал бұл жақын арада «Obamacare» өз жұмысын тоқтатады деген сөз.