Алма-кезек дүние...

Алма-кезек дүние...

Алма-кезек дүние...
ашық дереккөзі
Өткен аптада оңтүстіккореялықтар жаңа президенттерін сайлады. Сайлауда қарсыластарынан айқын басымдықпен жеңіске жеткен либерал Мун Чжэ Ин салтанатты инаугурациядан бас тартып,  дауыс беру нәтижесі белгілі бола салысымен қызметіне кірісіп кетті. Елдің бұрынғы президенті Пак Кын Хе коррупциялық жанжалмен қызметінен шеттетілгеннен кейінгі биліктегі вакуумды жою үшін Мун Чжэ Ин жақын күндері ірі кадрлық өзгерістер мен тағайындаулар жасамақ. 64 жастағы либерал президент ретінде сөйлеген алғашқы сөзінде Корей түбегіндегі «қауіпсіздік дағдарысын реттеуге» бірден кірісетінін мәлімдеді.  «Қажет болса, Вашингтонға, Бейжіңге де, Токиоға да барамын, тіпті мүмкіндік болса Пхеньянға да барамын», – деді ол. Өзіне қолдау білдірген қауымға уәдені үйіп-төккен жаңа көшбасшы Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасы мен зымыран сынақтарынан бас тартуға көндіре ала ма? Оңтүстік Кореяда өткен бұл жолғы президент сайлауында  дауыс берушілер саны соңы 20 жылда бірінші рет көп болды. Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Мун Чжэ Ин 41,1 пайыз, консерваторлар кандидаты Хон Джунпхе 24 пайыз, центрист Ан Чхольсу 21,4 пайыз дауыс жинады. Қарсыластарынан айтарлықтай басым түскенімен, Мун оңтүскореялықтардың көпшілігінің қолдауына ие бола алмады. Оның жеңісі – елдегі шиеленіскен саяси жағдайдың, ең әуелі, бұрынғы президент Пак Кын Хенің импичментінің арқасы. Мун Чжэ Ин экс-президент Пак ханымның отбасымен бұрыннан бақталас. Студенттік шағында, 1970 жылдары Пак Кын Хенің әкесі – әскери диктатор, генерал  Пак Чон Хиға қарсы наразылық шарасын өткізгені үшін  түрмеге түскен. Алдыңғы президент сайлауында 48 пайыз жинап, генералдың қызынан сәл ғана қалыс қалған Мун бұл жолы дегеніне жетті. Елде кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім 10 наурызда, Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты Пак Кын Хе импичментін бірауыздан қолдағаннан кейін қабылданған болатын. Пак ханымның биліктен шеттетілуіне сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар және құрбысы Чхве Сун Сильмен мемлекеттің құпия мәліметтерін бөлісті деген айыптаулар себеп болды.  Өткен жылдың қазан айында жергілікті БАҚ-та Пак Кын Хенің жастық шақтан бергі досы, ешқандай мемлекеттік лауазымы жоқ Чхве ханымға мемлекеттік құпияға жататын құжаттарды ұсынғаны, ол басқаратын қорларға ірі көлемде мемлекеттік компаниялар қаржысын аударғаны жайлы хабар жарияланғаннан кейін мемлекет басшысы жылдар бойы жинаған абыройынан бір-ақ күнде айырылды. Оңтүстіккореялық басылымдар Пак Кын Хе көпшіліктің алдында сөйлейтін сөзі мен үндеулерін жарияламас бұрын құрбысына оқытып, түзеттіріп отыратынын жарыса жазды. Чхве ханым өзінің билікке ықпалын пайдаланып, оңтүстіккореялық ірі корпорациялардың қаржысын өзіне тиесілі екі коммерциялық емес қордың шотына аудартқызған. 52 компания мен 19 бизнес-топтың 70 миллион доллардан астам қаражатын қалтасына басқан. Құрбысының кесірінен басы дауға қалған Пак Кын Хе 2017 жылдың 30 наурызында түрмеге қамалып, биліктен ғана емес, бас бостандығынан да айырылды. Бұл жағдай онымен бұрыннан бақталасып келе жатқан Мун Чжэ Иннің оң жамбасына келгені айтпаса да түсінікті.

«Жаңа биліктен түбегейлі төңкеріс күтудің қажеті жоқ»

Оңтүстік Кореяда президенттің өкілеттілігі кең, бірақ екінші рет президенттікке түсу құқығынсыз бес жылға ғана сайланады. Сондай-ақ, ел конституциясында сайлаудың екінші турын өткізу мүмкіндігі қарастырылмаған. Яғни, үміткер салыстырмалы түрде басым дауыс жинай алса болғаны. Алдағы бес жылда Оңтүстік Кореяны басқару құқығына ие болған Мун Чже Ин де салыстырмалы басымдықпен жеңіске жетті. Алыс-жақын мемлекеттерден құрметті меймандарды шақырып, салтанатты ұлықтау рәсімін өткізуден бас тартқан президент әріптестерінің көпшілігінен жазбаша құттықтау алды.  Оладың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған жеделхат та бар. Өз құттықтауында Елбасы Мун Чже Инді кезектен тыс президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған зор денсаулық пен табыс, ал достас корей халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. «Сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен өмірлік тәжірибеңіз Оңтүстік Кореяның одан әрі өркендеуі мен дамуына, сондай-ақ, елдің әлемдік аренадағы рөлін арттыра түсуге мүмкіндік береді деп сенемін. Биыл Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толғанын атап өтеміз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Астана мен Сеул ынтымақтастығының аясы жан-жақты кеңейіп келеді. Екіжақты қарым-қатынасымыз алдағы уақытта да стратегиялық серіктестік рухында дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Мун Чже Инді Қазақстанға келіп, екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға шақырды. Мун мырзаның жақын арада Қазақстанға келе қоюы екіталай. Бұрынғы басшылықты Солтүстік ядролық бағдарламаға тосқауыл бола алмады деп сынаған жаңа президент негізгі күшін Пхеньянмен тиімді диалог орнатуға жұмылдырмақ. Ол ең әуелі Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасы мен зымыран сынақтарынан бас тартуға көндіріп, АҚШ-пен арада туындап келе жатқан сауда жанжалын реттеуге ниетті. Яғни, Вашингтон мен Пхеньянға жиі қонақ болады деген сөз. Сайлаудың ресми қорытындысы жарияланғанға дейін жасаған мәлімдемесінде Мун Чжэ Ин жаңа ұлт құрып, Кореяны ұлы мемлекетке, абыройлы елге айналдырамын деп уәде берді. «Абыройлы ұлттың абыройлы президенті боламын» дегенді де зор сеніммен айтты. Мунның тағы бір уәдесі – Оңтүстік және Солтүстік Кореяны біріктіру. Алайда Ресей Ғылым Академиясы Қиыр Шығыс институтының корейтану орталығының қызметкері, белгілі сарапшы Константин Асмоловтың пікірінше, жаңа президенттің бұл мәселедегі стратегиясы нанымсыз. «Солтүстік Корея әуелі демографиялық реформалар жүргізіп, өзінің ядролық қаруларының көзін құртуы керек. Содан кейін ғана біз онымен экономикалық ынтымақтастық туралы сөйлесе аламыз. Мун мәмілеге бастайтын нақты қадамдар ұсынып отырған жоқ», – дейді маман. Сонымен қатар, Мун Чжэ Ин Оңтүстік Корея аумағына THAAD –  америкалық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін орналастыру мәселесін қарастыратынын айтты. Бұл мемлекеттің ең ірі сауда серіктесі – Қытайға ұнай қоймасы анық. Өйткені Аспан асты елі  Сеул THAAD жүйесін ҚХР аумағына бағыттап, қытайлық зымырандардың ұшу-қонуын бақылауға алуы мүмкін деп алаңдайды. Десе де, Асмоловтың ойынша, Оңтүстік Кореяның АҚШ-қа саяси тәуелдігі Қытайға экономикалық тәуелділігінен айтарлықтай басым. «Оңтүстік Кореядағы саяси жүйе – суперпрезиденттік. Оңтүстіккореялық президенттің өкілеттігі Ресей президентінікінен артық болмаса, кем түспейді. Ал премьер-министр сән-салтанат үшін отырған адам, лауазымында көп болса бір-екі жыл отырады да, дау-дамай туа қалса басты айыпты ретінде қызметінен кетеді», – дейді Константин Асмолов.  Батыс сарапшыларының пікірі де осыған саяды. Олардың айтуынша, Оңтүстік Кореяның жаңа билігінен түбегейлі төңкеріс күтудің қажеті жоқ. Өйткені  стратегиялық мақсаттарды толық орындауға бес жыл аздық етеді. Жаңа басшының бір-бір жарым жыл уақыты өз әкімшілігін жасақтауға, кадрлық ауыс-түйістерге арналса, соңғы жылын сылбыр тірлікпен өткізеді – өйткені президенттікке қайта сайланбайтынын біледі. Яғни, президенттің тиімді жұмыс істеуге, елге берген уәделерін орындауға небәрі 2,5, асып кетсе 3 жыл ғана уақыты қалады. Бұрынғы президент импичментінен кейін мемлекет басшысына қойылар талап өскенін түсінген Мун мырза уақытын текке шығындай қоймас. Әйтпесе, импичменттің дәмін бір татқан корейлер оған дәнігіп алмасына кепілдік жоқ.