Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі
Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі
Дәл қазіргі кезде халықты жұмыспен қамту күн тәртібіндегі мәселелердің көш басында тұр. Еңбекке қабілетті жандар дұрыстап іздесе, екі қолға бір күрек табары анық. Дегенмен, халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған немесе әлсіз қорғалған тобындағылар үшін кез келген жұмыс – күнкөрістің бірден-бір көзі болып тұрғаны да бүгінгі күннің ащы шындығы. «Нұр Отан» партиясы осы мәселе оң шешімін табуын мұқият назарда ұстап келеді.
Апта басында «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалында партияның Сайлауалды бағдарламасындағы «Халықтың әлеуметтік тұрғыдан алғанда әлсіз тобын жұмыспен қамту» бағытын орындау бойынша партиялық куратордың отырысы өтті. Жиында бүгінгі күні облыстағы еңбек нарығында қалыптасып отырған жағдай жан-жақты талқыланып, жаңа жұмыс орындарын ашудың тың жолдары қарастырылды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың аталған мәселені шешудегі аса маңыздылығы да арнайы сөз болды. Сонымен бірге, жаңа бос орындар ашуға арналған сандық тұғырнама құру жайлы ойлар ортаға салынды.
Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева хабарлама жасады және дәл қазіргі кезде облыстағы еңбек нарығының тұрақтылығын жеткізуге тырысты.
– Өткен жылы өңірдегі экономикалық тұрғыда белсенді болып саналатын тұрғындар саны 1 миллион 34 мың адамды құраса, олардың 985 мыңнан астамының тұрақты жұмыс орны бар. Жыл қорытындысында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 280 мың болғаны анықталды. Сондай-ақ, он екі айда 33622 адам жұмысқа орналастырылып, 2015 жылмен салыстырғанда еңбекпен қамтылғандар саны біршама артты. Еңбекпен қамту барысында бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған тобындағылардың жұмыс табуына көңіл бөлдік. Алдағы кезде де бұл бағыттағы шаралар тұрақты назарда болып, жалғаса бермек, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары.
Биыл Алматы облысына «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында 8,5 миллиард теңге бөлініпті. Осы қаржыға бір жыл ішінде 25 157 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отырған көрінеді. Жыл басынан бергі кезеңде жаңа кәсіпорындар ашу және шағын және орта бизнесті дамыту есебінен өңірде 4298 жұмыс орны құрылғанын ескерсек, биылғы жоспар артығымен орындалуға тиісті.
Отырыс соңында мемлекет тарапынан жұмыс орындарын құруға қомақты қаржы қарастырылып, жан-жақты қолдаулар көрсетіліп отырғаны айтылды. Ендігі мақсат сол қаражатты тиімді игеріп, қолдауларды дұрыс пайдаланып, халықты, оның ішінде әлеуметтік әлжуаз топтағыларды еңбекпен қамтуға баса назар аудару керектігі ескертіліп, бірқатар ұсыныстар ортаға салынды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі Солтүстік Қазақстандағы нұротандықтардың да басты назарында. Жуырда Петропавлда Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 600-ге жуық түлегі үшін жыл сайынғы бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ізденушілер арасында мүмкіндігі шектеулі түлектер де болды.
Іс-шараға облыс орталығының 80-нен астам жұмыс берушісі қатысты. Жастарға жұмысқа орналасуына өз көмегін жетекші мемлекеттік органдар және қала кәсіпорындары берді. Олардың қатарында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, Kaspi Bank, Евразиялық банк, Әділет департаменті, Ішкі істер департаменті және т.б. мекемелер болды. Осы жылы ЖОО күндізгі оқу бөлімін 590 студент тәмамдайды, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі студенттер де бар. Солардың бірі – педагог-психолог мамандығын алып шыққан Диана Сәбитова.
– Мен екі мектепте тәжірибеден өттім. Екі жыл Петропавл қаласындағы №17 мектепте, бір жыл – сегізінші мектепте. Маған балалармен жұмыс істеу өте ұнайды. Олармен тез ортақ тіл табыса аламын. Мамандығым бойынша болашақта жұмыс табатыныма сенемін, – деп атап өтті Диана Сәбитова.
Мүмкіндігі шектеулі студенттерді жұмысқа орналастыру бойынша жұмысты аймақтық партиялықтар бақылауда ұстайды. «Нұр Отан» партиясы «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында жастарды жұмысқа орналастыруды жүзеге асыруда. Басты бағытымыз – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды жұмысқа орналастыру», – дейді «Нұр Отан» партиясы «Болашақ» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель.