Жаңалықтар

Тәуелсіздік жылдарындағы үздік шығармалар іріктеледі  

ашық дереккөзі

Тәуелсіздік жылдарындағы үздік шығармалар іріктеледі  

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттердің бірі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет»  жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Құжатты талқылауға жазушылар, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысты. Жаһандағы қазақстандық заманауи мәдениетті дамыту еліміздің мәдени игілігін арттырып, әлем елдерінің алдында абыройын асқақтата түседі. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, Алматыда алғашқы отырыс өткізді. «Бұл мақала – үлкен бағдарлама. Ол бір ай емес, екі ай емес, жылдарға арналған бағдарлама. Сондықтан біздің рухани, мәдени өміріміздің жаңғыруына үлкен септігін тигізеді деген сенімдеміз. Бұл идеологиялық платформа болғаннан кейін, барлық қоғам өкілдерінің атсалысып, қоян-қолтық жұмыс істеп, біздің арнайы топ соның алдыңғы қатарында болуы керек деп ойлаймын», – деді ҚР Президенті әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева. Жұмыс тобының мүшесі ғалым Ерлан Саиров: «Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» атты жобадағы негізгі мақсат – барлық шығармашылық орта өкілдерінің басын қосып, Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыру. Соның бірі – келесі жылдан бастап, БҰҰ-ның алты тілінде қазақ тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнері, театр, кино салалары бойынша үздік туындыларды халықаралық деңгейге шығару. Бұл жоба халық арасында әлеуметтік оптимизм тудырады. Сонымен қатар болашақта Қазақстанның стратегиялық ресурстарын жасайды деп ойлаймын. Өнер саласында жұмыс тобы құрылды, сол жұмыс тобы аясында сарапшылар шақырылады», – деді ғалым. Сарапшылар тобы шорт-парақ арқылы жұмыс істейді. Атап айтқанда, Қазақстандағы өнердің 4 бағыты бойынша ең үздік туындыларды жинайды. Комиссия бұл жолы әлемге насихатталатын ең үздік шығармаларды тізіп шықпақ. Президент мақаласында атап өткен «Заманауи мәдениеттің үздік үлгілерінің тізбесін» бекітіп, іріктеу осы жұмыс тобына тапсырылып отыр. Туындыларды іріктеу бірнеше критерийлер бойынша жүзеге аспақ. Жұмыс тобының мүшелері кездесуде шығармаларды іріктеу қағидаттарымен жіті танысып, өз ұсыныстарын алға тартты. «Талғам, іріктеп, сұрыптап алған кездегі қандай көркемдік деңгеймен қарастыру керек, осы мәселелер шындығында, біздің ұлттық шығармалардың сыртқа өзінің көркемдік деңгейінде ұсынылуы үшін маңызды», – деді «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Любовь Шашкова да аталмыш жоба жөніндегі пікірімен бөлісті. «Әлемде басылып жатқан, театр сахналарында қойылып жатқан, музыкалық алаңдарда орындалып жүрген корифейлерді танимыз, классика мен ұлы фольклорды білеміз, бірақ тәуелсіздік жылдары Қазақстанда қандай туындылар жарыққа шықты, жастар не жазды, міне осыны таныту – міндет», – деді ол. Жиында үздік шығармаларға қойылатын талаптар да айтылды. Біріншіден, туынды Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде дүниеге келген болуы шарт, екіншіден, қоғамда халық мойындаған, танылған авторлар болуы керек. Үшіншіден, жарық көрген туынды (кітап, фильмография, театр қойылымы, көрмелерге қатысу, т.б.) қоғамда танымал болуы тиіс. Төртіншіден, жаңашылдығымен, бірегейлігімен, зияткерлігімен, образдылығымен, ұлттық болмысымен ерекшеленуі шарт. Бесіншіден, жоғары кәсіби деңгейге, мәдени, әдеби талғамға, сахналық мәдениетке сай болуы қажет. Алтыншыдан, зорлық-зомбылықты, діни араздықты, нашақорлықты насихаттамауы тиіс. Жетіншіден, іріктеу кезінде Қазақстан аумағында тұратын барлық мәдениет өкілдері, ұлттық палитра ескерілуі қажет. Жиын барысында әр түрлі саладағы өнер мен әдебиеттің тұлғалары өз ұсыныстарын ортаға салды. Бірі – ұлттық классикалық музыкамызды жаңғыртып, алға ілгерілету қажет десе, екіншілері – көркем шығармаларды аудару кезінде кемшін тұстарымыздың байқалып қалатынын айтып, аудармашылар бюросын құруды ұсынды. Осылайша, арнайы комиссия іріктеп алынатын шығармалар шетелдік аудиторияға бағытталмақ. Жұмыс тобын екі ведомство үйлестіріп отырады. Ол Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және Спорт министрлігі. Ең үздік деп танылған туындыларды ұлттық комиссия бекітеді. Үздік шығармалардың тізіміне енген туындыларды басып шығару мен оны әлем мемлекеттеріне таныстыру Сыртқы істер министрлігіне жүктеледі.