Дау дәрі бағасынан басталады
Дау дәрі бағасынан басталады
Тұрғындар үшін аса қажетті тауарлардың бірі – дәрі-дәрмек. Бірақ елімізде дәрі-дәрмек төңірегінде шешімін таппай жатқан мәселе көп. Дәріхана сөресіндегі препараттардың бағасы қымбат, ал тегін берілетін дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай жүргендердің саны көп. Одан бөлек отандық фармацевтика саласы көштен қалып, импорттық дәрі-дәрмекке жол беріп келе жатқалы қанша уақыт?!. Арагідік тұрғындар қолына сапасыз дәрілік заттардың түсіп жатқандығын да жұрт құлағы шалып қалады. Осы мәселенің бәрі өткен аптада парламенттік тыңдау барысында талқыға түсті.
Елімізде 900 фармаколог жетіспейді
Астана қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиын барысында ҚР Парламенті Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, парламенттік тыңдаулар дайындығы жөніндегі уақытша комиссияның жетекшісі Бейбіт Мамраев елімізде фармаколог мамандардың жетіспейтіндігін жария етті. Депутаттың дерегінше, Қазақстанда қызмет етіп жүрген 200-ге жуық фармакологтың тек 5 пайызы ғана аталған мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған. Ал қалған бөлігі бұл салаға өзге мамандықтардан келіп қосылған. Бірақ олардың барлығы да тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін жетілдірген. Яғни, арнайы сертификаттары бар. Бейбіт Мамраевтың мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде шамаман 900 фармаколог жетіспейді. «Бізге әлі де фармаколог мамандар жетіспейді. Парламентте өтетін тыңдалымға бірнеше сауал жолдадық. Үкімет бұл сұрақтарымызды назарға алады деп үміттенеміз. Кез келген клиникаға сауатты, арнайы білім бар фармакологтар қажет. Себебі ол ем жүргізудің ұтымды тәсілін реттей алады», – дейді депутат. Расында да, барлық емханаларда жоғары білімді, білікті фармакологтардың қызмет еткені абзал. Олар емханада сапалы фармацияны құрып, ауруға шалдыққандарды тиімді емдеуге үлес қосады және дәрі-дәрмектерді қабылдау тәртібін сауатты жүргізеді. Бүгінде еліміздегі емханаларда клиникалық фармакологтар қызмет етеді. Олар жалпы қабылданған дәрілердің адам ағзасына тигізетін әсерін зерттеп, дәрігерлерге ем тағайындау кезінде дұрыс көмек көрсетеді. Айта кетейік, әр медициналық ұйымда жоғары білімді клиникалық фармаколог болуы керектігі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған «Денсаулық» бағдарламасында көрсетілген. Клиникалық фармакологтың міндеті – науқасқа дәрі-дәрмек тағайындау. Онда да қалағанын жазбайды, тиімді, бағасы тұтынушыға ыңғайлысын ұсынады. Сондай-ақ, ол базалық тізімге енгізілген дәрі болуы керек. Денсаулық сақтау саласы мамандарының бұл қадамына екі жағдай түрткі болған. Біріншіден, еліміздің денсаулық сақтау саласына халықаралық тәжірибені енгізу. Екіншіден, кей дәрігерлердің қандай да бір компанияның мүддесі үшін жұмыс істеуін тоқтату. Негізінен, бұл жоба үстіміздегі жылдың соңына дейін толықтай жүзеге асырылуы тиіс. Ал бүгінде республика бойынша 8 мыңнан астам медициналық мекеме бар екенін ескерсек, фармаколог мамандардың жетіспеуі заңдылық секілді. Десек те, өткен жылдан бері фармаколог мамандарды дайындау ісі мықтап қолға алынған-ды. Бірақ біз атап өткен жиында Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев елімізге клиникалық фармакологтардың өте қажет екендігін және оларды дайындау үлкен мәселе туындатып жатқандығын атап айтты. Осы ретте депутат парламенттік тыңдалымда аталмыш мәселеге қатысты тиісті ұсыныстар әзірленеді деп сенім білдірген еді. Депутаттың тілге тиек еткен парламенттік тыңдауы өткен жұма күні өтті.Қордаланған мәселе көп, шешімі қайсы?
«Халықты тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында дәрілік заттармен қамтамасыз ету және ҚР-дағы фармацевтика саласының жағдайы мен дамуы туралы». Мәжілісте өткен кезекті парламенттік тыңдау осылай аталды. Жиында дәрі-дәрмек мәселесіне қатысты біраз түйткілдер талқыланды. Парламенттік тыңдауда белгілі болғандай, елімізде фармацевтикалық өндірісте шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Ең бірінші, өндіріс ошақтарының техникасы ескірген. Өз кезегінде бұл отандық өндірістегі шикізат тапшылығын тудырып, энерготасымалдаушылардың қымбаттауына байланысты тауардың өзіндік құнының өсуіне де әсер етті. Сондай-ақ, шетелдік өндірушілермен бәсекелестік мәселесі де күн тәртібінде тұр. ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің айтуынша, соңғы 10 жыл ішінде еліміздегі фармацевтика нарығының көлемі 7,2 есе ұлғайыпты. Жыл сайын кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында халықты дәрімен қамтамасыз етуге кететін шығын да ұлғая түскен. Егер 2011 жылы дәрі сатып алуға мемлекеттік бюджеттен шамамен 93 миллиард теңге бөлінсе, ал 2016 жылы бұл сома 164,8 млрд теңгеден асты. Сонда да, әлі күнге тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүргендердің қарасы қалың. Есепте тұрған науқастар арнайы дәріханалардан қажетті дәрісін таба алмай жүргендіктерін айтып шағымдануын тоқтатқан емес. Әсіресе қант диабеті мен жүрек-қан тамырлары ауруына қолданатын препараттар жоқтың қасы. Ал фармацевтер мұны дәрі-дәрмектің уақытылы жеткізілмеуімен байланыстырады. «Қыруар қаржының бөлінгеніне қарамастан фармацевтика саласының шешімін таппай жүрген түйіндері өте көп. Бүгінде елімізде фармацевтика өнімін өндіретін 100-ден астам кәсіпорын бар. Соңғы 10 жылда өнім көлемі 7 есе артты. Осыған қарамастан, халқымызды толығымен дәрілік заттармен қамтамасыз ете алмай отырмыз», – деп атап өтті Нұрлан Нығматуллин. Қазақстанда 112 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 51-і – дәрі-дәрмек өндірумен, 61-і – медициналық бұйымдар шығарумен айналысады. 12 отандық кәсіпорын халықаралық GMP стандарттарына сәйкес келеді. Бір өкініштісі, оның игілігін көріп отырған қарапайым халық аз. Сондықтан, елдегі кәсіпорындарды жіпке тізіп, олардың көптігімен мақтану асығыстық.«Дәріхана басшыларын жазалау керек»
Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен кейінгі мәселе – бағасының қымбаттығы. Жиын барысында Денсаулық сақтау министрлігі дәрі бағасын мемлекеттік реттеуді енгізгеннен кейін фармацевтика нарығында біраз өзгерістің орын алатындығын ескертті. Ал бұл өзгерістер шарықтаған бағаны тұсауға сеп болмақ. Сарапшы мамандардың деректеріне сүйенсек, өткен жылы фармацевтика нарығында 458 миллиард теңге айналымда болған. Оның 60 пайызы – тұрғындардың қалтасынан шыққан қаражат. Бұл сандар соңғы уақытта дәрі-дәрмек бағасының қаншалықты қымбаттағанының дәлелі. Дәрілік заттар құнының қымбаттауына не себеп? Бұл сауал төңірегінде талай уақыттан бері бас қатырып жүргендер көп болса да, нақты жауабын әзірге ешкім айта алған жоқ. Ал депутаттар бағаның қымбаттауын ақшаға құныққан алыпсатарлардан көріп отыр. «Уәкілетті орган биыл «Димедролды» сатып алу бағасын 6 теңге 99 тиын деп белгіледі. Ал бөлшек саудада бір ампуласы 22 теңге, яғни 3 есе қымбат. Мұны ешкім қадағаламайды. Бәрі нарыққа сілтейді», – деді жиын барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин. Спикердің айтуынша, биыл Денсаулық сақтау министрлігі «В» вирустық гепатитіне қарсы вакцина үшін шекті бағаны бір дозасына 148 теңгеден бекіткен. Бұл ретте өндірушінің тіркелген вакциналарының шынайы бағасы бір дозасы үшін 420-6960 теңге аралығында құбылады. Ал дистрибьюторлар мен дәріханалар қосатын үстемеақы орташа алғанда әр кезеңде 40-50 пайызға дейін жетеді. Нұрлан Нығматуллин бағадағы бейберекетсіздікті жою үшін Елбасының биылғы Жолдауда «заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізуді» жүктегенін қаперге салды. Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев дәрі-дәрмек бағасын бұрмалау мәселесін дәрілік заттарды өндірушіден сатып алушыға дейін қадағалау жүйесін енгізу арқылы шешуді ұсынды. Бердібек Машбекұлының сөзінше, дәрілік өнімдер өндірушіден сатып алушыға дейін бірнеше делдал арқылы өтеді. Сондықтан, мұның бәрін қадағалап, соған сәйкес дәріні қымбаттатуға қарсы тиімді шаралар қолдану қажет дейді Ақтөбе облысының басшысы. Ол өз сөзінде әкімдіктердің баға белгілеуде дәріхана басшыларына қандай да бір ықпал етуге өкілеттігі жоқтығын қадап айтты. Одан әрі әкім дәрі-дәрмек бағасын белгілеу кезінде маңызды рөл атқаратын бір мәселеге көпшіліктің назарын аударуды сұрады. Бұл – дәрі-дәрмекке сараптама жүргізу. Өткен жылы Дәрілік заттарға сараптама жүргізу ұлттық орталығында дәрілік заттарға сараптама жүргізудің қымбаттағаны айтылған. «Былтыр антигриппинге сараптама жүргізу 6 мың теңге болса, қазір 70 мың теңге, яғни қызмет құны 15 есеге артқан. Аспирин үшін өткен жылы 4 мың теңге төлесек, қазір 60 мың теңге төлеу керек, яғни 15 есе өскен. Себебі неде? Бірнеше рет жаздық, бірақ түсінікті жауап алған жоқпыз. Сонда технология өзгерген бе немесе дәрі сапасы өзгерді ме? Әрине, мұның бәрі дәрінің бағасына әсер етеді», – деп түсіндірді Бердібек Сапарбаев. Дәрі-дәрмек нарығында бағаны бақылауға әкімдер де қауқарсыз. Ақтөбе облысының басшысы дәріхана қожайындарын жазалауды ұсынды. 2015 жылдан бастап медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі дәрілер бағасын мемлекет бақылауға алған. Яғни, алыпсатар өзіндік құнға 25 пайыздан артық қоспауы керек. Қалғаны нарықтың еркінде. Енді жаңа заң бойынша, дәріхана сөрелеріне түскен барлық препараттардың бағасы бақылауға алынады. «Мәселен, көтерме баға 8-20 пайыз аралығында бекітіледі. Қымбат препараттардың пайызы төмен, ал адамдар көп тұтынатын арзан дәрілерге көп пайыз қосуға болады деп белгілейміз. Өйткені оларды сатуға қызығушылық болу керек. Әйтпесе тапшылық болуы мүмкін. Тұжырымдама толық дайын болған соң, қанша үнем болатынын айтамыз», – дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Аталған заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Күзде Парламент қарауына беріледі деп жоспарланып отыр.Еуропалық жүйе енгізілмек
Парламенттік тыңдау кезінде Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда дәрі-дәрмек айналымын бақылаудың еуропалық жүйесі енгізілетіндігін мәлімдеді. Яғни, дәрі-дәрмектердің өндірушіден науқасқа дейінгі қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілмек. «Дәрі-дәрмек айналымын бақылау және нарыққа контрафактілі өнімдердің еніп кетпеуі үшін еуропалық елдер тауардың әр қорабына 2D-кодтарды енгізу бойынша қарар қабылдаған. Осындай жүйенің Қазақстанда енгізілуі дәрі-дәрмек айналымын бақылап, есептеп отыруға жол ашады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ортақ фармацевтикалық нарығы іске қосылды. Енді Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армениядағы өндірушілер дәрі-дәрмектерді тіркеп, нарыққа шығару үшін бірыңғай ережелерді қолданады. Жаңа тәртіп нарықты қауіпті дәрілерден тазартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге фармацевтикалық зерттеулерге рұқсат беру, баға белгілеу, бөлшек сауда, мемлекеттік сатып алу және медициналық жарнама салаларын экономикалық одаққа мүше елдердің әрқайсысы бұрынғыдай өздері реттейтін болды. Өндірушілер үшін арнайы өтпелі кезең енгізілген. Яғни 2020 жылдың аяғына дейін олар өнімді өз елінің ережесі бойынша немесе Еуразиялық экономикалық одақ қағидаттарына сәйкес тіркей алады. Ал тұтынушылар бұл өзгерістерді кейінірек сезеді. Өйткені дәрі-дәрмекті тіркеу мен нарыққа шығарудың арасында 7-10 ай уақыт өтуі мүмкін. Айта кетейік, Еуразиялық одаққа мүше елдердің фармацевтикалық өнім бойынша өзара сауда-саттық мөлшері 400 миллион АҚШ долларына тең. Басқа елдердің импорты 10 млрд АҚШ долларынан асады. Дәрі-дәрмекке қатысты қордаланған мәселелер талқыға түскенімен, нәтижесінің қандай болары әлі беймәлім. Тіпті, жұртшылық дәрі-дәрмек бағасының арзандайтындығына және тегін дәрілік препараттар мәселесінің шешілетіндігіне сенуден қалған. Оған себеп те жоқ емес. Талай талқыға түскен дәрі-дәрмек түйткілдерінің түйіні тарқайтын уақыт әлдеқашан жеткен еді. Бірақ... Баяғы жартас – сол жартас.