Хиджабқа тыйым салды
Хиджабқа тыйым салды
Австрия парламенті паранжа, хиджаб, ниқаб және басқа да діни атрибутикасы бар, бетті толық тұмшалайтын және қол-аяқты бүркеп тұратын ұзын киім-кешекі қоғамдық орындарда киюге заңды түрде тыйым салуға дауыс берді. Енді Австрия аумағында осы тәртіпке бағынбағандар 150 еуро көлемінде айыппұл төлейтін болады, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұл шара көші-қон талаптарының бір бөлігі ғана, жаңа заңнамаға сәйкес, Құран кәрімді тегін таратқандарға да жаза қарастырылған.
Одан бөлек, аталмыш бастама аясында босқындар немесе сырттан келген көшіп-қонушылар бір жыл көлемінде арнайы курстарға барып, неміс тілін меңгеріп шығуға және австриялық қоғамның құндылықтарымен танысуға міндетті.
Сондай-ақ, бұдан былай босқындар міндетті түрде ақысы төленбейтін қоғамдық жұмыстарға тартылатын болады. Одан бас тартқан жағдайда, әлеуметтік жәрдемақыдан қағылады.
Елдің сыртқы істер және интеграция министрі Себастиан Курцтың айтуынша, осылайша, мигранттар Австрия халқының сеніміне кіріп, ықыласына бөлене алады. Босқын мәртебесін алу үшін өтініш бергеннен кейін үш ай өткен соң мигрант жұмысқа тұру құқығына ие болады. Жергілікті үкіметтің санауынша, интеграциялық шаралар Австрия мемлекетіне жылына 200 млн еуро салмақ салуы мүмкін.
Интеграциялық шаралар пакетін өткір сындар мен мерзімімен бұрын жарияланған парламент сайлауына қарамастан, консерваторлар мен социал-демократтар коалициясы қосылып қабылдады.