Елімізде сабан зауыты салынбақ
Елімізде сабан зауыты салынбақ
Макао инвесторлары Қазақстанда сабанды қайта өңдеу зауытын тұрғызады. Бүгін Бейжіңде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен CITIC Geyi Biorefineries Co., Ltd. компаниясы арасында өзаратүсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Қазақстанда сабанды қайта өңдейтін және одан қағаз, сұйық органикалық тыңайтқыштар, биогаз және өзге де өнімдер өндіретін зауыт құрылысына қатысты жоғары технологиялық жобаны жүзеге асыру жоспарына негіз салу мақсатын тұтады.
Қазақстандық тараптан құжатқа ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қол қойды. Ал CITIC Geyi Biorefineries Co., Ltd-ның Директорлар кеңесі атынан қолды компанияның негізгі инвесторы, макаоның белді инвесторы Дэвид Чоу қойды.
Келісім Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына сапары барысында жасалды.
Еске салсақ, бүгін Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» стратегиясы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық бойынша жоғары деңгейдегі екікүндік Форум өз жұмысын бастады. Оған 29 мемлекеттің және 3 ірі халықаралық ұйымның (БҰҰ, Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры) басшылары қатысуда.