Әженің әлпеші - тәрбие кеніші

Әженің әлпеші - тәрбие кеніші

Әженің әлпеші - тәрбие кеніші
ашық дереккөзі
Ата-ананы  құрмет тұтқан халқымыз қашанда тұңғышын ата-әжесіне  беріп, оны «балам» деп  айтуға  қымсынған.  «Атасының  баласы»,  «апасының  қызы» деп  ауыр сөз айтпай сыйлаған.  «Балаңды  өскенше,  немерені  өлгенше» бағасың  деп  ата-әжесі  де  тұңғыш немересіне  бар мейірімін төгіп,  өле-өлгенше  бетінен қақпай  өсірген. Бүгінде  осы  дәстүр жалғастығы   сақталмай  келеді, баласын әжесіне  бермейтін перзент,  немересіне  ертегі  айтпайтын әжелер  пайда  болды. Бірақ  қазақы  дәстүр мүлдем жойылып кетті  деп  көпке  күйе  жаға  алмаймыз. Қаладағы  балалары  тұрмысын жақсартсын,  аяғынан тік  тұрсын деп  немерелерін ауылға  әкетіп немесе  өздері  қаланың  қуықтай  бөлмесіне  тығылып  та немере  бағып жүрген әжелер баршылық. Үлкеннің  тәрбиесін көрген  бала  мейірімді, бауырмашыл,  өмірде  үлкен  жетістікке  жеткен  атақты  да,  дарынды,  алғыр  болып өседі.  Оған  кешегі Айғанымның  тәрбиесін  көрген Шоқанды,  Зере мен  Балқожа  бидің   мейіріміне  бөленген  Абай мен  Ыбырайды   мысал етсек  жетерлік.  Себебі  жас  ата-ана баласының  әрбір қылығы  мен  іс-әрекетіне қатысты   қателік  жіберіп аламын ба  деген қорқынышпен  тәрбиесіне  қатал қарауы  немесе    жұмысбастылықпен  мүлдем мән бере  алмай қалуы  мүмкін.  Ал балаға  ең  бірінші  керегі – мейірім. Оны  әрдайым  зейнетке  шығып,  үйде  отырған   апасы  мен  атасы  берері  хақ.  Бала жіберген қателікті  ұрыспай,  ақылмен  түсіндіруге  олардың  шыдамы  да  парасаты  да  жетіп  жатады. Немересінің  мектептен  алған мақтау  қағазына  бола  ағайын-туыс,  көрші-қолаңға  той  жасап отырған  әжелерді де  көрдік. Кішкентай  ғана  жетістігіне  бола  мақтау,  мадақтау, қолпаштау  естіп өскен  бала  болашақта  әлемді мойындатқан  өнер жұлдызы, Олимпиада жеңімпазы  болмасына кім кепіл? Әженің  қолында  өскен  баланың  тағы  бір тәрбие  мектебі  ол – үлкендердің  ғибратты  сөзін тыңдау. Жасы  үлкен  кісілер  той-томалақ,  үлкен  ас-жиынға  жиі  барады. Ал бауырында  өскен  балапанын  әжелері  ондай  қызықтан қалдырмай  ертіп  жүреді. Той-томалақ – көл-көсір бата-тілектің,  ырым-жоралғының,  тамыр-таныс  туысқанның  бір-бірін көріп,  көзайым  болар жері.  Ғибратты  әңгімелер мен  ән-жырдың,  би мен  күйдің  ортасы.  Осындай  ортадан нәр алған бала өнерге  құштар,   сөз саптауы ерекше, өмірге  деген көзқарасы,  ойлап-түйгені  мол болады. Алыс  ағайын-туысын да,  жеті атасын да  біліп,  танып өседі. Қазіргі  таңда ұлтты  сақтап  қалу  үшін ең  бірінші  отбасы  құндылықтарын сақтау  керек  деген қағида  Еуропа  елдерінде де  мықтап  қолға  алына  бастаған. Кәмелет  жасқа  толысымен  ата-анасынан бөлек  тұрып,  қарт әке-шешесін қарттар үйіне  өткізіп  келген олар шығыс елдерінде  қалыптасқан  әже  мен немере   арасындағы  үзілмес қарым-қанытынасқа    ерекше  қызығушылықпен  қарауда. Әже туралы  әңгіме  айтылса  менің  есіме анам  айтқан мына  бір оқиға  оралады. Отбасындағы  6 баланың  тұңғышы  мен  кенжесі  ұл болғандықтан сол екі  ұлдың  тұңғыштарын «менің  балам» деп  бауырына  басқан әжем: «Әй,  Амантай, мен  өлсем  мына  Жадыра  саған аманат,  мыналарға  берме,  өзің қолыңа  алып ал» , – деп  7 жасар ағама  бесікте  жатқан мені  аманаттапты.  «Осы  сөзді  естігенде  емшектегі  баламды  тартып алатындай  қызғанып, бойымды  бір қорқыныш билеп еді, менікі  же  жастық екен ғой, керісінше  бір-біріне  бауырмал болып өссін деп көрсеткен  үлкен өнегесі екен  ғой» ,– деп  анам әжемнің  осы  бір ауыз сөзін  айтып   таң  қалып отырады.  Шынымен  де  ағам  екеуіміз бір-бірімізге  жақын болып өстік.  Ағам  маған ғана  емес  бүкіл әулеттің  қамқоршысы,  жанашыры болып,   қиналған сәтте  әрдайым қол ұшын берер тіреуішіміз болып келеді. Әжемнің  қамқорлығы  мен  мейіріміне  толық сусындай  алмасам  да  мен  әлі  күнге  сол әжем  аманаттап  кеткен  ағаларым мен  әпкелерімнің,   ең  бастысы  ата-анамның  маған деген ерекше  ықыласына  бөленіп  өстім.  Өйткені  әженің  шапағаты  балаға  ерекше  нұрын төгетіні  белгілі.

Жадыра  Жақсытай