Қарағандыда тасқыннан келген шығын 160 млн теңгеге жуықтады
Қарағандыда тасқыннан келген шығын 160 млн теңгеге жуықтады
Қарағанды облысында тасқыннан келген шығын көлемі шамамен 160 миллион теңгеге жуықтайды, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Арнаның хабарлауынша, арнайы құрылған комиссия жапа шегушілерге алдын ала жүргізілген есеп бойынша осынша өтемақы төлеу керек деп шешкен. Бұл туралы бүгін облыс әкімінің жауапты хатшысы Әсел Сәдуақасова мәлімдеді. «Алдын ала есеппен 160 миллион теңгедей өтемақы төленбекші. Оның 148 миллион теңгеден астамы облыстық бюджеттен, 12 миллион теңгедей аудандардан беріледі. Бұл қаржыға жапа шеккендер үйлерін жөндеп, қажетті тұрмыстық техника сатып алуына болады», – дейді Қарағанды облысы әкімінің жауапты хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Бюджеттен бөлінген қаражаттың 112 миллион теңгеден астамы Бұқар жырау ауданының тұрғындарына бөлінбек. Мұнда әсіресе, Садовое мен Чкалово ауылдары қатты зардап шеккен. Ауылдықтарға, өтемақыдан басқа қайырымдылық көмек көрсетіледі.
Бүгінде Қызыл жарты ай қоғамының Қарағандыдағы филиалының арнайы шотына 19 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Оның 6 миллионы тұрғындардың қажеттілігіне жұмсалған. Еске салсақ, Қарақаралы, Абай, Бұқар жырау, Шет, Нұра аудандарында тасқын болып, төтенше жағдай жарияланған болатын.