Мемлекеттік органдар алатын пара көлемі жарияланды
Мемлекеттік органдар алатын пара көлемі жарияланды
«Атамекен» ҰКП мемлекеттік органдар алатын пара көлемін жария етті, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Тәуелсіз сарапшылар кәсіпкерлер арасында «Еліміздегі мемлекеттік органдар, ісіңізді жеделдетіп, жұмысыңызды қас-қағым сәтте бітіріп беру үшін, қанша пара сұрайды?» деген сауалнама жүргізді. Осының нәтижесінде сарапшылар мемлекеттік органдар алатын пара көлемін анықтады. Бұл бастаманы «Атамекен» ҰКП көтеріп отыр.
Сонымен, Астана арнасының хабарлауынша, параға ерекше құныққандардың көшін бастаған Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік сатып алулар басқармасы болып шыққан. Мұндағы шенділер 123 мың мен 616 мың теңге аралығында пара сұрайтын көрінеді. Маңғыстау облысының әкімшілігі екінші орынға жайғасқан. Мұнда да жемқорлыққа құныққан дәл осы мемлекеттік сатып алулар мен сәулет және құрылыс басқармасы.
Теріс жолмен табыс табудан аймақтардың аумақтық қызметі де шет қалмапты. Мұнда да көшті Алматы бастап тұр. Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық зерттеулер қызметі 167 мыңнан 772 мың теңге дейін пара дәметеді.
Ал Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментіне қарасты экономикалық зерттеулер қызметі 213 мың мен 713 мың теңге аралығында пара сұрайды екен.
«Кәсіпкерлер палатасының басты мақсаты – кәсіпкерлікке кедергі келтіретіндерге қарсы күрес. Рейтинг негізгі 5 фактор бойынша қызмет етеді. Біз мұнда ең төменгі және ең жоғарғы пара көлемін анықтауға тырыстық. Онда, өздеріңіз көргендей, нәтиже шығып тұр. Бұл ел бойынша орташа баға. Бұл рейтинг осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Соның арқасында жағдай аз-маз оңалып келеді», – дейді «Атамекен» ҰКП қоғамдық мониторинг және әкімшілік кедергілер департаменті басшысының орынбасары Сәния Ақылбекова.