Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама жиі бұзылады

ашық дереккөзі

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама жиі бұзылады

ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жоспардан тыс тексерістердің нәтижесін жариялады, деп xабарлайды ҚазАқпарат. Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда, биыл әкімшілік істердің саны 7 есе өскен. Жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігі конкурстық іріктеу ережесін бұзып, қол астындағы адамдарды мемлекеттік қызметтен негізсіз босатқан. Сондай-ақ ондай қызметшілер қаржылық бақылау шаралары мен мемлекеттік қызметті көрсету мерзімін жиі бұзып отырады. "Мысалы, бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзғаны үшін ҚР Инвестициялар және даму министрлігі конкурстық комиссиясының мүшелері - көлік комитетінің төрағасы А. Асаубаев, сыртқы экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры А. Даулетов және кадр жұмысы департаментінің директоры К. Қасеновтерге 30 АЕК (68 070 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында мемлекеттік қызмет саласындағы әкімшілік істер бойынша 2 млн. 445 мың теңге бюджетке өндірілді", - делінген агенттіктің ресми xабарламасында. Агенттік жыл басынан бері 352 тексерісті өткізді. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың 2467 оқиғасы анықталды. Агенттікке арызданған 103 адамның құқықтары қорғалды. 191 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, агенттік 55 лауазымды тұлғаны жауапқа тартты.