Бүгін жаһандық кибершабуыл тағы қайталануы мүмкін

Бүгін жаһандық кибершабуыл тағы қайталануы мүмкін

Бүгін жаһандық кибершабуыл тағы қайталануы мүмкін
ашық дереккөзі
Киберқауіпсіздік саласының мамандары бүгін, яғни 15 мамыр күні WannaCry вирусынан миллионнан астам компьютер зардап шегуі мүмкіндігін айтуда.  Жұма күні аталмыш вирус арқылы жаһандық кибершабуыл жасалды. Бұл туралы Financial Times басылымына сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.  Еуропол директоры Роб Уэйнрайт бұған дейін мәлім еткендей, кибершабуылдардың сериясы бүгін  қайта жалғасуы мүмкін. Оның айтуынша, вирус әлемнің 150 еліндегі 200 мың компьютерді зақымдап үлгерді. Британиялық барлау қызметінің өкілдері дүниежүзі бойынша коммерциялық мекемелерге ауқымды кибершабуылға әзір болуға кеңес берді, деп жазады басылым. Avast антивирусын жасап шығарушылар WanaCrypt0r 2.0 вирусын қолданумен жасалған 57 мың хакерлік шабуыл туралы хабарлап отыр. Вирус бірінші кезекте Ресей, Украина және Тайваньда таралуда. Ал «Касперский зертханасының» мәліметінше, жұма күні әлемнің 74 елінде хакерлік шабуылдардың 45 мың әрекеті жасалды. Компьютерлерді зақымдау ең көп әрекеттері Ресейде байқалды. Айта кетейік, жұма, 12 мамыр күні Атырау облысында Каспий теңізіндегі Қашаған кен орнын игерумен айналысатын NCOC компаниясының ақпараттық қауіпсіздік жүйесі сағат шамамен 18.00-де компанияның серверлеріне вирустық шабуылды тіркеді. Алдын алу шарасы ретінде интернет пен корпоративті поштаға қолжетімдік уақытша тоқтатылды. Кейін компаниядан мәлім еткендей, кибершабуыл Қашаған нысандарының жұмысына кедергі келтірген жоқ, өндіріс штаттық режімде жалғасуда. «Вирус кеңседегі серверіміз бен осындағы компьютерлеріміздің 10-20 пайыз көлеміне тарады. Серверлердің резервті көшірмелері бар, дегенмен, жекелеген компьютерлердегі мәліметтердің жойылып кету қаупі бар. Келген зардап айтарлықтай немесе қауіпті емес, бірақ бізге жүйелерімізді жіті тазалап, тексеріп шығу қажет. Бұған уақыт керек болады. Қалпына келтіру процесс үстінде. Консорциум бойынша серіктестерімізден қосымша көмектер алып жатырмыз. Қалпына келтіру жұмыстары нақты қашан аяқталатынын айта алмаймыз. NCOC кеңселері 15 мамыр күні жұмыс істейтін болады. Бірақ жүйелеріміз толығымен қалпына келгенше жекелеген шектеулер енгізіледі», - деген болатын компанияның баспасөз қызметі.