Жаңалықтар

Бүгін бейсенбіден жұмаға қараған түн – Рағайыб түні

ашық дереккөзі

Бүгін бейсенбіден жұмаға қараған түн – Рағайыб түні

Қатар келетін ережеп, шағбан, рамазан құлшылықтың, екі сауаптың еселеніп жазылатын, екі дүниенің бақытына кенелетін айлар. Дініміздегі қасиетті күндер мен түндердің көбі осы айлардың ішінде. Өзге айлардан артықшылығы да сондықтан. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ережеп – Алла Тағаланың айы, шағбан – менің айым, рамазан – үмбетімнің айы» – деуі де бұл айлардың қасиетін айшықтай түседі.

Ережеп айы туғанда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Аллаһым, бізге ережеп пен шағбан айында береке беріп, қасиетті рамазанға жеткізе гөр!», – деп дұға еткен. Оны айту – сауап һәм сүннет.

Ережеп – Алла Тағаланың айы. Қасиетті Құранда соғысуға болмайтындығы ескертілген құрметті төрт ай бар.

Алла Тағаланың ескертуі Құран Кәрімде былай көрсетілген: «Тегінде аспан мен жер жаратылған күннен бастап Алла айдың санын 12 етіп белгілеген. Оның төртеуі (Зулқағда, Зулхижжа, Мухаррам, Ережеп) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар! («Тәубе»! сүресі, 36-аят).

Кімде-кім ережеп айында ораза ұстаса, Алла Тағала оған үш шарапат береді. Бірі – оның күнәларын кешіреді, екіншісі – бұдан кейінгі өмірінде пәле-жаладан сақтайды, үшіншісі – қиямет күні мақшарда шөлден сақтайды.

Ережеп айындағы жақсы амалдарға жазылар сауап еселенеді. Бұл айда бір күн ораза ұстаған кісі бір жыл ораза тұтқанның сауа­бын алады. Жеті күн ораза ұстаған адамға жаһаннам есіктері жабылады. Сегіз күн тұтқан адамға жаннаттың сегіз есігі ашылады.

Алла Тағала Нух алейһиссаламды ережеп айында кемеге міндірді. Ол да ережеп айын оразамен өткізіп, жанындағыларға да ораза тұтуды әмір етті.

Ескіден жеткен есті сөздерді есімізден шығармайықшы. Абуллаһ ибн Зубайрдан келген бір деректе былай делінген: «Кімде-кім Алла Тағаланың айы ережепте бір мұсылманды қиыншылықтан құтқарса, оған Фирдауыс жаннатынан үлкен бір сарай нәсіп етеді. Сақ болыңдар! Ережеп айына құрмет көрсетіңдер. Сонда Алла Тағала сендерге сансыз керемет арқылы сый-сияпат береді!».

Сондықтан ережеп айында құлшылықта да, тіршілікте де сауапты көбейтуге ұмтылған жөн. Өкпе-ренішке жол бермеуге тырысу керек. Қолыңнан келетін жақсылықты жаса. «Жақсы сөз – жарым ырыс», қиналғанға көмектес. Дағдарыста дағдарғандарға демеу бол.

Ережеп айының айрықша ерекшелігі – мүбәрак екі түні бар. Бірі – Рағайыб, бірі – Миғраж.

 РАҒАЙЫБ ТҮНІ

Бүгін бейсенбіден жұмаға қараған түн – Рағайыб түнде дұға-тілектердің, құлшылықтардың қабыл болатын сәті!

Ережеп айының алғашқы жұма түнінің үштен бірі өткен кезде көктер мен жерде періштелер қалмайды. Бәрі Қағбаның айналасына жиналады. Ережеп айындағы құлшылық, дұға иелеріне кешірім тілейді.

Ниет – тілек қабыл болсын!

Ережептің әр күні екі дүниемізге азық, иманымыз темірқазық болсын!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ