Ана өлімі 47 пайызға төмендеді

Ана өлімі 47 пайызға төмендеді

Ана өлімі 47 пайызға төмендеді
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысында Халықаралық медбикелер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.  Шара барысында еселі еңбектеріне алғыс білдірілген орта буын медицина қызметкерлерінің өздері де денсаулық сақтау саласында еңбек еткен ардагер апаларына ризашылықтарын білдіріп, сый-сияпатын табыс етті. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен өткен кешке облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Тұрғымбеков қатысып, облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізді. – Күн-түн демей, қай уақытта болса да алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын тұратын мейіргерлердің сырқаттанып келген тұрғындардың сауығып кетуіне қосып жатқан үлесі өте үлкен – 80 пайыз! Орта буынды медицина мамандарының көмегімен облыста биылғы бірінші тоқсанның қорытындысында ана өлімі 47 пайызға, бала өлімі 18 пайызға азайды, – дейді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Егізбаев. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай,  жыл сайын облыс тұрғындарының 438 мыңы ауруханада ем алады. Әрбір азамат жылына кем дегенде 4 реттен емханаға қаралады. Ал, жедел жәрдем көмегіне 1 миллионнан астам адам жүгінеді. Тұрғындарына көрсетілетін осындай медициналық көмек түрлерінің қашанда сапалы болуына облыс бойынша 22 мыңнан астам мейіргер қомақты үлес қосып келеді. Мерекелік шарада бірқатар мейіргерлерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалдары, облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, «Нұр Отан» партиясының грамоталары табысталды. Олардың қатарын  Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен және министрліктің Құрмет грамоталарымен, ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталарымен, «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталған мейірбикелер толықтырды. Жыл сайын мереке қарсаңында өтетін медицина мамандары арасында ең үздіктерді таңдау сайысы биыл да жалғасын тапты. Дәстүрлі байқаудың жеңімпаздары 2017 жылдың үздік мамандары арнайы дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бұлардан бөлек сайысқа қатысқан 30 медицина маманына «Ақсу-Жабағылы», «Біркөлік» және «Денсаулық» шипажайыларына жолдама табыс етілді. Облыстың денсаулық сақтау саласына тиісті деңгейде көңіл бөлінуде. Жыл сайын медициналық мекемелер жаңарып, жаңа ғимараттар ел игілігіне беріліп жатыр. Мамандар тапшылығы азайып, медицина қызметкерлерінің біліктілігін ұдайы арттыру жолға қойылған. Бюджет есебінен жыл сайын 6 мыңнан астам медицина маманы білімдерін жетілдіреді. Денсаулық сақтау саласындағы атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 71,9-ға ұлғайды.