Ұлытауды ұмытпайық, бірақ хандықтың басы Қозыбасы

Ұлытауды ұмытпайық, бірақ хандықтың басы Қозыбасы

Ұлытауды ұмытпайық, бірақ хандықтың басы Қозыбасы
ашық дереккөзі

Т.Жұртбайдың «ТҮРКІСТАН ЖҰМХҰРИЯТЫ ЖӘНЕ «АЛАШОРДА» ҮКІМЕТІНІҢ ҰСТАНЫМЫ» атты мақаласына орай.

автор

Үстіміздегі жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өтетініміз анықталғаннан бері ел еңсесі көтеріліп, рухы бір серпіліп қалды. Көзі қарақты жандардың барлығы бұл той бұрынғы тойлардан өзгеше екенін ұғынып қана қоймай, оның қазақ халқына үлкен міндет жүктеп отырғанын терең сезінеді. Сондықтан да мерзімді басылым беттерінде өз алаңдаушылықтарын білдірген түрлі мазмұндағы мақалалар жарық көруде. Солардың бірі «Түркістан» газетінің №13 (1080) санындағы (2 сәуір, 2015 жыл) филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Түркістан жұмхұрияты» және «Алашорда» үкіметінің ұстанымы» атты мақаласы. Ағамыз осы мақаласымен замандастарына келелі ой тастап, олардың намысын қайрай түскен.

Мақала авторы қырық шақты жылдан бері өзі тыңғылықты зерттеп жүрген мәселелерге көпшілік назарын аударыпты. Ол не? Ол – тәуелсіз қазақ елінің бүгіні мен болашағына алаңдаушылық. Ол үшін «Милли Түркістан», «Үлкен Түркістан жұмхұрияты», «Алаш­орда» үкіметінің ұстанымдарына тоқталып, олардың аражігін қолмен қойғандай етіп түсіндірген. Автордың ондағы мақсаты – қазақ мемлекетінің территориялық, идеялық, рухани тұтастығын сақтау арқылы қазақ мемлекетін сақтап қалу. Дегенмен, мұндай маңызды мәселелер мерейтойлар қарсаңында науқандық есеп негізінде ғана насихатталмау керек. Бұл тұрғыда автордың мақалаға негіз болған басты қағидаларды Елбасымыз айтып жүрген «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру барысында үнемі жадымызда ұстау ке­ректігін «Алаш» партиясының ұстанымдарымен шегелей түсуі орынды.

Қазақ хандығының 550 жыл­дығын атап өту үшін Үкіметтік комиссия құрылған, оған Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова жетекшілік етеді. «Жалғыз бұқаралық үлкен іс-шара – Шу мен Талас аралығындағы, яғни Қазақ хандығы алғаш туын көтерген Қозыбасы жеріндегі қыркүйек айында өтетін қорытынды рәсім болмақ. Сол салтанатты жиынға арналып, кең ауқымды театрландырылған қойылым ұйымдастырылады. Басқа шаралар ғылыми бағытқа ие», – деген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының сөзіне сүйенетін болсақ, той қарсаңындағы шаралардың барлығы Үкімет тарапынан бекітілгені анық. Қазақ хандығының құрылуы жөнінде тарихшылардың барлығы дерлік Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашиди» атты шығармасын негізгі дерек ретінде алып жүр. М.Дулатидің: «Ол кезде Дешті-қыпшақты Әбілхайыр хан биледі және Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп барады. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс жағындағы Шу мен Қозыбасы аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр (1468 ж.) дүние салды да, Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер бас­талды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібекке көшіп кетті. Сөйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер – «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465-1466 жж.) билей бастады», – деген сөзіне сүйенетін болсақ, той қорытындысының Шу мен Талас аралығындағы Қозыбасы жерінде өтетіндігін құптауға негіз бар.

Бастапқыда қазақ хандығының тарихына арналған 20 сериялы фильм түсіру жоспарланған болатын. Се­риал Керей мен Жәнібек хандық құрған мезгілден басталатындықтан, оның тең жартысы қысқартылып, 10 серияға түскенінің өзі бүгінгі таңдағы әлемдік дағдарыстың салдарын байқатып тұрған тәрізді. Сценарий авторы, жазушы Сұмағұл Елубай ағамыздың: «Алғаш жиырма серия деген, одан кейін қамтитын уақыт қысқарды», – деген пікірі бұл ойымызды растай түседі. Мұның бәрі ұзын арқау, кең тұсау жүретін қазақтың үлкен мәселелерге үлкен дайындықпен келуі керектігін есімізге салады. Егер біз шын мәнісінде тарихымызға жанашырлықпен қарағымыз келсе, 10 серияға негіз болатын қысқарған уақыттарды іздеуіміз керек.

Тойдың қай жерде өтуі туралы сөз еткенде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі сұхбатындағы: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң, Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең, қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң, Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп...», – деген пікірін жадымызда ұстағанымыз абзал. Қазақ жерінің төрт бұрышында да ұлтымыздың тарихы сайрап жатқаны белгілі. Олай болса, негізгі шараның Алтын Ордадан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібектің Шу мен Талас өзендерінің арасындағы аймақта қазақтың туын көкке көтерген жерде өтуі орынды-ақ.

Жошының мавзолейі, Едіге шоқысы, Темірланның тастағы жазуы, Аяққамыр шаһары, «Ақтабан шұбырынды» кезіндегі таңбалы тас­тарды және тасқа қашалған Орхон, Талас жазбаларын, басқа да тарихи жәдігерлеріміздің фотоальбомын үш тілде шығарып, шетелден келген қонақтарға тарту етсек, соларды көзбен көріп, қолмен ұстағандай әсерде болары даусыз. Олай болса, қазір бізді бұл тойдың өтетін жерінен гөрі, оның беретін тағылымы көп мазалағаны жөн.

Бүгінгі таңда белең ала бастаған «түрік дүниясы» деген идеяға сақтықпен қараған автор «Түркі бірлігі идеясы мен «Түркістан жұмхұрияты», сондай-ақ «Түркістан жұмхұрияты» мен «Алашорда үкіметі» мәселесі – бір мәселе еместігін» айта келіп, тәуелсіз қазақ еліне «Алашорда» партиясының ұстанымын ұстауды ұсынады. Оның Ә.Бөкейханов айтқандай «Алаш жұрты қашан өркениетті дамыған ел деңгейіне жеткенде» ұлы аңсар үшін бет бұруға болатынын жадында ұстауы орынды. Бүгінгі тәуелсіз қазақ жұрты да осы мақсатты ұстанып отырғаны белгілі. Елбасының жар құлағы жастыққа тимей үш тұғырлы тілді насихаттап жүргені де осы мәселеден туындағаны анық. Кеңестік дәуір тұсындағыдай орыс тілімен шектелуге болмайтынын, әлемдік деңгейге көтерілу үшін ағылшын тілін жетік білуіміз керек екенін жастарымыздың құлағына құйып жүргені де сондықтан. Олай болса, Ә.Бөкейхановтың бұл ұстанымы бүгінгі тұста да өз өзектілігін жойма­ғаны анық.

Мақала авторы «Алаш» партия­сының осыдан бір ғасыр бұрын ұстанған ұстанымдарын тілге тиек етеді. Біздің әңгімеміз алашшылдардың қағидаларын қаншалықты дәрежеде жүзеге асыра алдық деген төңіректе болу керек. Себебі, мұндай маңызды мәселелер науқандық деңгейде қалып қоймай, тұрақты да мақсатты түрде жүзеге асырылып отыруы қажет. Ол не? Ол – Ә.Бөкейхановтың төмендегі ұстанымдары.

Біріншісі – «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмейді», – деген ұстанымы.

Міне осы ұстанымды Егемен қазақ елінің тәуелсіз азаматтары жүзеге асыра алды ма? Тәуелсіздікке дейін Ресей империясының отарында болғанымыз белгілі. Соңғы ширек ғасырда біз ата-бабаларымыздың білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған жерін сақтап қалуға қандай үлес қосудамыз? Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан біздің замандастарымыз табиғаттың бір бөлшегі болып табылатын жер мен суды, ауаны Алла тағаланың жаратқанын, оған екі аяқты пенделердің әмірі жүрмейтінін ұмытып кеткен тәрізді. Әңгіме осында. Қолынан келгендер қонышынан басып, қалағанынша жекешелендіріп жатыр. Ал бұқара халықтың меншігінде түк те жоқ. Тұрсын ағаның шырылдап отырғаны да осыдан. Олай болса, біз Ә.Бөкейхановтың бірінші ұстанымын шын мәнісінде жүзеге асыра алмай отырмыз деуге болады. Мұны кім ойлау керек? Әрине, билік басында отырған халықтың сенімді өкілдері. Ендеше алдыңғы қатарлы дамыған елдің қатарына қосылу үшін біз осыдан бір ғасыр бұрын жар құлағы жастыққа тимей халқым дегені үшін «халық жауы» атанған алашшылдардың негізгі ұстанымдарын жүзеге асыруымыз керек.

Екіншісі – «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек». Бұл ұстаным жерасты, жерүсті байлықтарымыздың барлығы дерлік осы жердің иесі болып саналатын қазақ халқының игілігіне жұмсалу керектігін байқатады. Бұл бағытта не істеп жатырмыз? Ақ алтынның ортасында, қара алтынның үстінде отырған қазақ халқының бүгінгі әл-ауқаты қандай? Тәуелсіз қазақ елінің бұқара халқының тұрмыс-тіршілігі қолында қаламынан басқа билігі жоқ Тұрсын ағаны емес, ел тізгінін ұстаған шенеуніктерді алаңдату керек еді. Бізде қанша министрліктер бар. Әрбір министрліктің айналысатын өз саласы бар. Сондықтан мұндай өткір мәселелерді біздің министрлер жадында ұстап, болашақ алдында, ар алдында өз жауапкершіліктерін арттыра түссе нұр үстіне нұр болатын еді.

Үшіншісі – «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі». Бұл тұрғыда не тындырып жатырмыз?

«Қазіргі таңда ел экономикасы түзелді, халықтың тұрмысы қалыпқа келді» деп жауырды жаба тоқуға болады. Себебі, халықтың жағдайы ХХ ғасырдың соңғы онжылдығымен салыстырғанда дұрысталды ғой. Дегенмен қазақ халқының басым көпшілігі шалғай ауылдарда тұратыны белгілі. Ал сол бауырларымыздың жай-күйі қандай? ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан замандастарымыздың ауыз су мен «Ильич шамына» мұқтаж екені бүгінгі таңда ғасыр дертіне айналып отыр.

Төртіншісі – «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы». Ұлттығымызды сақтап қалу жолында қандай шаралар жүзеге асырылуда? Бізде БАҚ құралдарын ұлттық мүддеге жұмсау жағы кемшін. Қазіргі таңда арзан күлкі мен ойын-сауықтарға баса көңіл бөлуді шығардық. Ән айтқанның бәрін қолдан жұлдызға айналдырдық. Оларды жұлдыз ауруымен сырқат еткеніміз сонша, өздерін жұлдыз санайтындардың жерге түскісі келмейді. Олардың тыңдарманы жерде өмір сүретінін ұмытып кетпесе болғаны. Тележүргізушілердің басым көпшілігі – әншілер қауымы. Күндізгі не болмаса сыртқы бөлімде оқып, журналистиканың дипломын алған әншілер өздерін алдағанымен тұрмай, күллі халықты алдаусыратқысы келеді. Сахнаның киесі болатыны тәрізді, әр мамандықтың киесі бар екенін олар қайдан білсін. Сондықтан да біздің көрермен тілдік норманы сақтамайтын, ауызекі сөйлемдерді ғана қолданатын, сөздік қоры аз жүргізушілерден не аларын білмей дал.

Бесіншісі – тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Алаш қайраткерлерінің ұстанымын жүзеге асыра алмай жатқанымызға жаны күйзелген автор өзінің мынадай ұсыныстарын білдірген.

  1. «Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалып­тасып келеді. Бұл – үлкен рухани апат».

Дәстүрсіз ұрпақтың қалыптасуы – рухани апат екені рас. Біз кемшілікті өзімізден емес, өзгеден іздеуге дайын тұрамыз. Бұл – ең оңай жол. Сіз айтып отырған дәстүрсіз ұрпақ қайдан өсіп шықты? Ол кешегі кеңестік дәуірде өмір сүрген атеистердің балалары мен немерелері екенін айтқымыз келмейді. Енді келіп жастарды кінәлауға дайынбыз. Меніңше, қазіргі жастарда имандылық басым. Сіз айтып отырған жастардың көпшілігі темекі тартпайды, арақ ішпейді. Осыдан отыз шақты жыл бұрын арақ ішпейтін адам некен-саяқ болатын болса, қазір керісінше ішетіндер саны азаюда. Бұл бүгінгі өзіміз өмір сүріп отырған тәуелсіз Қазақстанның жетістігі емес пе? Олай болса, жоқ, жаман деп аузымызды қу шөппен сүрте беруге болмайтын шығар. Жаман, жаман, – дей берсек, жақсысын бізге кім береді. Біздің міндет – Сіз айтып отырған жамандармен күресу емес пе?

Біз – жаңалыққа жаны құмар халықпыз. Қазіргі таңда жаһандану деген шықты. Оның пайдасы мен зиянын салмақтап жатпай-ақ, жаһандануға жан ұшыра кірісіп кеттік. Ал, жаһанданудың негізгі саясаты – халықтың ұлты мен дінін ұмыттыру екенінен хабарымыз жоқ. Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді ұмытсақ, ұлттығымыздың жоғалғаны емес пе?...

  1. «Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зиялы да, болашақ та жоқ».

«Оқы, оқы және оқы» деген сөздің Құранда жазылғанын еске алатын болсақ, қай дәуірде де, қай қоғамда да ғылымға көңіл бөлу керектігі түсінікті. Ғылымсыз елдің болашағы жоқ екені кім-кімді де алаңадатары анық. Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповтің бастамасымен 2014-2015 оқу жылында Ғылыми зерттеу институттарының жанынан «Ғылыми кадрларды» дайындау орталығы» құрылып, магистратура мен доктарантураға мемлекеттік грант бөлінді. Бұл – ғылым саласындағы жаңалық. Жоспар бойынша сонда оқып жатқандардың барлығы дерлік өз тақырыптары бойынша ғылыми жобаларға қатыстырылу керек...

Қазіргі таңда ғылыми зерттеу институттарында жұмыс істейтін кіші ғылыми қызметкерлердің жала­қысы – 40 000 теңге. Үлкен қалаларда білім алып, сонда жұмыс істеп жүрген жастардың көпшілігі шалғайдағы ауылдардан келгенін ескеретін болсақ, мұндай «ұсақ-түйекке» жоғарыдағылар бастарын ауыртқысы келмейді.

  1. «Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған».

Тәрбиенің бесіктен басталатыны жөнінде М.Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, біз де тәрбиені бесіктен бастауымыз керек. Ол үшін мектеп жасына дейінгі балаларымыз, немерелеріміз, шөберелерімізді не қызықтыратынын білеміз бе? Мектеп жасындағы балалардың интер­нет-клубтарға барып, атыс-шабыс­тан тұратын ойындарды ойнап, қарсыластарының қанын судай ағызып жатқанын білеміз, көріп жүрміз. Бірақ, білсек те білмеген, көрсек те көрмеген болғымыз келеді. Жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау (суицид), қанішерлікпен бірін-бірі бауыздау тәрізді қылмыстарды өзіміз қарашекпен кигізіп жүрген кеңестік дәуір тұсында көрмек түгілі естімейтінбіз. Олай болса, осындай қасіреттердің көбеюінің себеп-салдарын іздеу, одан шығатын жолды, кесапатты болдырмаудың алдын алу керек емес пе? «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналықты ата-бабамыз тегін айтпаған болар. Қоғам дертіне айналған ауруға шипа іздеу, бір-екі адамның емес, осы қоғамда өмір сүріп отырған баршамыздың міндетіміз. Осы бағытта кім, қандай ізгілікті жұмыстар атқаруда деген сауалға әрқайсымыз өзімізден, төңірегімізден жауап іздеуге тырысайық.

Қазіргі таңда министрлеріміз екі-үш жыл сайын ауысып отырады. Олар өздерінің министрлігінің жұмыстарымен енді танысып, жаңа бастамаларды көтермей жатып келесі қызметке ауысып кетеді. Ескінің бәріне топырақ шашуға болмайтындығы жөнінде кеңестік дәуір тұсындағы білім саласындағы басқару жүйесіне қатысты мысал келтіруге болады. Мәселен, 1944-1958 жылдары – Қазақ ССР Оқу министрінің орынбасары, 1958-1963 жылдары – Қазақ ССР Оқу министрі қызметін атқарған Әди Шәріповтің тұсында оқулықтар қалай жазылды? Мектеп оқулықтарының тұрақты авторлары сотталып кеткен соң, жас авторларды дайындауға бел шеше кіріскен Ә.Шәріпов сол тұста әдебиетке белсене араласып жүрген З.Қабдолов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Б.Сахариев тәрізді жастарды оқулық жазуға тартады. Аға буын өкілдерінің жаппай қуғын-сүргінін көрген бұл буынға заманның, қоғамның өзі үлкен міндет жүктеді. Сондықтан бұлардың авторлығы ұзақ сақталып, ХХ ғасырдың екінші жартысы мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мектеп оқулықтарында қалды.

Қазіргі таңда мектеп оқулық­тары үнемі сынға ұшырап жатады. Оның басты себебі – автор­лардың тәжірибесіздігі. Біз мектеп оқулығының авторларын тұрақ­тандыруда Әди Шәріповтің әдісін қолданғанымыз жөн. Ә.Шәріповтің өзі іріктеп алған, өзі тәрбиелеп шығарған авторлары не себепті 50-60 жыл мектеп оқулығына автор болғанын жадымызда ұстауымыз керек. Мектеп оқулығының авторларына жоғары талап қойып, оларды мемлекеттік үлкен байқаудан өткізу керек. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққандар ғана оқулық жазуға құқылы.

  1. Автор: «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды)», – дегенді алға тартады.

Осы тұрғыда «Біздің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады. Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек», – деген Н.Назарбаевтың сөзін еске алатын болсақ, қазіргі таңда Құдайға шүкір деп айтуға негіз бар. Дінімізге деген оң көзқарас қалыптасты. Ислам дінінің пайдалы жақтары дұрыс насихатталуда. Имандылықтың ізгіліктерін бойына сіңірген жанның қатыгездікке, қанішерлікке, жауыздыққа бармай­тындығына көзіміз жетуде.

  1. «Мемлекеттік Тіл – мемле­кеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды».

Мемлекеттік тілге келетін болсақ, оның жай-күйі қазақ жерін мекен еткен халықтардың бәріне де ортақ. Бүгінде қазақстандық этностар қазақ тілінің болашағы бар екенін сезіне бастады. Сондықтан қазіргі таңда қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер саны күннен-күнге көбеюде. Елбасының: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлесіңдер, балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар», – деп, екі қазақтың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуін талап еткеніне қанша уақыт өтсе де, біздің кейбір қандастарымыз одан қорытынды шығаруға асығар емес. Зал толы қаракөздер отырған жерде өзді-өздері орысша сөйлесетін басшыларды да, қосшыларды да көріп жүрміз. Арада ширек ғасыр өтсе де кеңестік жүйенің санамызға шегелеп тастаған саясатынан арыла алмай келеміз. Бұл – әрине, бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамның дерті. «Үш тұғырлы тіл» дегенді дұрыс түсінбегендер ана тілін білмей жатып ағылшын тілін жетік меңгеріп алатынды шығарды. Кеңестік дәуірде өмір сүрген Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұлағатты сөзін жадымызда тоқып өстік. Жеті жұрттың тілін білген жақсы ғой, дегенмен ана тілі солардың бастау көзі болу керек емес пе?

Электронды оқулық шығаруды айтып жүргендерді жаңалыққа жаны құмар жандар деп қабылдауға болмайды. Мұндай ұшқары пікір оның авторының кітап оқымайтындығын аңғартады. Қолмен ұстап, қаламмен түртіп оқымаған кітаптың мазмұны кімнің есінде қалмақ. Электронды оқулықтың өскелең ұрпақты жалқаулыққа, салғырттыққа баулитыны анық. Билік басында отырған лауазымды азаматтарға «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ойына келгенін айта салуға болмайтынын өмір көр­сетіп отыр. Жаңалық ашу үшін «жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек». Атқамінерлеріміздің бастық айтты бітті деп, қолдай жөнелетіні оларды халықтың болашағы емес, астындағы тағы қаттырақ алаңдататынының жарқын көрінісі. Бұған бір мысал – ғылым жүйесіне енген жаңа Заң. Білім және ғылым министрлігі «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңды Бельгия, Канада, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Испания, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ секілді мемлекеттердің тәжі­рибелеріне сүйене отырып жасады. Қазақстан Республикасы – Болон үрдісiне орталық Азия бойынша бірінші мүше болған мемлекет. 2010 жылдың 11 наурызынан бері жоғары бiлiм Болондық жүйе бойынша беріліп келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалімдерінің күнделікті қадағалауында болған оқушылар жоғары оқу орнына түскен соң, несиелік жүйені түсінбей біраз уақыттарын өткізеді. Бұл жүйе бойынша білім алушылардың өздері ізденіп, оқытушының соңына түсіп, білмегендерін сұрап отыру керек. Ақылы негізде оқығандықтан оқытушылардан білімді талап ету керек. Жүйені дұрыс түсінбеген білім алушылар «сен тимесең, мен тиме бадыраң көз» болып жүргенде уақыттарын оздырып алады. Соның салдарынан қазіргі таңда жас маман­дарға қаратыла айтылатын сын шаш-етектен.

Қазақ хандығының тарихы туралы сөз етіп отырмыз. Керей мен Жәнібектен бастап Кенесарыға дейінгі аралықтағы хандарымыздың барлығы да халықпен санасып отырғандығы ханның қараша халқымен ғана хан болатындығын есімізге салу керек. Қазақ халқы қойдай жуас болғанымен, жылқы мінезді екені бәрімізге белгілі. 1986 жылы мызғымас Одақтың өзіне сес көрсеткен қазақтың жауынгер халық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Шыдамның да, төзімнің де шегі болады. Ол таусылған кезде оған ешкім, ешнәрсе бөгет бола алмайтынын тарих талай рет дәлелдеген.

 

Гүлжаһан ОРДА, филология ғылымдарының докторы