Жаңалықтар

ҰБТ сұрақтарының соңғы нұсқасы бекітілді

ашық дереккөзі

ҰБТ сұрақтарының соңғы нұсқасы бекітілді

ҚР Білім және ғылым министрлігі ҰБТ сұрақтарын бастан-аяқ түгендеп, соңғы нұсқасын бекітті, деп хабарлайды КТК арнасы.

Тестте жалпы саны 40 мың сұрақ бар. 287 тапсырма қисынсыз деп алынып тасталған. Арасында, қоғамда қызу талқыланған Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға қатысты да сұрақтар бар. Десе де, өнер мен спорт тақырыбын түлектерге білген абзал. Өйткені Есентаева болмаса да, басқалары туралы сұрақтар келіп қалуы мүмкін. Шенеуніктер ода тұрған ештеңе жоқ деген пікірде. "Өзімізде танымал, сыйлы кісілер туралы, Баян Есентаева, Димаш Құдайбергенов, олар тек қана байқау сынағында. Ал нақты ҰБТ-да ондай сұрақтар болмайды. Ресми сіздерге осындай жауап беремін", - дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов. Жалпы биылғы ҰБТ бірінші рет екі кезеңмен өткелі отыр. Мектеп аттестатын алу және жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тест бөлек-бөлек тапсырылады. Әрі біріншісінің қорытындысы, екіншісіне еш қатысы жоқ. Тіпті, мектепті «Алтын белгіге» бітіргендер де биыл жеңілдіктің бәрінен қағылған. "Екі талапкердің балы бірдей болса ғана «Алтын белгі» өзінің нәтижесін пайдалана алады. «Алтын белгі» тек қана мектепте беріледі. Ал грантқа келгенде әрбір бала өзі қаншаға тапсырады, сол баллға ғана грант береміз", - дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева. Тағы бір өзгеріс колледждерден кейін кешенді тест тапсыратындарға қатысты. Енді олар мектеп бағдарламасын жаттап бас қатырмайды. Тек өз мамандығына қатысты пәндерден сұралмақ. "Бұл жалпы кәсіптік және нақты мамандыққа қатысты пәндер. Осы екі пәнмен мемлекеттік грантқа өтініш бере алады. Ал егер мамандығын мүлдем ауыстыратын болса, мысалы гумманитарлықтан техникалыққа, онда кәдімгі ҰБТ тапсырады", - дейді Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмет-Зәкі. Ал ҰБТ-ның ең төменгі межесі сол қалпы өзгеріссіз. Жалпы тестілеудің өзі елімізде 20-шы маусым мен шілденің 2-сі аралығында өтеді. Оған биыл мектеп бітіруші 130 мың түлектің тек 97 мыңы қатысуға өтініш білдірген.