Жаңалықтар

Ұлттық экспорттық стратегия жұмыстары таныстырылды

ашық дереккөзі

Ұлттық экспорттық стратегия жұмыстары таныстырылды

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыртылуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауын орындау бойынша ведомство алқасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министрлік баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, іс-шара аясында вице-министрлер бюджеттік заңнаманы жетілдіру, салық саясаты және мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту саласындағы, сондай-ақ, бизнес-ортаны жақсарту мен кеңейту және Ұлттық экспорттық стратегия бойынша жұмыстар туралы баяндады. Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов МЖӘ жобаларын жоспарлау рәсімдеулерін жеңілдету үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, «Бағдарламалық МЖӘ» енгізу көзделуде. «Жеке әріптесті іріктеу мен МЖӘ жобаларын жүзеге асырудың барлық рәсімдеулері әрбір сала үшін мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда жеңілдетілген түрде қосымша сараптауларсыз тіркелетін болады», - деді Дәленов. Ол сондай-ақ, жаңа Салық кодексінің қазіргіден басты айырмашылығы мәтіннің жеңіл тілмен жазылуы, көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі шаралар, жеңілдіктер мен уәждеме арқылы қарапайым әкімшілендіру болатындығын атап өтті. Дәленовтің айтуынша, құжатты тамызда Парламентке енгізу жоспарлануда. Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин бизнесті мемлекет тарапынан жөнсіз реттеуді қысқарту алты басты бағыт бойынша жоспарланып жатқанын баяндады. Оның ішінде, қысқарту мен оңтайландыру мақсатымен бақылау мен қадағалау саласын тексеру жүргізілетін болады. Квазимемлекеттік сала монополистері мен субъектілері беретін ақпараттық құралдар мен рұқсаттарды реформалау қарастырылды, «өзін өзі реттеу» институтын дамыту мен бәсекелестікке кедергі болатын нормаларды анықтайтын тексеріс жоспарлануда, сондай-ақ, бизнес үшін шығындардың барлық түрін жаппай азайту қарастырылды. «Бәсекелестікке кедергі жасайтын нормаларды анықтау үшін заңға қосымша заңнамалардың барлық деңгейін талдау жүргізіледі. Бұл үшін заңға қосымша заңдық нормативтік актілерді қайта қарастыруды талап ететін нормаларды анықтау арқылы толық тізбе белгіленеді. Бірінші кезеңде (2017 жылғы мамыр бойы) 30 заңды тексеру жүргізілетін болады», - деді Жұманғарин. Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік бюджеттің 4-деңгейі ретінде халық саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтер деңгейінде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде ЖӨБ бюджеті енгізілетінін атап өтті. «Ауыл әкімдері мен олардың аппарат қызметкерлерін оқыту, ЖӨБ дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуге өкілетті органдардың ақпараттық жүйесін, ауыл әкімдері аппараттарын интернет байланысымен және компьютерлік құралдармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қарастырылады», - деді Жұмағұлов. Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкенов атап өткендей, ведомство Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеу мен қабылдау жөніндегі жұмыстарды жуық арада жүргізетін болады. «Бағдарлама жоғары тұрған мемлекеттік жоспарлау құжаттарында көрсетілген («Қазақстан-2050» Стратегиясында және ҚР 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары), оның ішінде 2025 жылға қарай шикі тауарлар экспорты көлемін екі есе ұлғайту бойынша стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталады», - деді Бәкенов. Оның сөзіне қарағанда, стратегия қолдаудың барлық тетіктерін жүйелеуге, өндірушілерге олар үшін қандай қолдау шаралары қолжетімді екеніне түбегейлі жауап беру үшін жасалған. Ведомство басшысы алқа отырысын қорытындылай келіп, министрліктің алдына Қазақстан экономикасын дамытудың табысты шешілуіне ықпал ететін маңызды тапсырмалар қойылғанын атап өтті. «Бізге зор үміт артылып отыр, біздің алдымызға қойылған міндеттерді бірлесіп шешетінімізге сенемін», - деді Сүлейменов.