ОҚО-дағы 2 мың гектарлық бақ
ОҚО-дағы 2 мың гектарлық бақ
Оңтүстік Қазақстан облысы еліміз бойынша жеміс-жидекті ең көп өсіретін өңір болады. Қазірдің өзінде облыс аумағындағы қарқынды бау аумағы 2 мың гектардан асып кетті деп хабарлайды Хабар 24.
Жыл соңына дейін тағы мың гектар жерге жемісті мол беретін алма ағаштарын отырғызу жоспарланған. Өңірде бау-бақша өндірісін әрі қарай дамыту туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті бағбандармен кездесу кезінде айтып еді. Өңір басшысы бауларды шаруалармен бірге аралап көрді.
Осы уақытқа дейін бағбандар шаруашылыққа қажетті құрылғыларды алыс-жақын шетелдерден сатып алып отырған. Енді қажетті тор жаппалар мен бағаналар өзімізде шығарыла бастады. Осылайша қарқынды бау көлемін арттыруда отандық құрылғылар қолданылады. Оңтүстік облыста бағбандар жыл сайын 100 мың тоннаға жуық жеміс жинайды. Бұл жағдай қоймаларға да сұранысты арттырып отыр.
Бекжан Қалибеков, бағбан:
- Бұл 70 гектар алма бауы. Қаржы институты жартылай қаржыландырған. Қалғанын өзіміз салдық. 18 адам тұрақты жұмыс тапты. 3 жылдан кейін 1 гектарынан 50-60 тонна алма аламыз деген жоспар бар. Бұл көшет Италиядан әкелінген. Облыстағы үлгілі баудың бірі болады деген сенімдеміз.
Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі:
- Облыста 2 мың гектар қарқынды бау болса, биылғы жылдың өзінде біз мың гетардан аса қарқынды бау жасаймыз деп отырмыз. Елбасы аралаған бау 150 гектар болады. Ол жерде алманың 12 түрі бар. Ал өндіріс бетон бағана мен торды және пластмассаны өзі шығарып жатыр. Осының бәрі біз үшін өте тиімді.