Жаңалықтар

Атаң жемеген асты аузыңа алма

ашық дереккөзі

Атаң жемеген асты аузыңа алма

Бүгінде Батыс елдерінің де, Шығыс елдерінің де халқы сүйіп жейтін сушидің адам денсаулығына қауіпті екені анықталып отыр. Жақында португалиялық гастроэнтерологтар (асқазан-ішек ауруларын емдейтін дәрігерлер) жапон асханасының тағамы – сушидің паразиттік аурулардың көптеп таралуына себепші болатынын анықтады, деп хабарлайды Baq.kz шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап. Дәрігерлердің тиісті зерттеуі BMJ Case Reports журналында жарық көрген. Мақалада мамандар сушидің адам өміріне қауіп төндіретінін нақты мысалмен дәлелдеген. Дәрігерлерге 32 жастағы ер адам жүгініп, көмек сұрайды. Ер адамның бір апта бойы ыстығы көтеріліп, лоқси берген, оның үстіне кеуде тұсы да ауырған екен. Қан анализі аурудың асқынып бара жатқанын көрсеткен. Алғашында дәрігерлер бұл сырқаттың неден болғанын түсіне алмай дал болады. Алайда кейінірек ер адам дәрігерлерге ауру белгілері байқалмай тұрып суши жегенін айтқан. Осыдан кейін ақхалаттылар науқастың анизакидоз – паразиттік ауруға шалдыққанын бірден түсінеді. Әдетте бұл ауру шикі немесе аз тұздалған теңіз балығымен бірге асқазанға түсетін жұмыр құрттардың дернәсілінен болады екен. Эндоскопиялық тексеріс барысында ғалымдар ер адамның асқазанынан паразит құрттың дернәсілін тапты. Құртты алып тастағаннан кейін пациенттің жағдайы едәуір жақсарған. Дәрігерлер анизакидоздың бастапқы белгілеріне жіті назар аударып, балықты дұрыс таңдауға, тағамға қосарда оның тазалығына мән беруге шақырды.