Бұрын істі болған түркімендерге Азиадаға баруға тыйым салынды
Бұрын істі болған түркімендерге Азиадаға баруға тыйым салынды
Ашхабад полициясы істі болған тұрғындарға Азиада-2017 ойындары өтетін көшелерге және атлеттер қалашығына жақындауға тыйым салды, деп хабарлайды Азаттықтың түркімен қызметі.
Түркіменстан астанасының бұрын істі болған тұрғындарын полицияға шақыра бастады. Құқыққорғау органдарының қызметкерлері бұрын сотталғандардың үйлеріне барып, олардың қазір немен шұғылданып жүргенін тексереді, деп хабарлады "Хроника Туркменистана" ақпараттық агенттігі.
Ашхабад қаласының 52 жастағы тұрғынының Азаттық радиосына хабарлауынша, полициядағы тергеуден соң, оларға атлет қалашығы мен жарыстар өтетін көшелерге жақындамауын ескерткен. "Маған жарыстар өтіп жатқа орындарға баруға тыйым салды. Атлеттер қалашығында қылмыс жасалатын болса, сұрау бізден болатынын ескертті", - деді ол.
Халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес, Түркіменстан жан басына шаққанда істі болған тұрғындары көп елдердің қатарына жатады. Америкалық "Prison Policy Initiative" үкіметтік емес ұйымының есебі бойынша, Түркіменстан түрмеде отырып келген тұрғындар үлесі жөнінен әлемде екінші орын алды. Хабарларға қарағанда, республикада 100 мың тұрғынның 583-і түрмеде болған.