Жаңалықтар

Филпп Рубахо – қазақтың 105-ші қаһарманы!

ашық дереккөзі

Филпп Рубахо – қазақтың 105-ші қаһарманы!

Төрткүл дүниеге түгел дабыл қаққызып, әлемді алапат майданға айналдырған Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бірте-бірте алыстап барады. Алыстаған сайын оның бұрын белгісіз болып келген құпиялары да ашыла бастайтыны заңдылық. Өйткені соғыстың адамзат жүрегіне салған жарасы мәңгі өшпек емес.

Тарихта ең сұрапыл соғыс деген атпен қалған осы қантөгісте жауға қарсы майданның барлық шебінде қанында қаһармандық тулаған қазақ баласы жан алып, жан бергені шындық. Алайда кеңестік саясаттың салқыны майдан даласын да айналып өткен жоқ. Соның кесірінен түрлі себептерге байланысты маңызды деген кейбір құжаттар мен мәліметтер құпия ұсталса, кейбір деректер қасақана бұрмаланды. Әсіресе, Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың ұлтына қатысты мәселеге келгенде, «абайсызда» ағат кеткен, өзгелердің «жақсылары мен жайсаңдарын» өз ұлтының есебіне жазып жіберген бұрмалаушылықтар көп болып шықты. Бұл орайда бұрынғы КСРО кеңістігіндегі басқа одақтас республикаларда тұрып, сол жақтан соғысқа аттанған, майданда қаза тапқан қандастарымыз көп жапа шекті деуге болады. Ұлтына қатысты сондай жапа шегіп жүрген қандастарымыздың бірі – Кеңес Одағының Батыры, құралайды көзге атқан сұр мерген Филипп Рубахо.

Филипп Яковлевич Рубахо – бір қарағанда атам қазақтың кәдімгі ат қою дәстүріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алабөтен есім. Сондықтан болу керек, украиндықтар оны украин ұлтының ұланы деп таныса, жақсы мен жайсаңның бәрін өзінікі етіп көрсетуден арланбайтын орыс баспасөзі «украин ныс­пысын алған орыс сұр мергені» деп жалаулатып жазып, насихаттап жүр. Мақсаты белгілі – алдымен бойды үйрету, жүрек тамырын басып көру, сосын біртіндеп өзіне сіңіру. Ал батырдың құжатына қарасаңыз, ұлты қазақ деп тайға таңба басқандай анық жазылған. (Құжат көшірмесі төменде назарға ұсынылып отыр). Осы орайда мынадай бір мәліметті де айта кету орынды. Ғаламтордағы әйгілі «Википедия» энциклопедиясында берілген ғұмырбаянында да мергеннің ұлты қазақ деп көрсетілген. Ендеше, өзгелердің осы бір қазақ батырын өзіне меншіктеуге тырысуын қалай түсінуге болады? Мұнда қандай сыр бар?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын интернет арқылы алынған батырдың өмір жолына, ерлік істеріне тоқталып, дерек көздерді сараптап, оқырманға өз пайымдауымызды жеткізгенді жөн көрдік.

Филипп Рубахо 1923 жылдың 13 қаңтарында Ростов облысына қарасты Ақсай елдімекенінде (қазіргі Ақсай қаласы) Ресей әскери-теңіз флотының бұрынғы офицері отбасында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Зеттеушілердің дерегіне қарағанда, шешесі украин қызы болыпты. Әке-шешеден ерте айырылған жас өскін Грузияның Батуми қаласындағы жетімдерге арналған балалар үйінде тәрбиеленеді. Міне, қазақ баласы үшін алабөтен есімді ол осы жерде алғанға ұқсайды. «Википедия» дерегінде «Вырос в детдоме, где и получил не типичное для казахов имя» деп көрсетуінің астарына үңілсек, қандай да бір сырдың бұғулы жатқанын айтпай-ақ сезінесің. Тарихта мұндай өрескел қателіктер мен бұрмалаушылықтар кездесе береді және ол аз емес. Оның үстіне кеңестік тарихтың шежіресінде... Жасыратын ештеңесі жоқ, Кеңес Одағы тұсында балалар үйінде тәрбиеленгендердің бәріне дерлік «арнайы бөлім» ойдан шығарылған аңыз-ғұмырбаян ойлап тауып, тек христиан-орыс дәстүріне тән аты-жөн беруді міндеттегені белгілі. Мысалы, жау пулеметін кеудесімен жауып, өшпес ерлік көрсеткен Александр Матросов кеңес зерттеушілері жазып кеткендей ешқандай да орыс ұлтының өкілі емес, башқұрт ұланы Шакирьян Мухаметьянов (қазақшаласақ Шәкіржан Мұхаметжанов болар еді – Б.Ш.) екенін біреу білсе, біреу білмес. Шәкіржан да жас кезінен жетімдіктің зардабын тартып, балалар үйінде тәрбие алыпты. Жасөспірімдер колониясының дәм-тұзын да татып көрген. Өзіміздің қарақалпақстандық қазақ батыры ұшқыш Біліс Нұрпейісовтің аты бұрмаланып «Плис» болып кеткеніне не деуге болады?.. Сол сияқты қазақтың батыр қызы Мәметованың есімі Мәнсия немесе Моншақ болған еді деп айтып жүр... Шала сауатты офицердің кесірінен Маншук (Мәншүк) пайда болған. Расында бұл да осы сияқты жағдай. Тізе берсек, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Енді мына қызыққа қараңыз: Алексей Миронов, Егор Мыреев, Иван Кульбердинов, Федор Охлопков, Максим Александрович Пассар – мұның бәрі Ф.Рубахоның сахалық (якут), нанайлық, буряттық атақты қаруластарының аты-жөндері. Көріп отырсыз, бәрінікі орысқа бейімделген. Ал мұндай ныспысы орысқа бейімделген татар, башқұрт, бурят, саха, хакас, чуваш, удмурд, тағы басқа «кіші» ұлттың ұландары қаншама десеңші! Бұл ненің көрсеткіші? Бұл – Ресей империясының қол астындағы бодан халықтарды орыстандыруды көксеген отарлау саясатының басты көрсеткіші. Соның кесірінен ата-баба дәстүріндегі аты-жөндерінен «өз қалаулары» бойынша саналы түрде бас тартуға мәжбүр болған. Трагедия ма? Трагедия болғанда қандай! Оның қасында екі, мүмкін үш буын өзге ұлт арасында үйі аралас, қойы қоралас жүріп, бүкіл саналы ғұмырын орыс тілді ортаға тәуелділікпен өткізген, оның үстіне шешесі украин ұлтының қызы болған қазақ баласының Филипп Рубахо болмауына әлі де, мүмкіндігі де жоқ еді десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Осы ретте Ростовта қазақ отбасы қайдан жүр немесе қазақ баласының Ресей әскер-теңіз флотында офицер болуы мүмкін бе, деген сұрақтардың да көлденеңдеуі заңдылық. Бұл сұраққа да жауап беруге тырысып көрейік.

«Балқан, Балқан, Балқан тау, ол да біздің барған тау» деп жыр шығарған қазақтың басы қайда қалмаған. Тағдыр толқыны қай қиырға сүйремеген. Теңізді көрген қазақ теңізші болуды, кемеде жүзуді армандамады дейсіз бе? Ал Ресей әскери-теңіз флотының иесі империя болғанымен, оның құрамында орыстардан басқа украиндықтар, беларусьтар, татарлар, башқұрттар, грузиндер, армяндар, сонымен бірге қазақтар мен тағы басқа ұлт өкілдері де көптеп қызмет еткенін тарих жоққа шығармайды. Меніңше, бұған соншалық бір күдікпен қараудың немесе таң қалудың реті жоқ. Ол ол ма, мақсатқа жету үшін дүниенің бәрін тәрк етіп, оның ішінде өзінің азан шақырып қойған аты-жөнінен де, діни сенімінен де бас тартқан оқиғалардың тарихта аз болмағаны баршаға белгілі. Сол секілді Ресейдің білім-ғылымын, әскери өнерін үйреніп, орыс армия­сы қатарында жүріп орыстың намысын жыртқан қазақтардың да қатары аз болмаған, сірә. Өйткені көрші болған соң ондай жағдайлар, ауыс-түйістер бола береді. Мысалы, таяуда ғана ұлты қазақ Балли Мажец дегеннің Польшада биыл өтетін президенттік сайлауға үміткерлер ішінде жүргенін қазақ баспасөзі жарыса жазды. Осы елдегі қазақтар қауымдастығына басшылық жасайтын Балли Мажецтің туған кездегі аты-жөні – Балжан Наурызбаева болып шықты. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының тумасы екен. Бұл да біз айтып отырған мәселеде түрлі жағдайлардың бола беретіндігін айғақтайтын көрініс.

Шын мәнінде орыстың ұғым-танымына бейімделіп, жаңа туған баласына христианша ат қоятын қазақ қазір де аз емес. Немесе керісінше, қазақ арасында өсіп, қазақ атын алған орыстар да бірсыпыра. Филипп Якобұлы Рубахоның ныспысына қарап ұлты қазақ екендігіне сондай бір күдікпен қараудың реті жоқ деп отырғанымыз сондықтан.

Иә, ол ата-жұртынан жырақта ғұмыр кешті. Алайда қазақ деген атына кір түсірген жоқ. Қайта қазақтың ержүрек халық екенін танытты. Осылайша күрделі бір дәуірдің іргелі міндеттерін арқалап, уақыт жүгін иығына қайсарлықпен көтере білген айбынды тұлғаға айналды.

Айтыңызшы, Филипп даланың иісін аңсамады деуге дәтіңіз бара ма? Ата-жұртын сағынбады, еске алмады дей аламыз ба? Қазаққа бүйрегі бұрмады дей аламыз ба?.. Жоқ. Ондай мақтаныш сезімі болмаса, құжатына ұлтым – қазақ деп көрсетпес еді. Ол қайткенде де тағдырдың басқа салған тауқыметін көрді. Тағдыр тауқыметі демекші, осы ретте Майдановтар әулетінің өмір жолы еске түседі. Кеңес – ауған соғысында, содан кейін орыс-шешен майданында қан кешкен Кеңес Одағының және Ресей Федерациясының Батыры Қайыркелді Майданов (кейде Қайырболат деп жазады) әзірге осы атаққа ие және оның екеуін де ұрыс алаңында алған жалғыз қазақ. Қайран қаларлығы, барлық марапаттау құжаттарында Николай Майданов болып жазылған. Неге? Мәселе осында. Себебі, ол Қазақстанда (Батыс қазақстан облысы, Жымпиты ауданы, Тасбұлақ ауылы) туып өссе де, бүкіл саналы жауынгерлік жолы Ресеймен байланысты өрбіді. Ресейдің намысын жыртты. Қайыркелдінің әкесі Сайын Сағынғалиұлы Майданов қазақ болса, анасы Галина Людвиговна неміс қызы болатын. Бар өмірін әскери салаға арнап, үнемі көшіп-қонып жүрген өзінің де қармағы орыс қызына түсіпті. Осылайша кілең өзге ұлттың арасында жүрген оны айналасы тез арада Коля-Николай атандырып жіберсе керек. Ол осы атпен Ресей тарихына енді. Әрине, сыртынан сыпсың сөз ермей қойған жоқ. Шоқынып, православ дінін қабылдады деушілер де табылды. Бұл тағдыр, соған бола оны жазғыруға бола ма? Бірақ ол қазақтың баласы екенін ісімен де, артына қалдырған ізімен де дәлелдеп кетті. Тұла бойы тұңғышы Рүстем де, екінші ұлы Серік те бұл күндері Ресей армиясының жоғары шенді офицерлері болып қызмет атқарып жүр. Жанымен де, қанымен де қазақ. Мұны неге айтып отырмын? Өйткені біздің бүгінгі кейіпкеріміздің әкесі Якоб (Жақып болуы да мүмкін-ау) қазақ болса, шешесі украин қызы болатын. Жат жұрттың арасында туып-өсті. Осыған бола оны кінәлі деп тауып, өзекке теуіп жатсақ, ол біздің кемшілігіміз. Одан ұтылатын кім? Қазақ! Сондықтан, біз оған жол бермеуіміз керек. Айтқандай, 1979 жылы Баренц теңізінде апатқа ұшыраған КСРО-ның атом кемесінің саяси істер басқармасының бастығы, бірінші рангалы капитан Талант Бөріқұловты әріптестері мен достары орысша Тальян деп атаған екен. Сол үшін Талантты жазғыруға бола ма?..

 Зерттеулерге қарағанда, бала Филипп әлемге әйгілі музыкант болуды армандаған. Мәскеу, Санкт-Петербор, мүмкіндік болса Париж консерваторияларында білім алсам деп мақсат қойыпты алдына. Аты аңызға айналған сахналарда өнерін паш еткісі келген екен. Алайда кенеттен басталған соғыс қатарластары сияқты Филиптің де арман-мұратын басқа арнаға бұрып жіберді. Енді ол тезірек майданға аттанып, жаумен бетпе-бет шайқасуды ойлай бастады. Барынша жаудың көзін көбірек жойғысы келді. Айтып өтетін нәрсе, ол мылтық атумен жастайынан айналысыпты. Жеке құжаттағы жазбаға қарағанда, Филипп 1940 жылы шілде айында мылтық атудағы жетістігі үшін маршал Буденныйдан алғыс хат алған, оған қоса «Ворошилов атқышы» төсбелгісімен марапатталыпты. Он жеті жасар бозбала үшін бұл аз жетістік емес. Соғыс басталысымен ол ерікті түрде майданға сұранады. Ақыры өтініші қанағаттандырылып, 1941 жылдың шілде айында Ростов әскери комиссариатынан майданға аттанған.

Жас жауынгер алдымен Қара теңіз флоты базасындағы Туапсан музыка командасына тап болады. Бұла күші білегінде ойнаған балаң жігіт әскери өнерді өте қысқа уақытта меңгеріп, мергендігімен көзге түседі. Филипп қайта-қайта өтініш жазып, ақыры соғыс кемелерінде қызмет істеуге рұқсат алады. Алдымен оны қоршауда қалған Севастополь мен Одессаны қорғауға жібереді. Осы шайқаста Филипп әрі батыл, әрі қиындықта қисынын тауып кететін тапқыр, қолма-қол айқаста да ешкімнен кем түспейтін әбжіл жауынгер ретінде көрінеді. Сондай-ақ майдан даласынан арнаулы оптикалы мылтық тауып алып, мергендік өнерін шыңдай түскен. Бір жарым жылдың ішінде бірнеше рет жараланып, госпитальда емделгенімен, қайтадан сапқа тұрған соң әркез өзінің «сүйікті ісіне» қайта оралған. Филиптің жаужүректілігін байқаған командование 1942 жылдың басында оны флоттың мергендер мектебінде тәжірбиеден өткізуге шешім қабылдайды. Осы уақытта Оңтүстік майдандағы қиян-кескі ұрыстарға қатысып, Ростов, Қобан, Солтүстік Қапқаз үшін болған шайқастарда фашистердің талайын жер жастандырады. Осы ұрыстарда қазақ мергені 270 жаудың көзін жойып, құралайды көзге атқан мергендігімен бүкіл Қара теңіз флоты майдангерлері арасында даңқы жайылады. Жайсаң қазақ жігітінің сұр мергендігі жайлы әңгімелер аңыз болып тарайды.

«У снайпера Рубахо, С бойцами уговор: Громить врага без страха, Лупить его в упор...» – деген өлеңді сол кезде бүкіл қаратеңізшілер әнге салып айтыпты. Көздеген нысанасын мүлт жібермейтін оған шынында да күн мен түннің айырмашылығы болмағанға ұқсайды.

1942 жылдың желтоқсан айында ол тағы жараланып, госпитальға түскен. Емделіп шыққан соң Филипп 7-теңіз жаяу әскері 393-ші Новороссийск батальоны сапында қайта ұрысқа кіріседі. Аты аңызға айналған бұл десант батальонының командирі Цезарь Куников болатын. Зерттеушілердің көрсетуінше, ол жерлесі (ол да Ақсай елді мекенінің тумасы,) Рубахоны өзі іздеп тауып, батальонда арнайы мергендер тобын ұйымдастыру туралы ұсыныс жасайды. Филипке де керегі осы еді, бірден келіседі. Сөйтіп батальоннан икемі бар 12 жауынгерді таңдап алып, мергендікке үйрете бастайды. Батольон алдымен Новороссийскіге, содан кейін іле-шала 1943 жылдың ақпанында «Кіші жер» деп аталатын әйгілі плацдармға десант болып түсіп, жаумен жан алысып, жан беріскен аяусыз ұрыс жүргізеді. Осы ұрыста старшина Рубахоның мергендер тобы көптеген неміс-фашистерінің көзін жойып, ерекше ерліктерімен көзге түседі. Жалпы, Солтүстік Қапқаз үшін болған ұрыстарда мергендер тобы сегіз күннің ішінде жаудың 57 жауынгері мен офицерінің көзін жойса, командирдің өзі дұшпанның 3 мергенін, 2 офицерін және 3 солдатын жер жастандырған, одан басқа жаудың ажал оғын сеуіп тұрған 1 дзотын жоқ қылған. Ф.Рубахо неміс плацдармын басып алу кезіндегі осы ерлігі жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен атап өтілген.

Осы жылы қыркүйектің 9-нан 10-ына қараған түнде Новороссийскі портындағы жау бекінісіне қарсы тағы да десант құрамында ұрысқа түседі. Жолбарысша алға ұмтылған жас қазақ қаруластарына оқ жаудырып тұрған жаудың 2 дзотын гранатамен жойып, қолма-қол айқаста 3 фашисті жер жастандырады. Шайқас кезінде Рубахо екі жерден жарақат алады. Соған қарамастан, ұрыс алаңын тас­тамайды. Өзінің қаруластарымен бірге өлермендікпен алға жылжиды. Бірақ күш тең емес еді, жау да өліспей беріспеуге бекінген сыңайлы. Жарақаты сыр бере бастаған Рубахо бірте-бірте әлсірей берді. Тіпті, біраз уақыттан соң әлі құрып, өз бетінше жүре алмайтын дәрежеге жетіп, майдандас достарының сүйемелдеуімен жылжиды алға. Үшінші рет басынан ауыр жараланғанда ғана ол есінен танып, құлайды. Тек осы кезде оны катермен Сочиге жөнелтеді. Бұл қыркүйектің 14-і болатын. Ал 15-і күні есін жинай алмаған күйі өмірден өтеді.

 Айтып өтейік, осы Новороссийск операциясы кезінде мергендер тобы 500-ден астам, ал командирдің өзі 68 жауды жер жастандырған. Қазақ мергені Филипп Рубахо ұзын-саны жаудың 346 (кейбір деректерде 392) жауынгері мен офицерінің, 8 дзот, 2 танк пен минометінің көзін жойған.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының 1944 жылғы 22 қаң­тардағы жарлығымен неміс басқын­шыларымен соғыста көрсеткен жүректілігі мен батылдығы және Но­вороссийскідегі жау плацдарымын басып алу кезіндегі жанқиярлық ерлігі үшін І дәрежелі старшина Филипп Рубахоға қаза тапқан соң Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді, оған Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі қоса тапсырылды.

Филипп Рубахо Сочи қаласындағы Бауырластар зиратында жерленген. Туған жері Ақсайда, Геленджикте және Новороссийскіде батыр атында көшелер бар. Оның құрметіне 1977 жылы Новороссийск қаласындағы жеңіс аллеясында мемориалды тақта орнатылса, Севастополь қаласындағы Қаратеңіз флоты мұражайында Филипп Рубахоға ескерткіш тақта қойылған.

Оның жанкешті ерлігі жайлы 1959 жылы шыққан «Новечно в строю», 1961 жылы жарық көрген «Они прославили Родину», 1988 жылы оқырман қолына тиген «Герои Советского Союза: Краткий биографический словарь. М: Воениздат. – Т. 2» атты жинақтардан кеңірек танысуға болады.

Міне, қазақтың қаһарман ұлы Филипп Рубахоның Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатындағы кортотекада жазылған, интернат арқылы алынған қысқаша өмірбаяны осындай. Көз жүгіртіп қарасақ, он сегіз жасында соғысқа өзі сұранып барған қаратеңізші Севастополь, Одесса, Новороссийск, Солтүстік Қапқаз үшін болған шайқастардың күллі жалынын басынан кешкен. Бір емес, екі емес, үш рет жараланса да, дұшпанын тізе бүктіруде көзсіз ерліктер жасаған.

Солай бола тұрса да, мергендігімен аты шыққан қаһарманның ерлігі күні бүгінге дейін отандастарына мәлім болмай отыр. Егер интернет болмаса, оның қазақ батыры екенін ешкім де білмей қалуы мүмкін екен. Небәрі жиырма жыл өмір сүріп, өшпес ерлік көрсеткен жас қазақтың қаһармандығын еліміз түгел білуі керек. Қолға қалам алып отырғанымыздың себебі де сол.

 ***

Осы жерде анықтап алатын бір мәселе бар. Ол – «Ұлы Отан соғысында қазақ жауынгері қалай соғысты? Қандай ерлік істер көрсетті? Қазақ арасынан қанша Кеңес Одағының Батыры шықты?» деген сауалдарға қатысты мәселе.

Біздіңше, сауал әрбір қазақты қызықтырады және оның анық- қанығын нақты білгісі келеді. Бұл орайда солтүстіктегі көршіміз соғыстың шындығы туралы архивін толықтай ашпай отырғаны былай тұрсын, ресейлік тарихшылар мен саясаткерлер қазақтың (барлық ортазиялық халықтардың да) Жеңіске қосқан үлесін мүмкіндігінше төмендетіп көрсетуге тырысып бағуда. Сондықтан соғыс ақиқатын анықтауға өзіміз тер төгіп, ізденбесек, өзіміз атсалыспасақ, «біреудің жоғын біреу өлең айтып жүріп іздейдінің» кері болып тұр.             Құрметті оқырманның есінде шығар, КСРО-ның тұсында тарихи оқулықтар мен ғылыми еңбектерде 1418 күн мен түнге созылып, 20 миллиондай адам қаза тапқан Ұлы Отан соғысында ерекше батылдық пен жүректілік көрсеткен 11695 жауынгерлер мен офицерлерге, генералдар мен қолбасшыларға Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ беріліп, оның 96-сы қазақ ұлтының өкіліне тиесілі екендігі көрсетілетін. Кейде қазақтан 100 шақты батыр шықты деп жалпылама жазатын. Сол секілді Кеңес Одағы Қарулы күштері құрамындағы ұлт өкілдерінің сандық та, сапалық та мөлшері көп жария етілмейтін. Бұл әскери құпиялар кез келген зерттеушінің қолы оңайлықпен жете бермейтін жерлерде қатаң бақылауда ұсталды. Және оның ішкі есепке, империялық мүддеге қатысты өзіндік себеп-салдары болғаны анық.

Соғыс туралы сөз болғанда, мынадай мәселені де айналып өте алмаймыз. Қазақ ұлтының өкілдері тек Қазақстанды ғана мекен етпейді, тағдырдың жазмышымен әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашырап кеткені белгілі. Қандастарымыз бүгінгі күні Ресейде, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда, Қарақалпақстанда, Тәжікстанда, Әзірбайжанда, Гүржістанда, тіпті Украинада да тұрып жатыр. Олар бұл аймақтарға қашан келді және бұл елдермен не байланыстырады дегенге келсек, оның да себептері түрлі-түрлі. Біреулер бұл аймақты атам заманнан бері мекен етіп, өздерін осы жерлердің тұрғылықты халқы санайды. Анығырақ айтқанда, оларды Қазақстаннан тек шекара сызықтары ғана бөліп тұрғаны болмаса, шын мәнінде бабадан мұраға қалған тарихи атамекені, өз Отаны. Тағы бір топ бар, олар соғыстың алдында әртүрлі себептерге байланысты (төңкерістер, ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, т.б.) елден тысқары аймақтарға қоныс аударғандар. Сұм соғыс басталғанда, олар сол жақтан, сол республикалардан майданға аттанды. Соның ішінде майдан даласында ерлік көрсетіп, батыр атанған қандастарымыз да аз емес. Мысалы, ресейлік екі қазақ – Жәнібек Елеуісов пен Қыдыран Туғанбаев, өзбекстандық Аблақұл Шәкіров сияқты Кеңес Одағы Батырлары қазақ екенін анықтауда ешбір қиындық тумаса, өзге ұлт өкілі ретінде жазылып кеткен генерал Сабыр Рақымов пен Расул Есетовті қазаққа қайтару – мерейімізді одан әрі асқақтата түскен. Бұлардың қатарына 1990 жылы Ұлы Отан соғысының аты аңызға айналған батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі қосылып, қазақ батырларының саны 103-ке жеткен болатын. Биыл журналист Бегабат Ұзақовтың ізденгіштігінің арқасында батыр атағын алған қазақ ерлерінің қатары тағы бір есіммен толықты. («Бесқаланың бес батыры», «Түркістан», 29 қаңтар, 2015ж; «104-ші қаһарман!», «Егемен Қазақстан», 4 наурыз, 2015ж). Ол ұлты «өзбек» болып жазылып кеткен қарақалпақстандық қазақ Іният Наурызбаев болып шықты. Воронеж, майданы 52-армия 254-атқыштар дивизиясының 933-полкінде жауға қарсы ержүректілікпен тұра білген Іният Днепр өзенінен өту кезіндегі көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болыпты. Сөйтіп, Іният Наурызбаев жетпіс жыл уақытты араға салып мойындалған қазақтың 104-ші батыры болып отыр.

Қазақ – жаратылысынан жауынгер халық. Олар найза мен қылыштың заманында ғана емес, автоматты қару мен моторлы соғыстың заманында да өзінің қайтпас қайсар халық екенін көрсете білді, даңқты ерліктерімен соғыс тарихының беттерінде есімдері алтын әріппен жазылды. Мінеки, қазақ баласының осынау даңқты ерлік жолын жалғастырушылардың қатары тағы бір қандасымызбен толығып, қалың жұртшылықтан сүйінші сұрап отырған жайымыз бар. Өшпес ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған жаужүрек теңізші – десант, атақты сұрмерген Филипп Рубахо осындай жоғары атаққа ие болған 105-ші Қазақ қаһарманы!

Енді бұл қатарға келмеске кеткен империяның осы жоғары атағына бейбіт кезеңде қол жеткізген 3 қандасымызды қоссақ, барлығы 108-ге барады екен. Біздің пайым­дауымызша, бұл көрсеткіш те соңғысы емес сияқты. Өйткені тағдырдың жазмышымен ата жұртынан алыста дүниеге келіп, аласапыран уақыттың дүрмегінде әр қилы ғұмырды бастан кешіп, сол аймақтан соғысқа аттанып, ерлік істер жасаған, сөйтіп батыр атанған қандастарымызды жүйелі түрде іздестіретін болсақ, ешкім күтпеген қызықты мәліметтерге тап болатынымызға күмән жоқ. Өкінішке қарай, бұл тақырып қазақ ғалымдарына әлі жабық күйінде қалып отыр. Мысал келтіре кетсек, Мәскеу шайқасы кезінде құрамында қазақ ұлдары көп болған Сібір дивизиялары жөнінде зерттеушілер көп әңгіме қозғамайды. Неге? Қалай дегенде, олар атышулы панфиловшылармен бірге окопта иықпа-иық қатар жатып соғысты емес пе?!. Ресей қазақтарының тарихын қаузап жүрген ғалым Зиятбек Қабылдиновтың көрсетуінше, соғыс кезіндегі шет аймақтарда (шет елде) тұратын қазақтардың тарихы ғалымдардың назарынан тыс қалған, мақсатты зерттеу жобасына енбеген. Соңғы уақытта ғана ресейлік қазақтардың ғұмыр-тарихы бірсыпыра зерттеу нысанына айналып, ол біртіндеп күш алып келеді. Бірақ әлі де болса баяу. Сондықтан, осы бағытта ғалымдар қарқынды жұмыс істейтін болса, кезегін күтіп жатқан әлі талай құпиялардың ашылатыны анық.

Осы орайда қазақтың «текті адам тегін кетпес» деген сөзі еске түседі. Филипп Рубахоның әке-шешесі қашан, қандай жағдайда үйлі-баранды болған, қай кезде Ростовқа барып тұрақтады? Әлде, әкесі Ресейде оқыған елге көп мәлім емес алаштың бір азаматы шығар? Немесе кешегі бірін-бірі аңдытып қойған заманда Ростовқа қоныс аударып, бой тасалаған азаматтың бірі ме? Неде болса Филипп Рубахо туралы нақты мәлімет тауып, жария етуге тиіспіз.

Филипп соғысқа дейін әке-шешесімен бірге тұрған Ақсай қаласының бұрынғы Фрунзе көшесіндегі №45 үйге, Батуми қаласындағы ол тәрбиеленген балалар үйіне сұрау салынса да құба құп. Бәлкім, әке-шешесін, ата-бабасын, туған-туыстарын, өзін білетіндердің дерегі бір табылып қалар. Ойдан ой туады. Ендігі жерде ұлтын анықтаудың Филипке керегі бола қоймас. Ол Отан алдындағы перзенттік парызын абыроймен ақтады. Біздіңше, ол жөнінде жасалған кез келген адамгершілік іс-шаралар, оны қазаққа қайтару – ұрпақтар тұтастығы үшін, қазақ халқының болашағы үшін керек.Сонымен, өткен бір уақыттың жіберген олқылығын толтыру Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңына дәл келіп отыр. Ол – өшпес ерлік көрсеткен жаужүрек қандасымыз – қазақтың сұр мергені Кеңес Одағының Батыры Филипп Рубахо!

Болат Шарахымбай, 

 Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты