Жаңалықтар

Оқушының басындағы битті керосинмен өлтірмек болған медбике жасөспірімді жазым ете жаздады

Оқушының басындағы битті керосинмен өлтірмек болған медбике жасөспірімді жазым ете жаздады

Қарағанды облысында мектеп-интернатта басындағы битті улаған сегізінші сынып оқушысы жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты, деп хабарлайды КТК арнасы.

Осыдан бір апта бұрын шауып жүрген Нұрқанат құрбылары қолтықтамаса қозғала алмайтын халге жеткен. Басы айналып, аяқ-қолы тартылып қала береді. Ал медбике дәрілеген шашының арасынан күйген терілері көрініп тұр. Оқушы қыз болса, басына керосин жағылғанын анық білемін дейді. "Жаман бензин сияқты иісі бар нәрсе жаққан. Білемін ғой мен. Банканың қақпағын ашқан кезде бірден иісі мүңкіп шығып кетті. Ол кісі айтты керосин деп. Басында қарсы болдым сосын ол кісі ештеңе болмайды, түк етпейді деді. Жақты, содан кейін құлап қала бердім", - дейді сегізінші сынып оқушысы Нұрқанат Еркін.

Жансақтау бөлімінде бір күн жатқан соң, анемия диагнозымен дәрілер жазылып, үйге жіберілген. Ал мектеп медбикесі қыздың басына керосин емес, арнайы сұйықтық жақтым деп ант-су ішіп отыр. "Педикулез анықталған үш баланың басына сол күні «Антибит» дәрісі жағылды. Бұл керосин емес. Ол қыз үнемі биттеп жүреді. Ата-анасына да сан мәрте айтылды. Қараса болар еді. Интернат болған соң басқа балаларға жұқтыруға болмайды", - дейді медбике Юлия Рачко. Алайда қыздың жақындары содан бері мектеп тарпынан оның халін сұраған тірі жан болмағанына ренжулі. Тіпті, жайын біле тұра, ауыл дәрігері оған аудандық ауруханаға жолдама да бермепті. Бұдан бүгін ғана хабардар болдық деген аудан басшылығы енді мектепке арнайы комиссия жіберетінін айтты. Ақ-қараны солар анықтауы тиіс. Ал басындағы битпен алысамыз деп өзін діңкелеткен Нұрқанатты толық медициналық тексерістен өткізетін болды.