Жаңалықтар

Бағдат Қожахметов, "31" арна директоры: Басбұзарлықтан тілбұзарлық өрескел

ашық дереккөзі

Бағдат Қожахметов, "31" арна директоры: Басбұзарлықтан тілбұзарлық өрескел

Ақпарат айдынында өз жолын қалыптастырған, жылағанның мұңы мен қуанғанның шаттығына ортақтасатын ақпарат құралдарының бірі – «31 арна». Телеарна тізгінін Бағдат Қожахметов қолға алғалы арнада ұлттық һәм отбасылық құндылықтар ұлықтала бастады. «31 арнаның» бүгінгі тыныс-тіршілігімен жете таныспаққа, болашаққа бағдарын білмекке Бағдат Болатжанұлымен әңгімелескен едік. Сұхбатта жалпы журналистикаға, оның ішінде телевизия саласына тән жаңа тенденциялар, ақпарат нарығындағы тың үрдістер сөз болды.

«31 арна» эфирінде қазақ тілінің асығы түгел»

– «31 арна» тізгінін алғаш қолыңызға алғанда: «Арнаны қазақшаландыруға бар күшімді саламын», – деген болатынсыз. Ал журналистердің басын қосқан «Медиа Құрылтай-2014» конференциясында: «Мемлекет тарапынан мемлекеттік тілде хабар таратуды қатаң қадағалау шараларының кесірінен көрермен ресейлік БАҚ-қа ауысты, аудиторияны жоғалтып алдық», – дедіңіз. Арнаны басқару саясатындағы бастапқы ұстанымнан айныдыңыз ба? 

– «Медиа Құрылтай» конференциясында сөйлеген сөзімде орыстілді көрерменді меңзеген болатынмын. Бастапқыда берген уәдем – уәде. Ұстанымнан айныған жоқпыз. «31 арна»  қазақтың иісі бұрқырап шығатын телеарнаға айналды. Қазір арна контентінің 60-70 пайызы қазақ тілінде. Қолымыздан келгенше қазақ тіліндегі бағдарламалардың саны мен сапасын арттыруға күш салып жатырмыз. Біріншіден, бұл телеарна – біздің көзқарасымыз бен өмірлік ұстанымдарымыздың көрінісі. Екіншіден, коммерциялық арна болғандықтан, тұтынушы үшін күресті тоқтатуға біздің қақымыз жоқ. Жыл сайын Қазақстандағы қазақтардың саны 2-3 пайызға артып келеді. Еліміздегі көрермендердің басым бөлігі – қазақтар. Ал қазаққа ақпаратты қазақша ұсынбағанда қай тілде ұсынамыз? Үшінші себеп – заң. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне қойылатын талап еліміздің екі бірдей заңында көрініс тапқан: ҚР «Тіл туралы» заңында және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңында. Мемлекетіміз бір орында тұрған жоқ, экономикалық әлеуеті де, демографиялық қуаты да артып келеді. Мемлекеттік тілдің дамуы да сол қарқынға сай болуы керек. Сондықтан үкімет халықты үркітіп-қорқытпай, қысым жасамай, қазақ тілінің қолданыс аясын сатылы түрде кеңейту бағытын ұстанып отыр. Прогреске қол жеткізудің әдіс-тәсілдері мемлекеттің даму моделіне қайшы келмеуі керек. Біз осы қағиданы басшылыққа ала отырып, қазақ тілінің әлеуетін көтеруге, қазақтілді көрерменнің қатарын арттыруға үлес қосып келеміз. Қазақпен бизнес жасауға болатынын да қолымыздан келгенше дәлелдедік деп ойлаймын.

– «Мен қазақша хабардан 1 доллар, дәл сол хабарды орысша таратсам 2 доллар табамын» депсіз бір сұхбатыңызда. Рухани құндылықты материалдық игіліктің жолына жиі жығып бересіздер ме? 

– Кез келген қазақ орыс тілін біледі, бірақ қазақтың бәрі қазақ тілін білмейді. Сәйкесінше мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың үлес салмағы артпай тұр. Қазақ тіліндегі бағдарламалардың аудиториясы аз болатыны сондықтан. Бірақ ана тіліміздегі хабарлардан түсетін табыстың аз болатынына қарамастан, оларға капитал құюдан тартынған емеспіз. Келер күнге бағдар жасай отырып, қазақ тілінің болашағы жарқын болатынына көзіміз жетті. Демек, бүгін құйылған қаржы ертең еселеніп ақталады. Мемлекеттік тілдегі хабарларды неғұрлым сапалы етіп дайындаған телеарналар мен продакшн-компаниялардың түптің түбінде ұтатыны талассыз. Көрерменіміздің басым көпшілігі – қазақтар. Сондықтан қазақ тілінің көкжиегі кеңіген сайын «31 арна» да қарыштай түспек.

 – Жуырда вице-министр Бердібек Сапарбаев арнайы кеңес өткізіп, телеарналардың заңнамадағы тілдік талаптарды орындамайтынына наразылық білдірді. Жиыннан кейін сең қозғалды ма? 

– Вице-министр бір телеарнаны емес, барлық телерадио арналарын сынға алды. Сол жиынның оң әсері болғанын мойындау керек. Заңнамадағы тілдік норманы коммерциялық арналар ғана емес, кейбір мемлекеттік телеарналар да өрескел бұзып келді. Бұл мәселе көптен бері мінбелерде көтерілмей жүрген болатын. Бердібек Сапарбаевтың наразылығынан кейін телеарналардың бәрі жапа-тармағай етек-жеңдерін жинай бастады. Саланы реттейтін арнайы заңның бар екенін, оның тек мемлекеттік меншіктегі ақпарат құралдарын емес, жеке меншік арналарды да реттейтінін ұмытқандардың есіне салды. «Көш жүре түзеледі» демей ме халық? Бәрі бірте-бірте қалыпқа түсіп келеді. Экранымыз да екшелу үстінде. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырар болсақ, айырмашылық жер мен көктей. Қазір «31 арна» эфирінде қазақ тілінің асығы түгел. Мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың үлес салмағын 80 пайызға дейін көтеруге әлеуетіміз жетеді. Бірақ өзімізді-өзіміз қаржыландырып отырғандықтан, рес­публика халқының полиэтникалық құрамын ескеруге тиіспіз.

«Адамның жаны мен жүрегінің синоптиктеріміз»

– Әдетте арна аудиториясына талдау жасағанда жасы, жынысы, тұрғылықты жері, қай тілде сөйлейтіні –  барлығы есепке алынатыны белгілі. Осы талаптар бо­йынша анықтама берер болсақ, «31-арнаның» көрермені кім? 

– Біздің арнаның көрермендерін екіге бөлуге болады: іздейтін көрермен және факті бойынша арнамызды көретін аудитория бар. Іздейтін көрермен деп отырғаным – арнаның мақсатты аудиториясы. Оның 50-60 пайызы – баласын қарап, үй шаруасында отырған жоғары білімді, қазақтілді әйелдер. Басым көпшілігінің жасы  – 18 бен 45-тің аралығында. Ал факті бо­йынша біздің көрермендеріміздің орта жасы – 33 жас деп көрсетілген. Арна аудиториясының 60-65 пайызының ұлты – қазақ. Жынысына қарай топтағанда, көрерменнің 55 пайызы – әйелдер. 15 пен 25 және 45 пен 60 жас аралығындағы көрермендердің үлес салмағы басым. Орташа жас арифметика заңдылықтары бойынша анықталатындықтан, арна аудиториясын белгілейтін көрсет­кіштер ақиқаттан алшақ жатады. Дүниежүзілік көрсеткіштерге сүйенсек, орта жастағылар теледидар көрмейді екен. Өйткені басым көпшілігі жұмысқа таңертең кетіп, қас қарайған кезде бір-ақ оралады. Бос уақыттары болса,  балаларымен, достарымен қыдырғанды жөн көреді. Сол себепті 30 бен 40 жас аралығындағы көрерменнің саны аз. Телеарна алдынан тұрақты табылатын аудитория – жасөспірімдер мен зейнет жасындағы адамдар.

– Сіздіңше, бүгінгі көрермен арнаға таңдау жасағанда қандай крийтерийлерге сүйенеді?

– Теледидар тетігін қолына ұстаған адам екі-ақ критерийге сүйенеді: ұнайды және ұнамайды. Телеарнаға немесе ондағы бағдарламаларға талдау жасағанда көрермен уақыттың, көңіл-күйдің және өзінің жеке көзқарастары мен мүдделерінің ықпалында болатынын ұмытпауымыз керек. Яғни бүгін ұнаған бағдарлама ертең ұнамай қалуы мүмкін немесе қазір аса қажет болған нәрсенің құны сәлден соң көк тиынға айналуы ықтимал. 2013 жылы біз әлеуметтік зерттеу жүргізіп, көрермендер «31 арнадан» не көргісі келетінін анықтадық. Біздің арнада көңіл көтеретін, сергітіп қана қоймай танымды тереңдететін әрі отбасы мүшелерінің басын бір арнаға тоғыстыратын бағдарламалардың көп болғанын қалайды екен. Сондықтан біз 2013 жылдан бастап арнаның сипаты мен бағдарын өзгертіп, отбасылық арнаға айналдырдық. Хабарларды әзірлеу немесе дайын телеөнімді сатып алу кезінде біздің ұстанатын негізгі қағидамыз – оны отбасының барлық мүшелері бірге отырып көре алуы шарт. Яғни, келіні енесімен, анасы баласымен отырып көре алатын, қызы әкесінің жанында қысылмай тамашалайтын дүниелерді көбейттік. Ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан қазақстандықтардың барлығы отбасы құндылықтарын жоғары қояды. Біздің арна отбасы мүшелері арасындағы бірлік пен ынтымақты арттыру функциясын нәтижелі атқарып отыр. «Отбасымен бірге көрейік» деген слоганның өзі-ақ ұстанымымызға анықтама бола алады. Осы ережені ұстанудың арқасында 2014 жылы «31 арна» отандық телеарналар арасындағы рейтинг бойынша екінші орынға көтерілді.

– Қателеспесек, отандық арналардың рейтингін «TNS Gallup Media Asia» зерттеуші компаниясы анықтайды. Компания ұсынған көрсеткіштер қаншалықты объективті?

– Әлемде телеаудиторияға зерттеу жасайтын қанша озық жүйе болса, «TNS Gallup Media Asia»-да соның бәрі бар. Зерттеудің объективтілігі туралы сөз қозғамас бұрын қатысатын адамдардың санына тоқталғым келіп тұр. Компания арнаның, ондағы бағдарламалардың көрермен сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отырғанын анықтау үшін небәрі 2,5 мың қазақстандықтың таңдауына сүйенеді. Яғни 17 миллион адамның көзқарасына ат төбеліней көрермен арқылы баға беріледі. Теледидар – ақпарат құралдары арасындағы ең ықпалдысы. Халық  қайда қарап бет түзеуі керек, мәдени өмірімізге қандай өзгеріс керек деген сауалдардың жа­уабын мемлекет сол көрсеткіштерден іздейді. Демек, бәріміз зерттеуге қатысқан 2,5 мың адамның соңынан еруге мәжбүр боламыз.

Социология – өте күрделі ғылым. Бір мемлекеттің тұтас медиа саласын бағдарлайтын зерттеуді математиканың формулаларына теліп қоюға болмайды. Көрсеткіштер объективті болуы үшін зерттеудің шекарасын кеңейте түсу керек. Әзірге сол 2,5 мың адамның сұранысын қанағаттандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижеміз жаман емес. «Информбюроның» көрсетілім үлесі кейде 30-40 пайызға жетіп жығылады. «Қазақша концерттің» көрсеткіштері де өзге арналардағы ойын-сауықтық бағдарламалардан көш ілгері.  Өзіміз де аудиторияға ұдайы зерттеу жүргізіп отырамыз. Сондағы байқағанымыз, мереке күндері рейтингіміз күрт төмендеп кетеді. Өйткені қазақ тойшыл халық қой, мейрам кезінде көрші-қолаңын, туған-туысын жағалап кетеді. Демек, теледидар көретіндердің үлесі де азаяды.  Көктем шықса, қазақты теледидар алдынан табу тіпті қиын. Күн ұзарады, мерекелер мен той-томалақтар көбейеді. Сондықтан қыстың суық күндері оң жамбасымызға келеді (күлді). Мұндай күндері пештің түбінде көрпеге оранып, теледидар көріп жататындардың қарасы артады. Осылайша арна аудиториясына апта бұрын болжам жасап қоямыз. «Адамның жаны мен жүрегінің синоптиктеріміз» дейміз қалжыңдап.

– Отандық телевидениеде импорттық өнімдердің салмағы едәуір. Ал қазақстандық телеөнімге сырттан неге сұраныс жоқ? Біз неге бәсекеге қабілетті емеспіз? Техникалық әлеуетіміз аз ба, сапалы кадрлар кемшін ба?  

– Ең бірінші мәселе – Қазақстанда тұратын халық санының аздығы. Екінші мәселе – қазақ тілінің қолданыс аясының тарлығы. Әлемге кең тараған бес тіл бар, қазақ тілі олардың қатарына кірмейді. Біз сапалы дүниенің бәрін өз тілімізде жасағымыз келеді, ақшаны да қазақ тіліндегі хабарларға көбірек салуға тырысамыз. Бірақ оларды қазақстандықтардан басқа ешкім көрмейді.

Мәселенің тағы бір ұшы заңға келіп тіреледі. «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңның күшіне енгеніне 3-ақ жыл болды. Мәселен, Түркияның телевизиясы неге дамып кетті, түрік телесериалдары әлемнің түкпір-түкпірін қалай жаулады деген сауалдарға жауап іздеп көрейікші. Біріншіден, Түркияда 70 миллион адам бар. Екіншіден, осыдан он жыл бұрын үкіметтің қаулысымен мемлекеттік телеарналарына импорттық өнімдерді көрсетуге ты­йым салынды. Олар қордағы ақшаның бәрін өз өндірушілеріне, жергілікті продакшн компанияларға салды. Нәтижесінде түрік сериалдарының саны мен сапасы артты да, өзге мемлекеттердің қызығушылығын тудырды. Түрік телеөнімдері санаулы жылда экспорттық сұраныс жөнінен рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді.

Өкінішке қарай, қазақстандық жобалар әзірге шетелдіктердің қызығушылығын тудыра алмай отыр. Бір қуанатынымыз, өткен жылы «Love» телеарнасы  біздің арна түсірген  «Нархоз» телехикаясын Ресей территориясында көрсету құқығын сатып алды. Бұл – отандық телевизия тарихында төл өнімді шетелдік телеарнаға сату туралы жасалған алғашқы келісім. Ресейлік әріптестеріміз біздің жобаның алғашқы маусымдағы жетістіктерін көргеннен кейін сатып алуға бел байлаған. «Нархоз» қазақстандық продюсерлерге ресейлік нарыққа жол ашып берді, бұл үрдіс жалғасын табады деп ойлаймын.

«Ақпарат нарығының қитұрқылығы көп»

–  «Арнаның бүгінгі жетістігінің кілті сапалы мамандардың талмай еңбектенуі, озық технологияларды пайдалану және халықаралық басқарудың озық үлгілерін меңгеруінде», – дейсіз. Алдыңғы екеуін түсіндік, соңғысына кеңірек тоқталсаңыз. «31 арнаның» менеджменті өзгелерден несімен ерекше?

– Журналистердің көпшілігі «СТС Медианың» сіздерге қандай қатысы бар?», «Арнаның ақпарат тарату саясатына араласа ма?» деген сауалдарды жиі қояды. Мен де жауап беруден шаршамаймын. Біздің арнаның 20 пайызы «СТС Медиа» халықаралық холдингінің үлесінде. Екі тарап акционерлік келісімге қол қойған. Олар біздің ақпарат тарату саясатымызға араласпайды, қандай бағдарлама көрсететінімізді, эфирден қандай жаңалық тарататынымызды өзіміз шешеміз. Бірақ табыс бөліске түсетін болғандықтан олар арнадан берілетін бағдарламалардың сапалы әрі тартымды болуына мүдделі. Сондықтан бізге медиа саласындағы менеджменттің озық үлгілерін ұсынуға тырысады. Құйған капиталдары ақталуы үшін арнаның имиджіне немқұрайлы қарамайды. «СТС Медиа» – халықаралық компания, Ресейде ғана емес, Еуропада, Америкада құрылтайшылары бар. Ауқымы кең болғандықтан мүмкіндігі мен әлеуеті мол. Әлемдік тәжірибенің сынынан сүрінбей өткен әдіс-тәсілдерді бізбен бөлісіп отырады. Біз өз мента­литетімізге, ұстанымдарымыз бен көз­қа­растарымызға сай келетінін қабылдаймыз. Қазақ сіңіре алмайтын дүниені өздеріне қайтарып береміз. Яғни, «31 арна» менеджментінің өзгелерден ерекшелігі – басқарудың отандық және әлемдік технологияларын қатар меңгеруінде.

– Тауарды өндіру бар, оны қаржы көзіне айналдыру бар. Сапалы өнімнің бәрі бірдей мол табыс әкеле бермейтін шығар...

– Дұрыс айтасыз. ХХІ ғасырдағы нарықтың заңдылығын анықтайтын алтын ереже бар:  тауар өндіру өте қиын, ал оны сату одан да қиын. Сол қағиданы телеиндустрия тіліне тәржімалайтын болсақ: телевизиялық хабарларды жасау қиын, көрермен көңілінен шығу одан да қиын. Жасаған өнімің ұнайды, ұнамайды деген екі-ақ критерий бойынша бағаланатын болғандықтан, көп еңбек етуге тура келеді. Көрермен қашықтықтан басқару құралының бір түймесін басса болды, айлап дайындаған жобаң, апталап түсірген репортажың іске алғысыз боп қалуы мүмкін. Жарнама берушінің көңілінен шығу мәселесі тағы бар. Бірақ көрерменге ұнаса, жарнама беруші бас тарта алмайды. Сондықтан аудитория назары үшін күрес ешқашан тоқтамайды. Ол тоқтаған күні арна тоқырайды.

Нарықтың қитұрқылықтары көп. Мәселен, кондитерлік фабрика  кәмпиттің 100 түрін шығарады дейік. Бірақ оның тек бесеуі ғана тұтынушылардың кең сұранысына ие болуы мүмкін. Бірақ фабрика қалған 95 кәмпитті шығаруды тоқтатпайды. Өйткені оларды сатылымға шығармасаң, әлгі бес кәмпитің де өтпей қалады. Тұтынушыларға таңдау жасауға мүмкіндік беру керек. Нарықтың бұл заңдылығы телеиндустрияда да кеңінен қолданылады.  Мысалы, біз «Базарбаевтармен» бірге бірнеше сериал түсіреміз. Бірақ «Базарбаевтардың» рейтингі басқалардан жоғары болатынын біліп тұрамыз. Күштің бәрін соған жұмсап, өзге сериалдарды жүрдім-бардым түсіреміз деген сөз емес. Дегенмен біреуінің бәсі басым түседі және өзге сериалдардың шығыны сәтті жобадан түскен табыстың жанында түкке тұрғысыз болып қалады.

–  Соңғы кезде телеарналар балаларға арналған бағдар­ламаларды сиретті. Оның ішінде «31 арна» да бар. Бала тәрбиесін  «Балапанға» ысырып қойдыңыздар ма? 

– Соңғы кезде еліміз әлемдік медианың заңдылықтарын басшылыққа алып, салалық телеарналар ашу ісін мықтап қолға алды. «24.kz», «Kazsport», «Білім және мәдениет» сынды арналардың ақпарат айдынынан лайықты орын алып, өз көрерменін қалыптастыра білуі – соның айғағы. Әсіресе, балаларға арналған «Балапан» телеарнасы аз уақытта кішкентай көрермендерінің тілін таба білді. Өзгеміз балалар бағдарламасын беруді азайтқанымыз рас, бірақ түбегейлі бас тартқан жоқпыз. Біріншіден, өзгенің нанына ортақтасқымыз келмейді. Екіншіден, коммерциялық арна болғандықтан біз балаларды тұтынушылар қатарына қоспаймыз. Бізді ақша табатын және сол ақшаны жұмсайтын аудитория көбірек қызықтырады.

«Үйренем деген жасқа есігіміз ашық»

– Биыл елімізде мерейтой көп. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мемлекеттік деңгейде тойланбақ. Аталмыш мерейтойларды атап өтуге  телеарна қандай үлес қоспақ?

– Телеарна – мемлекет саясатын ілгерілететін басты насихат құралы. Еліміз үшін айтулы шаралардан ешбір арна тыс қалмайды деп ойлаймын. Біз де шама-шарқымызша бұл мерейтойларды жоғары дәрежеде атап өтуге үлес қоспақшымыз. Бір қиыны, арнамыз ойын-сауықтық бағдарламаларға басымдық беретіндіктен, Жеңістің 70 жылдығына арналған  хабарларды дайындаудың формасын іздеп, біраз бас қатыруға тура келді. Соғыстың зардаптарын, онда қисапсыз қан төгілгенін әзіл-оспақпен жеткізген кімді көрдіңіз? Сондықтан классикалық әдіс-тәсілдерді қолданған дұрыс деп шештік. Соғыс ардагерлерімен сұхбат, майдан туралы репортаждар дайындалады. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ассамблеяның 20 жылдығына келер болсақ, ұстанған бағытымызды өзгертпей-ақ бұл тақырыптарда талай қызық дүние жасауға болады. Көп ұлтты отбасының немесе бірнеше ұлт өкілдері тұраты көшенің қызықты оқиғаларын көрсететін ситком түсіруді жоспарлап отырмыз. Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындайтын тартуымыз құпия болып қалсын. Белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевпен бірге Қазақстанда бұрын-соңды болмаған жобаны қолға алдық. Жылдың соңына таман көрермен назарына ұсынатын боламыз.

– Газеттің кіріспесі кеше деп басталса, телеарналар бүгін деп сөйлейді. Ал интернет дәл қазір деп бастайды сөздің әлқиссасын. Баспасөз бен телевидениенің болашағына қатысты болжам­дарыңыз қандай?

– Кезінде кино пайда болғанда дуа­лы ауыздар театр өледі деп даурықты. Газет шыққанда кітап келмеске кетеді деген болжам айтылды. Ал интернет ақпарат нарығын жаулай бастағанда телевизия өледі деп шуласты жұрт. Бәрі де жел сөз екенін уақыт дәлелдеді. Театр өз орнында, кітап та оқырманын жоғалтқан жоқ. Ал телевизия жаңа ғасырдағы жаңа дәуренін бастады. Интернетке келер болсақ, ол тек бос құты тәрізді. Оның ішіндегі контенттің басым бөлігін баспасөз бен телевизиялық өнім толтырып тұрғанын ұмытпауымыз керек.

– Француздың «Шарли Эбдо» журналына қарсы жасалған лаңкестік әрекет дүние жүзінде үлкен резонанс тудырды. Шетелдік әріптестердің қазасынан кейін «Біз қаншалықты қорғалғанбыз?» деген сұрақ мазалайды.

– «Шарли Эбдо» редакциясының істегенін қайталасаңыз, сіздің қауіпсіздігіңізге ешкім кепілдік бермейді. Бірақ француз журналына қарсы  жасалған лаңкестік әрекетті ештеңе ақтай алмайды. Әр нәрсенің өз шегі бар. Дін мен ділдің ерекшелігін де естен шығармау керек. Еуропада қалыпты нәрсе деп қабылданатын құбылысты Азия халықтары қабылдай алмауы мүмкін. Ағылшындар мен немістер ардақ тұтатын дүниенің қазақ үшін бақырлық құны болмауы ықтимал. Өйткені әр халықтың өмірге деген көзқарасы, таным-таразысы әртүрлі. Сондықтан ақпарат айдынында жүрген әрбір журналист өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Көрерменге, оқырман мен тыңдарманға ұсынған ақпаратың үшін, ең алдымен, өзің жауаптысың. Кейбір әріптестерім қолымен істегенді мойнымен көтеруге келгенде осалдық танытып жатады. «Заңымыз олқы, жан-жағымыздан төнген қауіп көп, қорғанымыз жоқ» деген даурықпаны да қадамын аңдамай басатындар таратады.

Біздің арнаның ұстанымы – ел ішіндегі берекенің шырқын бұзбау және азаматтардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу. Шынайы ақпарат берудің жөні осы екен деп, оң-солға қарамай айқайлай беруге болмайды. Редакцияға келіп түскен материалдың бәрі сүзгіден өтеді, күзелетін және түзелетін тұстары болады. Биліктен немесе құрылтайшыдан қорыққандықтан емес, ел тыныштығын ойлаған­дықтан. Халық неғұрлым бейбіт ғұмыр кешсе, соғұрлым байиды. Елдің тұрмысы түзелсе, «31 арнаның» да әлеуеті артады. «31 арнаның» қуаты артса, телеарнадан берілетін хабарлардың саны мен сапасы жақсарады.

– Жуырда «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл «Дилетанттың дәурені-2» деген мақала жазып, телеарна эфирін босатпайтын әншілер мен актерлерді сынға алды. Өнер жұлдыздарына телеарна төрін ұсыну – Ресейден енген құбылыс. Терістік көршіміздің бұл үлгісі саланың нағыз мамандарын көк жәшіктен шеттетіп жіберген жоқ па?

– Бұл сұрағыңызға бір ғана мысалмен жауап беруге болады. Осыдан 4-5 жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері арасында зерттеу жүргізіп, жастардың бұл мамандықты не үшін таңдағанын анықтамақ болдық. Зерттеу нәтижесіне таңғалмасқа шарамыз қалмады. Студенттердің 99 пайызы тележүргізуші болып, халыққа тез танылу арқылы жоғары лауазымға қол жеткізу үшін журналистика факультетіне түседі екен. Мамандықты мансап үшін таңдайтын болса, мұндай жас­тар журналистиканың көсегесін көгертеді дегенге сенбеймін. Ал эфир тізгінін ұстаған өнер жұлдыздарына келер болсақ, бұл – әлемдік тенденцияға айналған құбылыс. «Нағыз мамандар түн ұйқысын төрт бөліп хабарды дайындайды, ал атақ пен алғыс атаулыға жүргізуші ие болады» деген наразылықты жиі естимін. Кейде рейтинг үшін танымал адамдарды шақыратынымыз рас. Ойын-сауықтық немесе музыкалық бағдарламалар болмаса, ақпараттық-сараптамалық хабарлардың тізгіні журналистердің өз қолында. Атақ пен марапатына да ешкім ортақтасып жүрген жоқ.

– Жұмыс істеуге келген жас кадрлардың біліксіздігі үшін телеарналардың басшылығы әдетте журналистика факультетін кінәлайды.  Сапалы білім теория мен тәжірибенің ұштастығынан тумай ма? Мәселен, көп телеарналар тәжірибеден өтуге келген жастарға оң шырай таныта бермейді. «31 арна» ше? 

– Журналистика факультеттері мен «Информбюро» редакция­сының арасындағы жол қауын­шының жолындай. Үйренем деген жасқа есігіміз ашық. Біздің арнадан тәжірибеден өтіп, арнаға сіңісіп кеткендер, кейін жұмысқа қабылданғандар өте көп. Жастарды саланың қыр-сырына баулуға біз де мүдделіміз. Өйткені сапалы кадрлар үнемі резервте тұруы керек. Журналистер бір орында отырмайды. Бірінің қызметі ауысады, бірінің шені өседі. Кейде редакциялар арасында да ауыс-түйіс болып тұрады. Сондай кезде журналистерді өзіміз даярлаған мамандар алмастырады. Телевизияда өндірістік процесс бір сәт те толас­тамайды, сондықтан жұмыс өзінің қалыпты ырғағынан жаңылмас үшін кез келген нәрсенің, тіпті, кадрдың да баламасы болуы керек.

– 2011 жылы «Болашақтың іргесін бірге қалайық» атты Жолдауында Елбасымыз: «2017 жылы қазақстандықтардың 80 пайызы, ал 2020 жылы 95 пайызы қазақ тілінде сөйлейді» деген болатын. 2020 жылға дейін 5-ақ жыл қалды. Көрсетілген межені бағындыра аламыз ба?

– Бүгінгі күнге дейін Елбасымыздың бір де бір болжамы ақиқаттан алшақ кеткен жоқ, бағдарларының бәрі орындалуда. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген бұл межеге де өз уақытында қол жеткіземіз деп ойлаймын. Соңғы рет журналистермен кездесуінде Елбасымыз айфон, айпадтармен кітап оқитындарды болашақта қағаз кітап оқығандар басқаратынын айтты. Бұл сөзі де негізсіз емес.

Мемлекет жүргізіп отырған саясатты қолдау мақсатында «31 арна» өзінің қазақтілді көрермендерін тек Қазақстан территориясынан ғана емес, өзге мемлекеттерден де іздей бастады. 2016 жылдан бас­тап Ресейдің шекараға жақын төрт облысына біздің арнаны көрсету мәселелерін шешіп жатырмыз. Неге десеңіз, ол жерде 2 миллионнан астам қандастарымыз тұрады. Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында 1,5 миллион қазақ бар екен. Оған 10 миллион түркітілдес халықты қосыңыз. Олардың көпшілігі қазақ тілін жетік меңгерген. Қандастарымыздың арасында интернет арқылы «Информбюроны» жібермей көретіндер бар. Ал ғаламдық желіге қосылуға мүмкіндігі жоқтар біздің бағдарламаның бірнеше санын дискіге жазып алып көреді екен. Қытайда сөз бостандығына шектеу қойылғандықтан оларды журналистердің билік өкілдерін ашықтан-ашық сынға алуы қатты қызықтыратын көрінеді. Сондықтан «31 арнаның» шекарасын Қытайға дейін ұлғайту мәселесін де күн тәртібіне қойдық. Өзбекстан мен Қырғызстанды да қамтығымыз келеді. Біріншіден, қазақ тілінің көкжиегін кеңейту мақсатын көздесек, екіншіден, коммерциялық мақсаттан туған ұмтылыс. Қазіргі таңда Қазақстанда телевизиялық жарнамадан түсетін табыстың жиынтық көлемі небәрі 110-120 миллион долларды құрайды. Осы шектен аса алмай тұрмыз. Кірісті арттырудың ең оңтайлы жолы – арналардың хабар тарату шекарасын ұлғайту. Қазақтілді БАҚ-тың керегесі кеңейсе, қазақ тілінің де тынысы ашылады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА