Жаңалықтар

Хо Ши Миннің Алматыда ізі қалған

ашық дереккөзі

Хо Ши Миннің Алматыда ізі қалған

Тарихты тұлғалар жасайды. Шығыс Азия елдерінің тарихында Мао Цзе Дун, Сун Ят Сен, Дэн Сио Пин, Хо Ши Мин, Шан Хай Ши,  Махатма Ганди, Махаткир Мұхамед үлкен бетбұрыстар жасаған жандар. Хо Ши Мин  француздар мен жапондардың отары болған Вьетнамға ұзақ жылдарға созыл­ған ұлт-азаттық күрес арқылы 1945 жылы тәуелсіздік алып берді. Вьетнам Социалистік Рес­публикасы орнады. Оның кү­реске толы өнегелі өмір жолы – тек Вьетнам халқына ғана емес, бүкіл шығыс елдеріне, оның ішінде Орталық Азия  халықтарына да үлгі. Жуырда Алматыдағы «Орхон» баспасының «Ұлы тұлға» сериясы бойынша Вьетнам халқының ірі тарихи тұлғасы, саяси қайраткері, президент «Хо Ши Мин» атты кітап қазақ-ағылшын тілдерінде жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесер рәсімі Абай атындағы ҚазҰПУ-де салтанатты жағдайда өтті. Еліміздегі Вьетнам Социалистік Республикасының  Төтенше және Өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хиен ханым, елшінің көмекшісі Ле Дак Куан, бірінші хатшысы Чан Динь Туан мырзалар бастаған бірнеше қызметкерлер Астанадан Алматыға арнайы келді. Сондай-ақ, тұсаукесерге Үндістан Республикасының консулы Мартин Клеменис, Малайзия Республикасы консулдығының бірінші хатшысы Норлиза Бинти Мд Заин ханым, ҚР Сыртқы Істер министрлігінің «Қазақстанның дипломаттар қауымдастығы» кеңесінің мүшесі Мақсат Нұрмағамбетов пен министрліктің Алматы қаласындағы Өкілдігінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жөніндегі кеңесшісі Алмаша Аренова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы атынан ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Орхон» Баспа үйінің директоры Жәмила Айдос қатысты. Университеттің бірінші проректоры Мубарак Ермағанбетов тұсаукесер рәсімін ашып, Вьетнам Социалистік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Доан Тхи Суан Хиен ханымға сөз берді. Елші екі елдің әлеуметтік-экономикалық қатынастары, Қазақстанның қарқынды дамуы, мәдени-достық байланыстары жөнінде маңызды әрі мәнді сөз қозғай келіп, соның жарқын көріністерінің бірі − аталмыш кітаптың жарыққа шығуымен көпшілікті құттықтады.