Оңтүстіктен Солтүстікке бет түзеген көш 

Кейбір деректерге сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстан халқы 20 миллионнан асады деген болжам бар. Бұл межеге жету – асқақ арман. Тіпті, қайбір жылдары демограф ғалымдардың «2020 жылы 20 миллионға жетеміз» деген пікірінің өзіне марқаятын едік. 

Дегенмен, әлгі болжанған халық санының 50 пайыздан астамы оңтүстiк өңiрдегi бес облысқа ғана тиесiлi. Есесiне, солтүстiк аймақтардағы халық саны кеми түспек. Елдегi iшкi көшi-қон саясатын осы қалыпта ұстап тұрар болса, солтүстiктегi тұрғындар санының төмендей беретiнi айтпаса да түсiнiктi. Бұл өз кезегiнде солтүстiкке қарасты облыстарда жұмыс күшiнiң жетiспеушiлiгiн тудырады.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы халқының тығыздығы жағынан көш басында. Сол себептен де екі қолға бір күрек таппай жүргендер көп. Еліміз осы тұрғыда екі мақсатты жобаны жүзеге асыруды қолға алған болатын. Бұл солтүстік өңірді қазақыландыруға және халықтың жұмыспен қамтылуына бағытталып отыр. Яғни, еңбек ресурсының теңсіздігін реттеу қазақыландыру саясатымен қатар жүреді. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында еңбек нарығын жаңғырту мақсатында еңбеккерлерді артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керектігін атап көрсеткен болатын. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына арнайы тармақ енгiзiп, бұл мәселенi шешудiң оңтайлы жолдарын белгiледi. Ондағы мақсат – ел азаматтарын, әсiресе, халқы тығыз, жұмыссыздығы басым оңтүстiк тұрғындарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге қарай көшiрiп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру. Бастама сәтiмен жүзеге асса, қоғамдағы бiрқатар өзектi мәселенiң түйiнi тарқатылмақ.

Ал демографиялық болжам бойынша, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халық саны 5 миллион 300 мың адамға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі күрделене түсуі мүмкін. Керісінше, солтүстік өңірлерде тұрғындар саны 900 мыңға кеміп, жұмыс күшінің жетіспеушілігі үлкен түйткілге айналу қаупі басым.

Былтыр оңтүстіктен солтүстікке 400-ден астам отбасы қоныс аударды. Олардың дені орысы басым, ауасы суық өңірді жерсініп кетті десе де, мемлекет тарапынан уәделі көмекті ала алмай, күнкөрістері қиындап кеткендері де кездесіп жатты. Алайда күнгейден теріскейге көшкен отандастарымыз құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы және медицина салаларында еңбек етіп, еліміздің дамуына қал-қадірінше өз үлесін қосып келеді. Бір айта кетерлігі, оңтүстіктен солтүстікке қоныстанған отбасының көбі көк­өніс, жеміс-жидек егіп, жергілікті тұрғындарға диқандықтың қыр-сырын да үйретіп жүр.

Дегенмен, халқы көп оңтүстік өңірдің мұнымен мәселесі шешілмек емес. Облыстағы экономикалық тұрғыда белсенді халықтың ішінде 62,7 мың адам жұмыссыздар қатарында. Қазір халықты жұмыспен қамтуға, жаппай кәсіпкерлікке тартуға көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Облыс азаматтарының бірқатары жұмыс күші аз солтүстік облыстарға қоныс аударып, кәсібін дөңгелетуде. Мәселен, 2016 жылы облыстан Солтүстік Қазақстан облысына 125, Қостанай облысына 18, Шығыс Қазақстан облысына 3 отбасы қоныс аударған. Ал биыл осы мақсатта қанша отбасы қоныс аударуға ниетті? «Серпін» жобасы бойынша қанша шәкірт білім алмақ? Осы секілді маңызды мәселелер өңіраралық бірігуді дамыту жөніндегі шаралар бойынша өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде кеңінен айтылды. Ал оңтүстікке арнайы сапармен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту бағдарламасын жан-жақты түсіндіруге тырысты.

Бос жұмыс орны жәрмеңкесіне Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облысынан 60-тан аса өкіл келді. Олардың тарапынан 1785 бос жұмыс орны ұсынылса, өндірістік салада – 664 (37, 1 пайыз), білім саласында – 551 (31 пайыз), денсаулық сақтау саласында – 373 (21 пайыз), мемлекеттік басқару ісінде – 108 (6 пайыз), ауыл шаруашылығында – 64 (3,6 пайыз), т.б. бос орындар. Сондай-ақ, жәрмеңкеде Шымкент қаласынан 30 ірі кәсіпорын 2500-ге тарта бос орын ұсынды. Осылайша, Мақтаарал, Сарыағаш ауданында және Шымкент қаласында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі табысты қорытындыланды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садырдың айтуынша, 700-ге жуық отбасы көшті одан әрі жалғастыруға ниетті. Ал «Серпін» бағдарламасы бойынша облыстың 700-ге тарта түлегі басқа өңірлерге баруға келісім берген.

«Мемлекеттік маңызы бар жәрмеңкені Мақтаарал ауданынан бастауды жөн көрдік. Өйткені мұнда  халық тығыз орналасқан. Қазірдің өзінде аудан халқының саны 350 мыңға жетіп отыр. Айта кетейін, жәрмеңкеде 636 жұмыс беруші 1785 бос жұмыс орнын ұсынды», – деді  Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садыр. Ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография ерекше рөл атқарады. Бүгінгі таңда оңтүстік пен солтүстік аймақтарда теңсіздіктің орын алып отырғаны жасырын емес. Оңтүстікте халық саны жыл санап көбейсе,  солтүстікте керісінше тұрғындар саны жыл санап кеміп, бірқатар ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Бұған өңірдің ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін жұмысқа жарамды маман тапшылығын қосыңыз.

«Былтыр «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында  облысымыздан теріскейге  615 адамды құрайтын  146 отбасы қоныс аударды. Оның 125-і  Солтүстік Қазақстан облысына орналастырылса, 18 отбасы Қостанай облысына қоныстанды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысына 3 отбасы барды. Ал 22 отбасы бағдарламадан тыс, өз еркімен көшті. Қоныс аударып барған әр отбасының отағасына 106 056 мың теңгеден,  әрбір отбасы мүшесіне 74235 мың теңгеден бір реттік көмекақы төленді», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. 2016 жылы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған 615 отбасы мүшесінің  162-сі немесе 26 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет қолдауының арқасында елге ел қосылып, оңтүстік жұрты солтүстік өңірлердің  жұмыс күшін толықтырды.

Айтпақшы, осы орайда iшкi көшi-қонды реттеуге өз тарапынан да үлес қосып жүрген облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков 50 отбасының Солтүстiк Қазақстан облысына баруына жәрдем берiп, баспаналы болуына ықпал еткен.  Қазiр бұл отбасылар 7 мың гектар жердi меншiгiне алып, мал және егiн шаруашылығымен айналысуда. Мәслихат депутаты осы жылдың сәуiр айында Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандарынан 100-ге жуық азаматты Қызылжар аймағына апарып қайтты. Нәтижесінде еңбек етуге ынтық жандар сол аймақтың жұмыс әлеуетiн зерделеп, тұрмысқа қажеттi мүмкiндiктердi бағамдап келген. Қызылжарға көш түзеген 40 отбасы сол сапардың игi жемiсi деуге болады.

Жемісін берген жоба

«Еңбек нарығының ұтқырлығын дамытудың» өңіраралық бизнес-форумына арнайы келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының алғашқы бағыты аясында 2,5 жыл оқу мерзімімен колледждерде тегін кәсіби-техникалық білім беру ұйымдастырылады. Бұл орайда ең алдымен мектепті бітірген соң оқуға түспеген жастарға назар аударылады. Кәсіп ашамын деген азаматтарға қалалық жерде «Даму» қоры арқылы, ауылда және шағын қалаларда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры мен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие беріледі.

2011-2016 жылдары аралығында жүргізілген «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары жөнделді. Ауылдар абаттанды. 800 мыңнан астам азамат осы жобаға қатысып, мүмкіндігінше жұмысқа орналасты. Ал биыл бағдарлама атауының  неліктен өзгергендігі жайында министр былайша ой түйеді.

«Елбасы өз Жолдауында бүкіл әлем төртінші ғылыми-техникалық революцияға өткенін атап көрсетті. Қазір жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Енді барлық жұмыс берушілер мамандарға жоғары талап қояды. Өткен жылы жұмыс берушілерден жалпы 100 мыңнан аса жаңа бос орын бойынша хабарландыру ілінді. Онда ұсынылған қызметке сай келмеген талапкерлер де кезікті. Себебі мектеп бітіргеннен кейін ешқандай мамандық иесі бола алмаған жастар көп. Біз алдыңғы бағдарлама аясында біраз азаматтарды жұмысқа тарттық. Уақытша істегендер де бар. Жұмыс берушілердің тапсырмасына сәйкес, азаматтарды оқыттық. Бірақ, бүгінгі нарыққа қажетті мамандарды толық қамти алғанымыз жоқ. Сондықтан жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – азаматтардың өз бетінше жұмысқа орналасуы, оларға қолдау көрсету, өздерінің кәсібін ашу үшін несие алуға қолдау көрсету», – деді министр.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев форумда сөйлеген сөзінде өңіраралық ынтымақтаса даму ең алдымен агроөнеркәсіптің ілгерілеуіне жол ашатынын жеткізді. «Солтүстік облыстардан картоп, мал азығы сынды өнімдерді алып, өңіраралық кооперативтерді қалыптастыру жолдарына мән беруіміз қажет. Дайын өнімдерді ішкі нарықтан бөлек, шекарадан асырып, Ресей Федерациясының аумағына өткізуге мүмкіндік бар. Мұндай бағыт Еуразиялық экономикалық одақ аясында көршімізбен экономикалық байланысымызды нығайта түседі. Бірлескен одақтың шартына сәйкес, Қазақстан тарапынан өтетін тауарларға көптеген жеңілдіктер бар. Бүгінде облыстың бақша өнімдері Ресейге жіберіліп жатыр. Ал сол көкөніс өсіруді солтүстік облыстарда дамытып, шекара асыру тиімді болмақ. Сондай-ақ, шаруалар солтүстіктен Оңтүстікке жеткізетін ауылшаруашылық өнімдерін де молынан дайындап, осында жіберуге мүмкіндік болады. Бұл өз кезегінде елімізде азық-түлік нарығын жеңілдетуге оң ықпал ететіні анық. Бүгінде Қазығұрт ауданындағы «Амангелді» корпорациясы Ақмола облысында 5 мың гектарға бидай дақылын егумен айналысады», – деді облыс әкімі.

Форум барысында барлық облыс әкімдерімен бос жұмыс орындарын анықтау бойынша меморандумға қол қойылды. Оңтүстіктен – солтүстікке, оңтүстіктен – шығысқа бағытталған көш жалғасын табуы керек. Ең бастысы, көшуге ниет білдірген әрбір азамат мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің берілетінін, жұмыс орнымен қамтылатынын білгені абзал. Қазірдің өзінде «Серпін» бағдарламасы бойынша 5627 студент солтүстік аймақтарда білім алуда. Ал олардың қатарын биыл тағы 700 түлек толықтырмақшы. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев биыл 300 отбасыны қабылдауға дайын екендіктерін жеткізіп, ол үшін 600 баспана, 1 мыңға жуық жұмыс орны мен 35 мың гектар егістік жер әзірленгенін айтты. Аталмыш өңірлерден шығатын еңбек мигранттарына көш шығындарын жабатын және бір жыл бойы баспана жалдауға қажет қаржыны өтейтін субсидия бөлінбек. Барлық бағдарламаларға сай  берілетін жәрдем қаржының жиынтық көлемі 18 млн теңгеге дейін ұлғайтылып отыр. Ал несие 6 пайызбен беріледі.

Квота қайта қаралмақ

Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман депутаттық сауалында оңтүстіктен солтүстікке бағыт алған көштің баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті. Себебі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, өткен жылы Үкімет қаулысымен жұмыс күші артық өңірлерде тұратын отбасыларды жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бөлінген 463 квотаның 196-сы ғана игерілген, яғни тиісті тапсырма небары 42 пайызға ғана орындалған. Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысы ғана айрықша мүдделілік танытып, өткен жылы квотадағы 110 отбасының орнына 129 отбасыны қабылдапты.

Бұл жөнінде депутат:  «Алдағы уақытта тұрғындарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыру жұмысының қарқыны мен ұтымдылығын арттыру мақсатында мынадай іс-шаралар жедел қолға алынуы керек-ақ. Мемлекеттік тұрғыдан алғанда аса маңызды істің жергілікті жерлерде орындалуы қанағаттанарлықтай емес. Біріншіден, қоныс аударушыларды қабылдаудың 2017-2019 жылдарға арналған өңірлік квотасын бөлу мәселесін қайтадан қарау қажет. Өйткені үстіміздегі жылы артық жұмыс күші бар өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге 288 отбасыны қоныстандыру белгіленген. Ал бұл жеткіліксіз. Өйткені, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысы биыл квотадағы 110 отбасының орнына 300 отбасын қабылдауға дайын екендігін мәлімдеп отыр. Екіншіден, жұмыс күші артық өңірлер тұрғындарының жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге бірнеше отбасы болып, шоғырлана көшуін ұйымдастырған жөн. Мұның өзі олардың барған жерлеріне тезірек бейімделуіне оң әсерін тигізері даусыз. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша қоныс аударушылардың тұрғын үйді жалға алуына бөлінетін қыруар қаржыға олардың өздері көшіп баратын елді мекендердегі босап тұрған тұрғын үйлерді сатып алуына рұқсат беру керек. Бұған қоса, қоныс аударушылардың өздері үшін тұрғын үйлер салуына мүмкіндік туғызу және оларды тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету қажет. Мұның өзі жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуін әлдеқайда жеделдетері сөзсіз» дегенді айтады.

Үкімет бөлген квотаның өткен жылы толық игерілмеуінің негізгі себебі осы. Және де тұрғын үйді жалға алу келісімшартында егер қоныс аударушының отбасы кемінде 5 жыл бойы тұрған жағдайда оған сол тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығы берілуі қарастырылса да артықтық  болмайды. Сондай-ақ, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақ­­­­стан облыстарының қоныс аударушыларды қабылдауға әлеуеті бар елді мекендерінің тізбесін жасап, олардағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін оқушылар мен тұрғындар санының азаюына байланысты жабуға мораторий жариялаған жөн екендігі айтпаса да түсінікті.

P.S.

30 сәуір күні Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары  мен Шымкент қаласынан  жалпы 40 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Бұл отбасылар Солтүстiк Қазақстан облысының Айыртау, Есiл, Мағжан Жұмабаев аудандарына қоныстанып, мал және егiн шаруашылығымен айналыспақ. Биыл қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 35 айлық есептік көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан өткен жылы 146 отбасы немесе 572 адам Қазақстанның өзге өңірлеріне қоныс аударған. Оның ішінде 125 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, қалғандары Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барған.

 

 

Back to top button