Ақылы тұрақ талай даудың әлқиссасына айналып үлгерді

Ақылы тұрақ талай даудың әлқиссасына айналып үлгерді

Ақылы тұрақ талай даудың әлқиссасына айналып үлгерді
ашық дереккөзі

Өткен аптада Сенат «Жол ережесі туралы» заңға өзгеріс енгізіп, үлкен қалалардағы ақылы тұрақ мәселесін реттеуге алғашқы қадам жасады. Бұдан былай тұрақ үшін төлем терминалдарын орнатып, ақы төлемеген жүргізушілерге айыппұл салу жергілікті әкімшіліктердің құзырына берілді. Күні бүгінге дейін ақылы тұрақ қызметін тек Алматы мен Астана қалаларының жүргізушілері пайдаланып келсе, енді еліміздің өзге шаһарларындағы көлік иелеріне де паркоматтың тілін үйренуге тура келеді.

Жол жиегінде тұратын жасыл немесе сарғыш кеудешелі тұрақ күзетшілерінен жалыққан көлік жүргізушілері заңға енгізілген өзгерісті қуана қабылдады. Алайда жаңа құжатқа халық қалаулы­ларының көңілі толмаған сияқты. Олардың айтуынша, құжат күлдібадам күйінде қабылданып кеткен. Сенатты сынағандардың ішінде әсіресе, Мәжіліс депутаты Рауан Шаекиннің айтар уәжі аз емес: «Көлік қоятын орынның аумағы, ені қандай болуы керек, қанша жолақ түседі, жүргізуші төлемді қалай өтейді, көліктің қауіпсіздігіне кім жауапты? Сенат енгізген өзгерісте бұл мәселелер толық шешілмеген», – дейді ол. Өзгеріс енгізілген заң жобасында ақша қабылдайтын құрылғының сертификаты болуы керектігі ғана көрсетілген. Ал оның талон мен билет арқылы немесе қолма-қол төленетіні белгісіз. Сондықтан Мәжіліс Ішкі істер министрлігіне ақылы тұрақ мәселесін бүге-шүгесіне дейін талдап-таразылап, заң жобасының жаңа нұсқасын әзірлеуді тапсырды. Тапсырманы орындаудың нақты мерзімі кесіп айтылған жоқ, ведомствоның ұсыныс дайындауға қанша уақыт жұмсары беймәлім. Демек, жекеменшік және муниципалды тұрақтарда жүйеленген тәртіп жақын арада орнай қоймайды деген сөз. Қаласаңыз да, қалмасаңыз да, уақытша аялдау үшін кеудеше киген тұрақ қызметкерлерінің қызметіне жүгінуіңізге тура келеді. Ымыраға келе алмаған жүргізушілер мен күзетшілердің ортасында әлі қанша кикілжің болары белгісіз. Таяуда ғана біреуді аурухана төсегіне таңып, біреуді түрме торына қамаған заңсыз тұрақтар тағы да дау ошағына айналмасына кім кепіл?

Ақылы тұрақтағы атыс

Осыдан бір ай бұрын Абылай хан көшесінің бойында болған оқиғаны жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. «Toyota RAV4» маркалы автокөліктің жүргізушісі Иван Хутор тұрақ үшін ақы сұраған адамға оқ атқан еді. Травматикалық тапаншадан төрт рет атылған оқтың екеуі тұрақ күзетшісінің аяғына тиген. Жәбірленуші оқиға орнынан ауруханаға, ал жүргізушіні тергеу изоляторына алып кетті. Айыптың бәрі Хуторға бағытталғаны айтпаса да түсінікті. Бірақ ол нағыз жәбірленуші тұрақ қызметкері емес, өзі екенін айтып ақталды. КТК тілшісіне берген сұхбатында Хутор оқиға болатын күні Жібек жолы көшесінде таныс құрбысымен жолыққан. Кездесуден кейін Абылай хан даңғылының бойына қалдырған көлігіне жақындайды. Сол уақытта оған жасыл кеудеше киген ер адам келіп, тұрақтың ақысын сұраған. Иван одан аумақтың жекеменшік екенін және төлемнің заңды екенін айғақтайтын құжатты көрсетуді талап етеді. Тұрақ қызметкері тиісті құжатты ұсына алмаған соң Хутор кетуге ыңғайланады. Жүргізушінің айтуынша, сұраған ақысын ала алмаған күзетші жұдырық ала жүгірген. Сол маңда тұрған өзге тұрақ қызметкерлері де жүгіріп келіп, сөзге келместен Иванды соққыға жыға бастапты. «Ол аздай, көлігімді тонап, тіпті айдап кетпек те болды. Қорғану үшін қару қолдануыма тура келді», – дейді Иван Хутор. Жүргізушінің сөзі шындыққа қаншалықты жанасатыны белгісіз, бірақ оқиға болған жердің ақылы тұрақ екенін айғақтайтын белгінің жоғы – шындық. Әйтсе де, қалалық ІІД жүргізушінің үстінен атыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын-ала болжам бойынша, айыпталушыға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін екені айтылған болатын. Бірақ тергеу изоляторында үш күн отырған Иван соттан оны қамау туралы санкция келмегендіктен бостандыққа шықты. Босатылғаннан кейін Хутор журналистердің оқиға мен тергеу туралы сауалдарына жауап беруден бас тартты. «Мен болған жайды құпия ұстау туралы қағазға қол қойдым. Сондықтан сіздерге ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды.

Белгілі заңгер Сергей Уткиннің осы оқиға туралы пікірін сұраған едік. Оның айтуынша, арнайы заңның жоқтығы азаматтарды адастырып келеді.

«Ақылы тұрақтарды реттейтін арнайы заңның жоқтығынан азаматтар арасында түсініспеушілік туындайды. Жүргізуші төлемеуім керек дейді, ал автотұрақ қызметкерлері өз қызметтері үшін ақы талап етеді. Екі жақ та өз талаптары заңды екеніне сенеді. Егер жақын арада бұл жағдайды тоқтатпасақ, атыспен аяқталатын жайттар қайталана береді. Өйткені жұрт тектен-текке ақша төлегісі келмейді», – дейді заңгер.

Жүргізушілер  наразылығы үдеді

Жол жиектерін заңсыз билеп-төстеп алған ұйымдардың қалтасын қампайтқысы келмейтін жүргізушілердің қатары расында да көп. Солардың бірі – Қуат Жаңабаев. Ол көлік иелерінен алынып жатқан қаражаттың көлденең көк аттылардың қалтасына түсіп жатқанына наразы:

– Жасыл кеудеше киіп алып, жол бойын торуылдаған адамдарды қаланың барлық көшесінен кезіктіруге болады. Жол бойына аз ғана аялдап, дүкенге кіріп шығайын десең де жаныңа жүгіріп келіп, ақы сұрайды. Не құжаттары, не талондары жоқ. «Біз орын үшін емес, көрсеткен қызметіміз үшін ақы аламыз» дейді. Бос орын нұсқағаны үшін ақы төлеуім керек пе сонда? Қай орынның бос екенін көретін көз өзімде де бар, қай жерге көлігім сиятынын өзім де шамалай аламын. Құдайға шүкір, тәжірибем жетерлік, автокөлік тізгіндегеніме 30 жылдан асты. Көлігімді тұраққа кіргізіп-шығару үшін ешкімнің көмегін қажет етпеймін. Ақы алған адам көліктің қауіпсіздігіне жауап берсе мейлі екен. Автокөлігің сырылса да, тоналса да, жауапкершіліктен бастарын ала қашады. Олай болса мен неге тектен-текке біреуді байытуым керек? 50 теңгеден кедейленіп қалмаспын, бірақ жүргізушілерден жиналған қаржы қала қазынасына түсетініне күмәнім бар. Егер ақылы тұрақтар ресми белгіленіп, төлем терминалдары орнатылар болса, түсініспеушілік болмас еді, – дейді жүргізуші.

Автокөлік иелерімен тілдескеннен кейін автотұрақ мәселесінде адам факторын жоятын уақыт жеткенін түсіндік. Тұрақ күзетшілерін заманауи паркоматтар алмас­тырар мезгіл баяғыда туған. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Алматы қалалық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының сол кездегі басшысы Алтай Рахымбетов кеудеше киген күзетшілер Алматы көшелерінен аластатылатынын сүйіншілеген болатын. Электронды төлем жүйесімен жұмыс істейтін жаңа автотұрақтар үшін қаладан 100 нысан белгіленіп қойғанын, тек тұрақтар қызметін бақылаушы компанияны тендер негізінде анықтау ғана қалғанын айтқан еді. Бірақ одан бері екі жыл өтті. Баяғы жартас, сол жартас. Паркоматтармен жабдықталған ақылы тұрақтарды тек ірі ойын-сауда орталықтарының алдынан ғана кезіктіре аласыз. Басқа нысандардың бәрі әзірге кеудеше кигендердің «бақылауында». Жүргізушілердің наразылығына әбден қаныққан соң, екінші тараптың уәжіне де құлақ түргенді жөн көрдік.

Кеудеше кигендердің табысы қанша?

Біз ат басын бұрған алғашқы нысан – Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысындағы тұрақ. «Арена» сауда үйіне келіп-кететін көліктердің қарасы көп екенін білетін тұрақ қызметкерлері бұл жерді құтты мекендеріне айналдырғалы біраз болған. Жол жиегінде жасыл кеудеше кигендердің үшеуі қатар тұр. Аралары шамамен 50-60 метрден. Жүзі жылы ұшырай кеткендіктен бе, әуелі ортада тұрған егде кісіні сөзге тарттық. Есімі Сәкен екен. Жасы біз ойлағаннан анағұрлым кіші болып шықты. Таңнан қара кешке дейін далада тұрғандықтан жүзі әбден тотығып, әжімдерінің қатпарлары қалыңдап кеткен. Өзі сөзге шорқақ па, әлде тұтқиылдан шыға келген журналистерден үркіп қалды ма, Сәкен аға жарытып ештеңе айтпады. Тілші куәлігімізді бекер-ақ көрсеткен екенбіз. Әйтсе де, айналшықтап жүріп біраз сұрағымызға жауап алдық. Мұнда тұрған үш күзетші де «Алматы паркингтің» қызметкерлері екен. Сәкен ағаның бұл нысанда қызмет еткеніне 5 айдың жүзі болса да, мекеме кеңсесіне бас сұғып көрмеген. Бір күндік табысты жұмыс соңында бригадирлері келіп жинап алып кетеді екен. Күн сайын әрқайсысы артық-кемі жоқ 2000 теңгені санап берулері керек. Жоспардан артылғаны өздерінің қалтасында қалады. Бригадирлерімен қалай байланысуға болатынын сұрап едік, Сәкен аға: «Менде ұялы телефон жоқ, бастықпен тек бетпе-бет жүздескенде ғана сөйлесеміз», – деді де, бізді екінші «әріптесіне» қарай бағыттап жіберді.

Жамбыл есімді бозбаланың бұл жұмысқа кіріскеніне көп болмаған сияқты. Ауылдан кеше ғана келгені, оқу-тоқуы аз екені алғашқы сөзінен-ақ аңғарылды. Тіпті, өзі жұмыс істейтін мекеменің атауын да білмейтін болып шықты. Үсті-үстіне қойылған сұрақтардан есі шыққан бала бірдеңені бүлдіріп алам деді ме, қалтасынан телефонын шығарып, жалма-жан бригадиріне қоңырау шалды: «Жандос аға, мына жақта бір тәте біздің мекеменің атын сұрап жатыр, не дейін?.. Талон ба? Иә, бар... Жарайды, Жандос аға». Тұтқаны қойған соң Жамбылдың үні батылырақ шықты. Бастығы не айту керегін құлағына құйып берген сияқты.

– Біздің компанияның аты – «Алматы паркинг»!

– Құжатың бар ма?

– Қандай құжат? Талон ба?

– Жоқ, сенің сол компанияда жұмыс істейтініңді көрсететін куәлік.

– Ааа... ондай жоқ, – деп тағы кідірді. Келіп жатқан көліктерге орын нұсқаған боп, жауаптан жалтарғысы да келді. Біз сонда да кете қоймадық, тағы сөзге тарттық:

– Жамбыл, қызметтерің үшін ақы төлегісі келмейтіндер де бар шығар, күндік жоспарды орындау қиындық тудырмай ма?

– Ешкімді қинамаймыз, әркім қалағанын береді, біреу 50 теңге, біреу 100 теңге. Күнде 4000 теңге өткіземін бастыққа. Қалғанын өзім алам.

– Сәкен аға 2000 теңге өткіземіз деді ғой.

– Жоқ, ол кісі шатасқан шығар.

– Өз қалталарыңа қанша қалады?

– Әрқалай. Кейде 1000, кейде 1500 теңге.

Біздің мақсат – елдің қалтасындағы ақшаны санау емес, бірақ бір тұрақтағы екі адамның екі түрлі сөйлеуі күдік тудырғаны рас. Жамбылдан бригадирлері Жандостың телефон нөмірін алдық. Тұрақ қызметіне қатысты мәселенің анық-қанығын сол кісіден сұрағанды жөн көрдік. Жандос мырза өз қызметтерінің 100 пайыз заңды екенін алға тартты. «Лицензиямыз бар, талондарымыз талапқа сай», – деді ол. Біз күзетшілерде қызметтік куәлік жоқ екенін, талонды қалталарына салып жүргені болмаса, жүргізушілерге ұсынғандарын көрмегенімізді айттық. «Ұмытып кеткен болар, әйтпесе барлығына құжат берілген. Ал талонды жүргізушілер керек қыла бермейді, сұраса, береміз», – деді бригадир. Көңілде күдік қалып қоймас үшін күндік жоспардың да жайына қаныққанды құп көрдік. Жандос мырзаның сөзі екі күзетшіден мүлдем алшақ кетті: «Қатып қалған сома жоқ. Күнде мынанша өткізесің деп тұрақ қызметкерлерін міндеттемейміз. Кейде 2000, кейде 1000 теңге, ал кей күндері тіпті 500 теңге жиналуы мүмкін. Түскен ақшаны конторға өткіземін», – деп сауалымызға барынша ашық жауап берген сыңай танытты. Әрі қарай қазбалай бастаған едік, Жандос мырза үш күзетшіге нұсқау беретіні болмаса, қатардағы қызметкердің бірі екенін айтты. Мекеме қызметі туралы мағлұматты кеңсеге хабарласып, басшылықтан сұрауды өтінді.

«Тастақтағы» талас

Кеңсемен байланыс орнатуға асыққан жоқпыз. Дерек пен дәйегіміз көбірек болу үшін тағы бірнеше тұрақты аралағанды дұрыс көрдік. Жолымыз түскен келесі нысан – Тастақ базары маңындағы тұрақ. Бұл жердегі тіршілік аптаның күніне, тәуліктің уақытына қарамай қайнайды да жатады. Келіп-кетіп жатқан көліктің санында шек жоқ, сәйкесінше мұнда кеудеше кигендердің де қарасы қалың. Төле би көшесінің екі жақ жиегінде солардың билігі салтанат құрған. Куәлігімізді көрсетіп, тұрақ қызметкерлерінің бірін сөзге тарттық. Респондентіміз де қызметтік куәлігін көрсетті. Құжатының мерзімі өтіп кетсе де, барына шүкір дедік. Жартылай орысша, жартылай қазақша толтырылған:

Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы паркинг» МКК

Куәлік № 1049

Аты-жөні: Сыбанкулов Орынтай

Алмалинский р-н Қызметі: контролер

31.12.2014 ж. дейін жарамды

DSCF6466

Құжат соңында мекеме басшысының аты-жөні мен байланыс телефондары да көрсетілген. «Бәрі сол куәлікте жазылған, мені мазаламаңдар» дегені ме, құжатты көрсеткені болмаса, Орынтай аға сауалдарымызға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. «Қызым, көріп тұрсың ғой, жұмыс істеп жүрміз, бөгет болмаңдаршы», – деді де теріс айналып кетті. Сәл ілгері жүрген соң мұнда сарғыш кеудеше кигендердің де көп екенін байқадық. Сұрастырсақ, олар Тастақ базарының иелігіндегі тұрақтың қызметшілері екен. Жекеменшік аумақ болғандықтан, олардың қызметіне шәк келтіре алмасымызды білген соң, сырттай бақылаумен ғана шектелдік. Кеудешелерінің түсі басқа демесеңіз, істеп жүрген істерінде титтей өзгешелік жоқ. Екеуі де көліктерді кіргізіп-шығарып, жүргізушілердің бергенін қалталарына сүңгітіп жатыр. Көліктерге жарыса жүгіріп, өзара таласып қалғандарды да көрдік.

Жасыл кеудешелілердің тағы бірі­мен тілдеспек болғанымызда ол бастық­та­рының сол маңда жүргенін айтып, ат-тонын ала қашты. «Алмас бізді сырты­мыз­дан бақылап жүреді, көзге түсіп қал­ғым келмейді. Сұрақтарыңды соның өзіне қойсаңшы. Аялдама жақта отырған болуы керек», – деп бізді бастығына қарай бағыттап жіберді. Бірақ аялдаманың қасынан Алмасты таба алмадық. Айбек есімді тұрақ қызметкері оның бірер минут бұрын кетіп қалғанын, тек кешке таман келе­тінін айтты. Аузымнан қалай шығып кеткенін білмеймін, «Ақша жинау үшін бе?», – дедім айтуға сөз таппай. «Оны қайдан білесіз?», – деді Айбек күліп. Журналист екенімізді, Айбекті неліктен ізде­гені­мізді айттық. Көліктер саябырсып, іші пыса бастаған жас жігіт әңгімеге өзі сұра­нып тұрды. Өзге әріптестеріне қойған сауалдарымызды оған да қойдық.

«50 теңге үшін балағаттап кетеді»

Айбектің «Алматы паркингтің» тұра­ғында қызмет ете бастағанына 3 айға жуық­тапты. Тұраққа келген де, Алмас брига­дирден жұмыс сұраған. Бастық бос орын­дардың бірін беріпті. Ол да, бұл да бір-бірінен ешқандай құжат талап етпеген. Айбектен күндік табысын сұрадық. «Әр күні әрқалай. Әйтеуір күнкөріске жетеді. Бастыққа беретін 2000 теңгені жинап болған соң, өзімнің қалтамды қамдай бастаймын. Кейде жолым болмай қалады, таңнан кешке дейін сараң жүргізушілер келеді. Ақша беруге қиналады, бер деп талап ете алмайсың. Тіпті 50 теңге үшін жер-жебірімізге жетіп балағаттап кететіндер бар», – дейді тұрақ қызметкері. Айбектің әңгімесінен кейін әркімнің өз шындығы барына көзіміз жетті.

Бүгінгі таңда көлік тұрағын ұйым­дас­тырумен айналысатын «Алматы паркинг» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының күндізгі 36, түнгі 42 автотұрағы бар екен. Олардың әрқайсысынан жиналған сома бас кеңсеге түскеннен кейін қалай, қайда жұмсалатыны, қала қазынасына қанша пайызы түсетінін білу үшін кәсіпорынның бас кеңсесіне қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын көтерген хатшы қыз кәсіпорын атауын дұрыс айтпағанымызға шамданып қалды. Сөйтсек, қазір «Алматы паркинг» «Алматы спецтехпаркинг сервиске» айналған екен. Мекеме басшысы Сайын Өтеғалиевпен де, оның орынбасарымен де тілдесу мүмкін болмады. «Они на выезде», – деп шорт кесті хатшы. Одан кейін де бірнеше рет қоңырау соқтық, кәсіпорын басшылығы сол кеткенінен мол кетті.

«Алматы спецтехпаркинг сервис» қала­лық әкімдікке қарайтын болғандықтан сауалда­рымызды Алматы қалалық Табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалану басқар­масына бағыттауды жөн көрдік. Тұрақ­тарды табыс көзіне айналдырған заңсыз ұйымдардың қызметін шектеу де осы басқарманың құзыретіне кіреді. Басқарма басшысы Еркебұлан Оразалинді жұмыс күнінің соңында өз орнынан әрең тапқанымызбен, ол біз қойған сұрақтарға жауап беруден бас тартты. «Бір апта немесе 10 күннен соң ақылы тұрақтар мәселесіне қатысты брифинг өткіземіз. Сауалдарыңызды сол кезде қоярсыз», – деді Еркебұлан мырза. Тілшілермен жайшылықта кездесе қоймайтын әкімдіктегілердің брифинг ұйымдас­тырамыз дегеніне қарағанда, БАҚ арқылы халыққа айтар жаңалығы бар сияқты. Не де болса, әліптің артын бағайық.