Медициналық сақтандырудың жаңа үлгісі 80 млн доллармен жүзеге аса ма?

Медициналық сақтандырудың жаңа үлгісі 80 млн доллармен жүзеге аса ма?

Медициналық  сақтандырудың жаңа үлгісі  80 млн доллармен жүзеге аса ма?
ашық дереккөзі
Денсаулық – басты байлық. Сондықтан денсаулық сақтау саласындағы әрбір жаңалық пен өзгеріс үнемі ел назарында. Соңғы уақытта медициналық сақтандыру мәселесінің түйінін тарқату аса маңызды болып тұрғаны белгілі. Елімізде медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шараларының жүргізіліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Енді шілде айында жиі сынға іліккен сақтандыру қорына жарна аудару басталады. Алайда әлі күнге дейін медициналық сақтандырудың не екенін, халыққа несімен тиімді екендігін ұғына алмай жүргендер жетерлік.

Жарна төлеу шілдеден  басталады

 Осыдан екі жыл бұрын заңмен бекітілсе де, созбаққа салынып келген жаңа жобаның жүзеге асар уақыты таяған секілді. Үстіміздегі жылдың шілде айынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеу басталады. Яғни 1 шілдеден бастап жұмыс берушілер әр қызметкері үшін жалақының 2 пайызын, ал қызметкердің өзі табысының 1 пайызын қорға аударуға міндетті. Бұл жүйе елімізде кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Шілде айынан бастап жарты жыл бойы төленген жарналарды жұртшылық 2018 жылдың қаңтарынан бастап қолдана алады. Ал, балалар мен зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектер мен ардагерлер және өзге де әлеуметтік аз қорғалған жандар үшін жарналарды төлеу 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Оның көлемі – ең төменгі жалақының 4 пайызы. Мамандар осы арқылы ел азаматтары мен оралмандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығы жүзеге асырылатындығын айтуда. Медициналық сақтандыру үшін жарнаны кім төлейді? Біздің түсінуімізше, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейді. Ал жұмыс берушілер жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлеуі қажет. «Компания басшысы болсын, жай жұмысшы болсын барлық азаматтарға бірдей жеңілдік  беріледі. Міндетті медициналық сақтандыру барлық азаматтарға бірдей болады. Бірақ ерекше медициналық қызмет, палата аламын десе, әрине өзі сатып алу мүмкіндігі бар», – дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылға жасаған болжамына сүйенсек, мемлекет әрбір адам үшін жылына 68 мың 878 теңге құяды екен. Ал жұмыс берушілер әрбір жұмысшы үшін 28 мың 748 теңге, ал қызметкердің өзі 19 мың 165 теңгені қорға аударады. Сақтандырылған азамат жеке электрондық кабинеті арқылы көрсетілетін медициналық қызмет, денсаулық жағдайы мен ақылы жарналарды көре алады. Сондай-ақ, қордан бөлінетін қаржының тек мақсатты түрде жұмсалуы жіті қадағаланбақ. Талап бұзылған жағдайда емхана ақшадан қағылады. Жарна түскеннен бастап азаматтар үшін алғашқы медициналық көмек, күндізгі күтім, профилактика, диагностика, жүктілік кезеңін бақылау тегін. Сондай-ақ, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Дәрігердің рецепті бойынша 47 ауру түрін емдеуге тегін дәрі берілмек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі өз-өзін қаржыландырып, небәрі жарты жыл ішінде 400 миллиард теңге жинайды деген болжам бар. Бірақ бұл денсаулық сақтау саласына бюджеттен бөлінетін ақша азаяды деген сөз емес. Себебі мемлекет жарнадан босатылғандар үшін ақша аударуды өз мойнына алған. Жүйе 2024 жылға қарай толығымен жүзеге асырылып, дәрігерлердің жалақысы, сәйкесінше көрсетілетін қызмет сапасы мен бәсекелестік те артпақ.

Қарызға алынған қаржы  қайда жұмсалады?

Медициналық сақтандыру жүйесін бірден жүзеге асыру қиындық тудырып тұрғаны белгілі. Осы ретте Қазақстан әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын қаржыландыру үшін Халықаралық қайта құру және даму банкінен 80 миллион доллар қарыз алады. Мәжіліс тиісті заң жобасын ратификациялап та үлгерді. Жуырда Парламент қабырғасында өткен жиында белгілі болғандай, бұл қаржының 14 миллион доллары халықаралық кеңесшілер тартуға жұмсалмақ. Ал халық­аралық кеңесшілер медициналық сақтандыру жүйесін сәтті жүзеге асырған мемлекеттерден шақырылатын болады. Олар біздің дәрігерлерге сақтандыру жүйесін енгізу тәсілдерін үйретеді. «Жоба аясында мемлекеттік сатып алуларды жүргізу мен оны бақылау тәсілдерін меңгереміз. Ол үшін Қазақстанға шетелдік кәсіби кеңесшілерді шақырамыз. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге қажетті қаражаттың басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінгенімен, құрал-жабдықтарды сатып алуға Халықаралық қайта құру және даму банкінен қарыз аламыз», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Болат Төкежанов. Айта кетейік, осы жиында қалған қаражаттың нақты қандай бағытқа жоспарланғандығы белгісіз екендігі айтылған-ды. Бірақ бұдан бір аптадай уақыт бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Халықаралық қайта құру және даму банкінен алынған қаражаттың 60 пайызы дәрігерлерді оқытуға жұмсалса, 33 пайызы құрал-жабдықтарды жаңартуға, оның ішінде жедел-жәрдем қызметін әлемдік стандартқа сай жетілдіруге бағытталатындығын мәлімдеген-ді. Әрине, медициналық құрылғыларды жаңартып, мамандардың біліктілігін арттырғаны құптарлық іс. Бірақ ол үшін шетелден миллиондаған қарыз алу қаншалықты тиімді? Денсаулық сақтау министрінің дерегінше, қарыз доллармен беріледі, пайызы – 2,03 пайыз. Бұл қарызды төлеуді еліміз тек 5 жылдан кейін бастайды. 15 жылдың ішінде 80 миллионға қосымша 11 миллион доллар қосып төлеу керек. Айта кетейік, несие қазына қаражатынан қайтарылады. Келісімшарт доллармен жасалғандықтан, валюта бағамы өзгерсе, қайтарым да өседі. Ал қаржылық жағдай өзгеріп жатса, Қазақстан Халықаралық банкке өтініш білдіріп, тұрақты үстемақы төлеуге келіссөз жүргізе алады. Бұл қарызды қайтару оңай шаруа болмасы анық. Еліміздегі дәрігерлердің білімі мен біліктілігін жетілдіруге мемлекет қаржысы жетпейді дегенге сену қиындау тәрізді. Ендеше, шеттен қарыз алуға неге құмарттық? Осы мәселеге қатысты жиында Сенат депутаты Әли Бектаев медициналық сақтандыру үшін шетелден қарыз алу бастамасын қолдамайтындығын ашық білдірген болатын. «Қаржыны қарызға алдық, соны ертең кәсіп­орындарға немесе кәсіпкерлерге беруіміз керек. Арзан пайызбен. Ал кәсіпкерлер кейін соны қайтарады. Ары қарай сыртқы қарызды да қайтаруға мүмкіндік болады. Ал мынау беріліп отырған қарыз қайтпайды. Бұл ақша жаратылады», – деді Әли Бектаев. Сенатордың сөзінің жаны бар. Қарыздың күліп келіп, жылап шығатынын жадымыздан шығармаған абзал. Бүгінге дейін денсаулық сақтау саласы болсын, өзге сала болсын, елімізде талай жаңа жобалар жүзеге асырылды. Бір өкініштісі, сол жобалардың көпшілігінің нәтижесі көңіл көншітпейді. Жарнамасы жер жаратын жобалардың соңы сиырқұйымшақтанып кетіп жатқанына кім жазықты? Жаңа жүйеге ауысуға жұртшылықтың дайындығын ескерместен қадам басатын биліктегілердің әрекеті бұл жолы дұрыс боларына сенім бар ма? Әлде медициналық сақтандыру жүйесі де талай қаражатты желге ұшыра ма? Әлбетте, жұртшылық жаңа жүйенің игілігін көрсек дейді. Сапалы медициналық қызметке жүгініп, денсаулықтарының қалыпты болғандығын қалайды. Бірақ екінші рет енгізілгелі отырған бұл жүйе қараша халық үшін қаншалықты тиімді екенін әзірге ешкім де дөп басып айта алмайды. Онсыз да даудан арылмайтын денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйе кезекті мәселенің шетін шығармаса игі.

Шетелдік үздік  тәжірибелер

Жалпы, медициналық сақтандыру алғаш 1871 жылы Германияда әлеуметтік сақтандыру жүйесі ретінде енгізілді. Ал 1883 жылы Германия канцлері Отто Фон Бисмарктың бастамасымен медициналық сақтандыру туралы арнайы заң жобасы жасалды. Бұл жүйені кейінірек бірқатар Еуропа елдері де тәжірибелеріне енгізді. Бүгінгі таңда неміс елінде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі халықтың 90 пайызын қамтиды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі барлық сақтандырылған азаматтарға науқастанған жағдайда медициналық көмек көрсетеді. Германиядағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі коммерциялық емес ұйымдар арқылы жүзеге асады. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы 191 елдің денсаулық сақтау саласын жете зерттеп, ең үздік деп Францияны атаған. Міндетті медициналық сақтандырудың француздық моделі әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі тиімді интеграциямен сипатталады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде 20-дан астам сақтандыру түрлері бар. Францияда заңнама бойынша сақтандырудың бірыңғай тәртібі белгіленген. Француз халқының 80 пайызы міндетті сақтандырумен қамтылған. Бүгінде Жапониядағы қоғам денсаулығы өте жоғары өмір сүру көрсеткіштерімен айқындалады. Жапонияда бір адам орта есеппен 80 жыл өмір сүреді. Бұл – дамыған елдердегі ең жоғары көрсеткіш. Мұнда сәбилер өлімі өте аз. Бұл жағдайлар міндетті медициналық сақтандыруға негізделген Жапониядағы медициналық сақтандырудың дұрыс ұйымдастырылуымен байланыстырылады. Жапонияда табысына қарамастан халықтың барлығы бірдей медициналық көмек алады. Дәрігерлер науқастарға дәрілерді жазып қана қоймай, дәрілермен өздері қамтамасыз етеді. Сол себепті, Жапония әлем бойынша дәріні пайдалану жағынан бірінші орында тұр.

Екінші рет енгізілген жүйе

Қазақта «Аузы күйген үрлеп ішеді» деген сөз бар. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық сақтандыру жүйесін енгізуде қаншалықты сақ болғандығы бізге беймәлім. Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында медициналық сақтандыру жүйесі қолға алынған. Алайда бұл жүйе жұмысының сәтсіз аяқталғаны баршаға белгілі. Денсаулық сақтау министрлігі бұл жолы сүрінбейміз дейді. Бұрынғы кемшіліктерді қайталамас үшін дүниежүзілік тәжірибелерге ерекше назар аударып отыр. 90-жылдардың ортасында Қазақстан Кеңестік денсаулық сақтау жүйесінен бас тартып, еліміз батыстық үлгіге иек артты. Сол кезде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі отандық денсаулық сақтау саласындағы тың жаңалық болған-ды. Алайда тың жаңалықтың еліміздің денсаулық сақтау саласын тығырыққа тірейтінін ешкім де білген жоқ. Сол уақытта міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, аталмыш қорға бас директор ретінде Талапкер Иманбаев тағайындалған. Алайда қор басшысы 2 жылдан кейін шетелге қашып кетті. Шекара асқан шенеунікпен бірге медициналық сақтандыру қорында жинақталған 150 миллион теңге де құмға сіңген судай жоқ болды. Бұл іске қатысты арнайы тергеу жұмыстары жүргізіліп, экс-директор «қомақты қаржыны ұрлағаны үшін» айыпталды. Нәтижесінде міндетті медициналық сақтандыру қоры жұмысын тоқтатты, ал халық медициналық сақтандырусыз қалды. Сөйтіп, ел Үкіметі сәтсіздікке ұрынған қордан да, жүйеден де бас тартты. Әрине, мұнда барлық мәселе шетелге қашқан басшыға ғана қатысты болмағаны анық. Бүгінде мамандар Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін бұл жүйені жүзеге асырудың оңтайлы уақыты болмағандығын алға тартады. Расымен де, ол уақытта еліміздегі экономикалық жағдай өте қиын болатын. Жұмыссыздардың саны көп, ал мемлекеттің қорға жарна аударуға мүмкіндігі өте аз болды. Жұмыс берушілер де жарнаны өз уақытында аударуға қауқарсыздық танытты. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ұзақ өмір сүрмеуінің бір сыры осында екені де шындық. Жарналар мен төлемдердің дер кезінде аударылмауы, ақшаның дұрыс шоғырланбауы салдарынан түсім мен шығын арасында үлкен айырма пайда болып, қор төлем қабілетінен айырылды. Қалай десек те, осы жағдайдан кейін қарапайым халықтың көңілінде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты күдік ұялады. 90-жылдары қолға алынған алғашқы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі сәтсіз аяқталды. Сондықтан алдағы уақытта аталмыш жүйе сол алғашқы жүйенің кебін кие ме деген алаңдаушылық әрбір қазақстандықтың көкейінде тұрғаны рас. Осы орайда, медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу үшін бұл жүйені талай уақыттан бері қолданып келе жатқан басқа елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып енгізу туралы министрліктің ойы дұрыс-ақ. Ендігі жерде медициналық сақтандыруға бөлінетін және жиналған қаржы қатаң бақылауда болуына баса назар аудару керек тәрізді. Егер медициналық сақтандыру жүйесінен екінші мәрте кемшілік байқалар болса, халықтың сеніміне кезекті рет селкеу түседі. Ал одан кейін бұл жүйеге қайта ораламыз деу тіптен қиын болмақ. Сондықтан жаңа жүйенің жұмысы жүйелі болса игі.