«Жол азабын тартқан білер»

«Жол азабын тартқан білер»

«Жол азабын тартқан білер»
ашық дереккөзі
«Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс». Жиренше шешен туралы аңыздармен бірге жеткен бұл сөз еліміздің қазіргі ойқы-шойқы жолдарына, қырық құрау көшелеріне қарап айтылғандай. Биыл айнадай тегіс боп төселіп, келер жылы адам көргісіз күйге түсетін сондай жолдар жолаушыны діңкелетіп, таяқ тастам жердің өзіне сағаттап жеткізбей қояды. Ал жол жақсы болса, жолаушы мен темір тұлпарға алыс қашықтықтың өзі бұйым болмас еді. Мемлекет қолға алып отырған қазіргі міндет те  осы алыс, жақын бағыттардың бәріне де сапалы, жайлы жол салу. Бұл –  әлеуметтік маңызы бар мәселе. Сондықтан жыл сайын мемлекет қазынасынан жол құрылысына қыруар қаржы бөлініп келеді. Бірақ сол қаражат тиімді жұмсалып отыр ма? Салынып жатқан жолдардың сапасы қандай? Жаңа жолдардың ғұмыры неге тым қысқа? Еnergyprom.kz дерегіне сүйенсек, 2016 жылы Қазақстандағы автожолдарды салу мен жөндеуге арналған бюджеттік шығындар 35 пайыз көбейіп, 269 млрд теңгеге жеткен. Нәтижесінде еліміздегі автожолдардың 3,2 мың шақырымы жөнделді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордан 611 шақырым жолды жөндеу үшін қосымша 151,3 млрд теңге бөлінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай және Астана – Петропавл бағытындағы жолдар пайдалануға берілді. Соның арқасында еліміздегі сапалы автожолдардың үлесі 46 пайызды құрап, 19,9 мың шақырымға жеткен көрінеді. Алайда Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша, жол сапасы жөнінен Қазақстанның рейтингі 107-орыннан 108-орынға төмендеген. Мұның себебі – жаңа төселген жолдардың жыл өтпей жатып тозуы. Шұрық- тесік жол, шаңы шыққан көше еліміздің көп өңіріне тән көрініс екенін жол азабын тартқан жүргізушілердің аузынан жиі естиміз. Басқа аймақты былай қойғанда, елдің бас қаласы – Астананың өзінде жолдың жайы көңіл көншітпей тұр. Көктем келсе болды, елордалық жүргізушілердің бейнеті артады. «Қармен бірге асфальт та еріп кетті» деп әзілдеседі көлік тізгіндегендер. Әзіл болса да астарында шындық жатыр. Қала көшелеріндегі шұрық-тесіктен айналып өту мүмкін емес. Тоз-тозы шыққан жолдарды Астананың кез-келген жерінен кездестіруге болады. Тіпті, көркіне көз сүйсінетін Есілдің сол жағалауындағы кейбір аудандар да жол сапасымен мақтана алмайды. Қыруар қаржыға жөнделгенімен, жылға жетпей жырылып қалады. Темір тұлпарларын болдырып тастайтын мұндай жолдардан астаналықтардың мезі болғанын әкімдіктегілер көрмей, білмей отырған жоқ. Елорда көшелердің көлік жүруге жарамсыз болып қалғанын мойындап отыр. Бірақ ең алдымен, Астананың орталығындағы ірі көшелерді жөндеуге күш салмақ. Өйткені ЭКСПО-ның басталуына санаулы уақыт қалғандықтан, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін сыйлы қонақтардың алдында ұятты болмас үшін халықаралық көрмеге апарар жолдар жалтырап тұруы тиіс. «Алдымен 39 шақырымдық 42 көшені жөндейміз. Жаяу жүргіншілер жүретін тротуарларды да жаңартамыз. Жалпы биыл жол жөндеуге бюджеттен 6 жарым миллиард теңге бөлініп отыр», – дейді Астана қалалық Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин. Басқарма басшысының сөзінен ұққанымыз, оң жағалаудағы шұрық-тесік жолдар кейінге қалдырылады. Көктал, Оңтүстік-Шығыс секілді жолдарының тозығы жеткен аудандарда жөндеу жұмысы тамыз айларында бір-ақ басталуы мүмкін. Демек, оған дейін жүргізушілер жүйкесін жұқарта тұруға тура келеді.

Сапасыз жол –  барлық өңірдің жыры

Мұнайлы астанамыз – Атыраудың жолдары да шұрық-тесік. Мұндағы жүргізушілермен сөйлесе қалсаңыз, әуелгі әңгімені жолдың жырынан бастайды. Шенеуніктердің бірі болмаса, бірінің көзіне шалынар деп әлеуметтік желілерде жазады – нәтижесіз. Өткен жылы 8300 метр жолының тесігі бітеліпті. Ал биыл жамауды қажет ететіні үш есе ұзын, 22 шақырымды жөндеу үшін қала қазынасынан 222 миллион теңге бөлінген. Ал сол ақшаның келесі жылы-ақ құрдымға кетпесіне кепіл жоқ. Оны жергілікті атқамінерлер өздерінен де, мердігерлерден де емес, ауа райынан көріп отыр. «Жолдардың жиі бұзылуына су деңгейінің жоғары көтерілуі себеп. Дей тұрғанмен де, ақаулықтар анықталған жағдайда мердігер мекеме тарапынан кепілдемесі бар, екі жыл ішінде өздерінің кепілдіктері бойынша жөндейді», – дейді Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ақесен Ибрагимов. Жөндеуін жөндер, бірақ жолдан гөрі құрақ көрпеге көбірек ұқсайтын жамау көшелер ауа райының кезекті тосын мінезіне шыдас бере алады дегенге жергілікті тұрғындар сенуден қалған. Жамбыл облысында да жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты қаржы бөлініп келеді. Алайда өңірдегі шұрық-тесік жолдарға қарап, сол қаражат желге ұшты ма деген ойға қаласың. Мәселен, соңғы 6 жылда облыстың жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендерінің көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 43,3 млрд теңге бөлінген. Оның 35 миллиардын жергілікті бюджет бөлсе, республикадан 8,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл қыруар қаржыға 2417 шақырым жолдар мен көшелер жөнделген. Ал биыл облыстық маңызы бар 10 жол, ал Тараздың өзінде тозығы жеткен 6 көше жаңартылмақ. «2017 жылға жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендер көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде облыстық маңызы бар автожолдарға 3,3 млрд теңге, аудандық маңызы бар автожолдар мен көшелерге 3,3 млрд теңге және Тараз қаласының көшелеріне 1,6 млрд теңге бөлінді», – дейді Жамбыл облысы Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Дархан Абдуанов. Сол қаржы орнымен жұмсалса, облыс жолаушылары жол азабынан құтылар еді. Жамбылдықтар «Сауысқан келіп саңқ еттінің» кері келмесе деп тілейді, әйтпесе олар келер жылы да жолдың жырын жырлап отыруы ғажап емес. Қарағандылықтар да сапасыз жолдың зардабын аз тартқан жоқ. Қаладағы ойлы-шұңқырлы жолдардың кесірінен қоғамдық көліктер кей көшелерге баруды қойған. Мәселен, Восток-2, Восток-3 ықшам аудандарының айналмалы жолына дейін қатынайтын жалғыз автобус онда барудан бас тартыпты. Автопарк басшылары жол жөнделмейінше, автобус жүрмейтінін мəлімдеген. Сондықтан аталмыш аудандардың мыңдаған тұрғыны діттеген жерлеріне жету үшін 2 шақырым жаяу жүріп, өзге аялдамаларға баруға мəжбүр. Əсіресе, немерелерін балабақша мен мектепке таситын қариялар əбден қажыған. «Бізге ең қиыны – балабақшаға жету. Қар ерігелі бері 14-маршрут жүрмей қалды. Күн сайын таксимен қатынау оңай емес. Қалтаға айтарлықтай салмақ түсіреді. Жолымызды жөндеп, автобусты қайта жүргізсе екен дейміз», – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Несіп Шəкірова. Бірнеше жыл бұрын шала жөнделіп, көп ұзамай ойдым-ойдым болған көшелерге автобус түгілі таксист жүргізушілері де барғысы жоқ. Өйткені темір тұлпарларын қайта-қайта жөндеуден шаршаған.

«Кінәлі – климат»

 Сарапшылар жолдардың жылда бұзылуының себебін құзыретті орындардың жауапсыздығынан іздейді. «Жол төсейтін кәсіпорынның мүмкіндігіне қарау керек. Техникасы қандай, қандай технология бойынша жұмыс істейді, құрылыс материалдарының сапасы қандай – бәрі ескерілуі керек. Қазіргі кезде көп фирмалар жалғыз қаламмен барады да, тендерге қатысып, ұтып алып жатады. Мемлекеттік тапсырысқа ие болу үшін 50 пайызға дейін жеңілдік жасайтындар бар. Ол дұрыс емес. Жарытып қаражат алмаған компания сапалы жолды қайдан салсын? Оның үстіне, асфальтқа төсейтін битумды Ресейден əкелуге өткен жылдан бері тыйым салынған. Ал Павлодар, Қарағанды, Астананың жолдарына пайдаланылатын Павлодар мұнай-химия зауытының өнім сапасы, өкінішке қарай, сын көтермейді», – дейді Қарағанды облыстық жол-құрылыс саласындағы қауымдастық төрағасы Ермек Əбілдин. Маманның айтуынша, елімізде жолдың жобасы да шала жасалатын көрінеді. «Жол салынады, астына су ағатын құбырлар тартылмайды. Соңында жауапты тарап бар кінәні ауа райына, климатқа жабады. Қазақстанның климаты Финляндияның климатымен бірдей. Ол жақта да қыста біздегідей -40 градус аяз болады, қар қалың түседі. Бірақ жолдары қашан көрсеңіз тақтайдай тегіс. Біздегі асфальттың тез тозу себебі – суағарлар жоқ, құбыр жүйелері ойластырылмаған. Сондықтан қар ерігенде жолдарды су шайып жатады. Сапасы құрымай қайтсін? Сондықтан жол құрылысын жоспарлаған кезде жобаға суағарларды, құбыр жүйелерін енгізу қажет», – дейді Ермек Əбілдин. Климат демекші, жуырда журналистердің жол сапасы туралы сауалына жауап берген Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Сәулебаев та тас жолдың тез тозуына Астананың шұғыл өзгеретін климатын кінәлаған. Дәл сол климаттық белдеуде орналасқан Еуропа мемлекеттерінде асфальт жолдар жүз жылдап қызмет ететінін тілге тиек еткен тілшілер кінәратты технологиядан іздей бастағанда Сәулебаев өзі қызмет ететін басқарма ғылыммен айналыспайтынын айтып шамданғаны да есте. Сонда құрылыс жобасын бекітерде жолдың қандай технологиямен салынатынына көңіл бөлмесе, тапсырысты орындаушының жұмыс барысын қадағалап отырмаса, дайын жолды қабылдап аларда қаншалықты сапалы төселгенін тексермесе, «Автомобиль жолдары басқармасы» деп айқайлатып айдар таққан басқарманың не керегі бар? Жол сапасын арттырудың жолын табу үшін басқарманың ғылыммен айналысуы, жаңалық ашуы шарт емес, осы салада зерттеулер жүргізіп жүрген ғалымдардың ізденісін кәдеге асыра білсе болғаны. Мәселен, жуырда қазақ ғалымы Бағдат Телтаев асфальт-бетон төсеміне қатысты ашқан ғылыми жаңалығы үшін Нобель сыйлығының иегері Петр Капицаның «Алтын» медалімен марапатталған болатын. Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясы (РЖҒА) мен өнертабыстар авторларының Халықаралық академиясы өткізген ғылыми сараптама нәтижелері негізінде «Төменгі температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы» деген ғылыми жаңалықтың анықталғандығын бекітті. Жаңалық авторы, «Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ президенті Бағдат Бұрханбайұлының айтуынша, ғылыми жаңалықтың еліміздегі жол сапасын жақсартуда маңызы өте зор. «Асфальт-бетон өте қымбат материал болғандықтан, көбіне жоғарғы техникалық санаттағы автомобиль жолдарын салуға пайдаланылады. Жолдың ұзақ шыдас бергені ел экономикасы үшін тиімді. Зерттеу тәжірибеміз көрсеткендей, бетонның бұзылуының түрлері көп. Соның ішінде еліміздің Орталық, Шығыс аймақтарында асфальт-бетонның қатты суыққа шыдас бермей, жарылып кетуі жиі кездесетін мәселе. Температура күрт төмендеген кезде асфальт түгелдей шытынап, шарт-шарт жарылып кетеді. Күн жылынып, еріген қар суы жол табанына сіңетін болса, жол іске жарамсыз болып қалады. Ауа температурасы Цельсий өлшемімен 5 градустан жоғары болған кезде ғана арнайы технологиялық тәсілдермен жол жамауды бастаймыз. Елімізде жамалатын жолдың әр метріне 500 теңге шығын жұмсалады. Бүгінге дейін әлем ғалымдары тарапынан жамылғы ішіндегі процесстер мен жарықшақтың пайда болу себебіне қатысты тұжырымды пікір айтылмаған еді», – дейді ғалым. Б.Телтаевтың айтуынша, температуралы жарықшақтану кезінде асфальтбетонды жол төсемінің өзін-өзі құру заңдылығы температура төмендеген сайын асфальтбетон жамылғысының ішінде пайда болатын кернеу күштерінің мәнін анықтайды. Температуралық жарықшақтардың орташа саны логорифм заңдылығы бойынша өсіп отырады. Сондай-ақ, бұл заңдылық температуралық жарықшақтардың көлемін алдын ала болжауға және кез келген климаттық жағдайда асфальт-бетон құрамын таңдау арқылы жолдың ойылып кетпеуіне мүмкіндік береді. Мамандар ғылыми жаңалықтың көмегімен жамалатын ойықтарға керек материалдарды, уақытты, қаражатты алдын-ала есептеуге болатынын айтады. Енді бұл жаңалық қазақстандық ғалымдардың көп еңбегі секілді қағаз жүзінде қалмай, еліміздің барлық өңірінде жол жөндеу жұмыстарына қолданылса игі.