Жаңалықтар

Тұмар патшайым туралы фильмге кастинг жарияланды

ашық дереккөзі

Тұмар патшайым туралы фильмге кастинг жарияланды

Режиссер Ақан Сатаев  «Тұмар» фильміне кастинг жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  «ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» компаниясымен бірлесіп,  мамырдың 15-16-сы күндері Ақан Сатаевтың ең ауқымды «Тұмар» көркем фильміне кастинг жариялайды», - делінген режиссер Ақан Сатаевтың Инстаграмдағы парақшасында. Кастингтің мына мекен жайда өтеді: Астана қаласы, Ілияс Есенберлин көшесі 10, «Жастар» театры. Сағат 9-00-ден 18-00-ге дейін. Жас санаты: 16-жасқа дейін, ұлтына шектеу жоқ. Ақан Сатаев «Тұмар» фильмін түсіретіндігін осыдан екі айдан астам уақыт бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында мәлім еткен болатын.  «Осы жылы біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп «Тұмар» тарихи фильмін түсіруді бастағалы отырмыз. Сапалы дүние шыққан жағдайда ол отандық көрерменнің де, шетелдік аудиторияның да қызығушылығына ие бола алатынына сенімдімін. Тұмар патшайым - әлемдік тарихтің барысына ықпал еткен тұлға. Кинопрокатымыздың географиясын кеңейту үшін мұндай жобаларды жасау керек деп санаймын. Себебі бұл елдің халықаралық имиджінің қалыптасуына оң әсер етеді», - деген еді режиссер. Сонымен фильмнің түсірілім жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталып, 2018 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан аумағында жүргізіледі. Тарихи жобаның авторлары: Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов.