Кооперация - ауыл келешегі
Кооперация - ауыл келешегі
Қарапайым шаруалар биылдан бастап ешқандай кепілдіксіз мемлекеттен несие алады. Басты шарт - кооперацияға бірігу, бірлесіп өнім өндіру. Кооперация - колхоздастыру емес.
Бұл туралы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов айтты. аймақтағы шаруа қожалықтарымен таныстқан ведомство басшысы: «Ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі-егістік дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілді. Түпкілікті тұтынушыға мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды», – деп атап өтті А.Мырзахметов.
Осы жылы Жамбыл облысында 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде шамамен 19 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Қазіргі таңда Алматы облысы бойынша жоспарланған 111 кооперативтің 27-сі құрылған. Оңтүстік Қазақстанда жоспардағы 75 кооперативтің 26-сы құрылды. Әзірге жаман көрсеткіш емес, бұл кооперативтер жергілікті елді мекендерде тұрғындарды жұмыспен қамту, отандық өнімді тұтынуды жүзеге асырады. Осылайша шағын кооперативтер мемлекеттің ет пен сүт өңдеу кәсіпорындарына өнім өткізіп, жүктемесін жеңілдетіп отыр. Биыл ғана қолға алынған кооперацияның халық үшін де, кооператив пен мемлекет үшін де пайдасы ұшан-теңіз.
Айтқандай, АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында су тапшылығы мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. айталық, жалпы көлемі 610мың гектар жерді суармалы аймаққа айналдыру, 368 мың га жайылымның суғару жүйесін қалыптастыру жоспарлануда.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту аясында ұсақ шаруашылықтар, яғни кооперациялар құру жоспарланып отыр. Келесі жылы осы шағын кооперативтер шаруасын жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп әкете алады деп сенеміз.