Жаңалықтар

Абылайхан Жүсіпов финалда күмісті қанағат тұтты

ашық дереккөзі

Абылайхан Жүсіпов финалда күмісті қанағат тұтты

 Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионатында 69 келі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық былғары қолғап шебері Абылайхан Жүсіпов ақтық сында өзбек боксшысы Шахрам Гиясовқа есе жіберді.   Жекпе-жек «Қазспорт» арнасынан көрсетілді. Қос боксшы кездесу басталысымен бір-бірін барлап жатпай, бірден ұрысты бастап кетті. Ұрымтал тұсты пайдаланған алаң иесі бірінші раунда Абылайханға қатты соққысын дарытып, нокдаунға түсірді. Осы сәтте рефери есеп ашты. Екінші раунда жерлесіміз терезесі тең өнер көрсетті, кей тұстарда басымдығы да байқалып жатты. Алайда үшінші раунда қарсыласы рингте еркін ойқастап, айласын асырып жүрді. Есеп нәтижесінде үш раундта да өзбек боксшысы толық 30 ұпайдан алғаны мәлім болды - 3-0. Айта кетейік, осыған дейін Азия чемпионатына қатысқан қазақстандық он боксшының тоғызы әлем чемпионатына лицензия алғанын хабарлаған едік. Олар: Азамат Исақұлов (52 келіге дейін салмақ дәрежесінде), Қайрат Ералиев (56 келі),Әділет Құрметов (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Ерік Әлжанов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі). Азия чемпионатының іріктеуінен өтпей қалған жалғыз боксшы - Ержан Жомарт (49 келі): ол жартылай финалда индонезиялық Корнелиус Квангу Лангтан ұтылып қалды. Әлем чемпионаты-2017 25 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында Гамбургте (Германия) өтеді.