Жаңалықтар

Каспий жағалауы өртке оранды

ашық дереккөзі

Каспий жағалауы өртке оранды

Атырау облысында "Ақ Жайық" мемлекеттік тарихи резерваты аумағында үш күннен бері қамыс пен қураған шөп жанып жатыр. Бұл туралы өңірлік ATPress.kz басылымына сілтеме жасап Sputniknews.kz хабарлады. Атырау облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің дерегіне сүйенсек, 5 мамыр күні таңертең кезекші қызметтің пультіне Еркінқала ауылы маңындағы Каспий жағалауында, резерваттың оңтүстік аумағында өрт шықты деген хабар келіп түскен. 7 мамырдағы ақпарат бойынша, өрттің аумағы әлі 10 гектарды қамтиды. Оқиға орнында алты техника, жеке құрамның 14 адамы жұмыс істеп жатыр. 5 мамыр күні 3 гектар, 6 мамыр күні 5 гектар жер сөндірілген. Аумақ ұшатын аппараттың көмегімен барлануда. Департамент өкілдерінің айтуынша, ашық жалын бірыңғай шарпып жатқан жоқ, әр жерден тұтанып, лаулайды. Кейбір жерлер өртті сөндірген соң біраз уақыттан кейін қайта тұтанып жанады.