Ұлттық ұланның 36 әскери бөлімінде сайлау учаскесі ашылды

Бүгін, 07:00 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ұлттық ұлан

Бүгін елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, дауыс беруде белсенділік танытуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жеке құрамға қолайлы жағдай жасау мақсатында әскери бөлімдердің аумағында 36 сайлау учаскесі ашылған. Бұл офицерлерге, келісімшарт бойынша және мерзімді әскери қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен Ұлттық ұлан ардагерлеріне күнделікті қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқарудан қол үзбей дауыс беруге мүмкіндік береді.

Алғашқылардың бірі болып өз таңдауын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков жасады. Ол таңғы сағат 6:00-де елордадағы 5573 әскери бөлімінің аумағында орналасқан №266 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Бас қолбасшы азаматтық жауапкершіліктің және ел болашағын айқындауға әр азаматтың қатысуының маңызын атап өтті.

Ұландықтардың көпшілігі үшін бұл жолғы сайлау өміріндегі алғашқы дауыс беру науқаны болды. Мерзімді әскери қызметшілер сайлау учаскесіне алғаш рет келіп, өз таңдауын жасау арқылы елдің қоғамдық-саяси өміріне үлес қоса алды.

Сайлау күні Ұлттық ұлан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындауды жалғастырып жатыр. Күн сайын еліміздің 22 қаласында 7 мыңнан астам әскери қызметші қоғамдық тәртіпті күзетуге жұмылдырылады. Дауыс беру кезінде және сайлау аяқталғаннан кейін де ұландықтар тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайды.