Астанада қорғауындағы әйелден 7 млн теңге талап еткен адвокат сотталды

Бүгін, 23:18 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Астанада қорғауындағы әйелден ақша талап еткен адвокат сотталды, деп хабарлады прокуратура.

Адвокат мемлекеттік органдарда таныстары бар деген сылтаумен қорғауындағы әйелдің ірі мөлшердегі ақшасын жымқыруға оқталған.

Әйел ұсталғаннан кейін ол бұлтартпау шарасын жеңілдетіп, күзетпен ұстауды үйқамаққа ауыстыру мәселесін "шешіп беруді" ұсынып, 7 млн теңге талап еткен.

Әйел заңсыз мәмілеге барудан бас тартып, құқық қорғау органдарына жүгінген.

"Жедел іс-шаралар барысында адвокат ақшаны алған бойда қылмыс үстінде ұсталды. Сот үкімімен оған адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Астана қаласының прокуратурасы.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Елорда прокуратурасы тергеу барысына заңсыз ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді және азаматтарды осындай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.