26 жастағы футболшы матч кезінде болған қарулы шабуылдан қаза тапты

Бүгін, 21:37 / Жамбыл Жайлау
depositphotos.com

Мексикада 26 жастағы футболшы Луис Альберто Риос Чавес қарулы шабуыл салдарынан қаза тапты. Оқиға әуесқой командалардың жолдастық кездесуінен кейін болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы жағдай Мексиканың Гуанахуато штатындағы Ирапуато қаласында орналасқан "Ла Эстрелья" футбол алаңында тіркелген. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, футболшы жолдастық кездесу аяқталғаннан кейін достарымен бірге алаң маңында тұрған. Осы кезде мотоцикл мінген қарулы адамдар келіп тоқтаған. Олардың бірі Луис Альберто Риос Чавестің лақап атын атап шақырып, артынша оған оқ жаудырған.

Қарулы шабуыл салдарынан 26 жастағы спортшы ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Оның қасында болған тағы бір адам жараланған. Зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілген.

Шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз. Гуанахуато штатының құқық қорғау органдары оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатыр. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, әзірге күдіктілер ұсталған жоқ.

Луис Альберто Риос Чавес Мексикада "Эль Море" деген лақап атпен танылған. Ол бұған дейін Мексика чемпионатының үшінші дивизионында өнер көрсеткен.

2019 жылы "Атлетико Сан-Франсиско" клубының құрамында чемпиондық атаққа қол жеткізген. Кейін "Арандас" әуесқой футбол клубында ойнаған. Сонымен қатар "Лорос" балалар футбол академиясында жаттықтырушы болып еңбек еткен.

Тэгтер:

Футбол қайғылы жағдай