Астанада сауда орталығында төбелес шығарған екі жасөспірім 5 жылға сотталды

Бүгін, 21:14 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Астанада "Көктал" сауда орталығындағы жаппай төбелеске қатысқан екі жасөспірімге сот үкімі шықты. Олар бұзақылық, тонау, алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттер үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы бес жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот материалдарына сәйкес, қылмыстық іс бойынша барлығы бес кәмелетке толмаған жасөспірім жауапқа тартылған. Олардың қатысуымен болған оқиғалардың бірі 2026 жылғы 26 наурызда елордадағы "Көктал" сауда орталығында тіркелген.

Тергеу мәліметінше, бір топ жасөспірім бұған дейін өздерінің бірін ұрып-соққан жігітпен кездесіп, мәселені шешу үшін сауда орталығына барған. Алайда қоғамдық тамақтану аймағында басталған сөзге келіспеушілік төбелеске ұласқан.

"Тамақтану аймағында С. мен жәбірленушілердің бірі арасында сөзге келіспеушілік туындап, ол төбелеске ұласқан. Нәтижесінде топ үш жәбірленушіні соққыға жыққан. Қоғамдық тәртіп өрескел бұзылып, келушілер арасында дүрбелең туындаған", – делінген сот хабарламасында.

Оқиғаның бейнежазбасы сол кезде әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын.

Сотта сауда орталығындағы төбелестен бөлек, басқа да қылмыстық эпизодтар қаралған. Атап айтқанда, сәуір айында екі жасөспірім кәмелетке толмаған баланы пышақтармен және телескопиялық таяқпен қорқытып, құны 341 981 теңге болатын телефонын тартып алған. Кейін олар ұрланған телефонды сатып жіберген.

Тағы бір жағдайда жасөспірімдердің бірі телефонын ломбардқа өткізуден бас тартқан ер адамды ұрып-соққан. Сондай-ақ сот материалдарына сәйкес, айыпталушылардың бірі танысының Kaspi қосымшасы арқылы депозитіне қол жеткізіп, 620 мың теңгесін иемденген.

Сәуір мен маусым аралығында жасөспірімдер бірнеше адамның ұялы телефонын алдап немесе күш қолданып тартып алған. Олар кейбір азаматтардан телефондарын қоңырау шалу үшін сұрап, кейін қайтармаған. Ал жекелеген жағдайларда құрылғыларды иелерінің қолынан жұлып алған. Мәселен, Ақмола облысының Бурабай ауданындағы дүкен сатушысынан iPhone 15 Pro телефонын ұрлаған. Бұдан кейін жәбірленушінің есепшотынан 237 мың теңге алып, смартфонды сатып жіберген. Осы эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын 837 мың теңгеге жеткен.

Соттың анықтауынша, жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерінен жәбірленушілерге жалпы 3 068 981 теңгематериалдық залал келген. Екі сотталушы кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетінін білдірген. Сот жаза тағайындау кезінде олардың кәмелетке толмағанын және өзге де жеңілдететін мән-жайларды ескерген. Нәтижесінде екі жасөспірімнің әрқайсысына бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал бұзақылық ісі бойынша өткен тағы үш жасөспірім жәбірленушімен татуласып, келтірілген шығынды өтеген. Оларға қатысты қылмыстық іс тоқтатылып, тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шаралары қолданылған. Жәбірленушілер залал өтелгеннен кейін азаматтық талаптарынан бас тартқан.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Тэгтер:

Астана төбелес