Үндістанның ең кедей штатының депутаты 400 мың қонақ шақырып, қызына той жасады

Бүгін, 20:31 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Үндістанның Бихар штатында жергілікті депутат Анант Сингх қызына ерекше сән-салтанатпен той жасады. Үйлену тойына шамамен 400 мың адам жиналып, қонақтарды күту үшін жүздеген аспаз жұмылдырылған. Ауқымды шара салдарынан жолдарда бірнеше шақырымдық кептеліс пайда болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үндістандық БАҚ мәліметінше, той 25 қарашада Бихар штатындағы Надвана ауылында өткен. Саясаткер Анант Сингхтің қызы Шиванги Сингх Ришикеш Кумар есімді азаматқа тұрмысқа шыққан. Салтанатты шараға ауыл тұрғындары, саясаткерлер, түрлі сала өкілдері мен мәртебелі қонақтар шақырылған.

The Times of India басылымының жазуынша, тойды ұйымдастыру үшін шамамен 2,5 гектар жер бөлінген.

Үйлену тойының ауқымы көпшілікті таңғалдырды. Қонақтарға арнап 500 мыңға жуық дәстүрлі үнді тәттісі әзірленген. Ал ас дайындау жұмыстарына 500-ге жуық аспаз бен асүй қызметкері тартылған. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, тағам дайындауға шамамен бір тонна ет жұмсалған. Сонымен қатар жоғары мәртебелі меймандар үшін алты уақытша тікұшақ алаңы жабдықталған.

Күйеу жігіт тойға 151 автокөліктен тұратын салтанатты шерумен келген. Жас жұбайларға табысталған сыйлықтардың арасында ақ түсті Land Rover Defender жол талғамайтын көлігі де болған.

Тойға келген адамдардың көптігінен Надвана ауылы мен оның маңындағы жолдарда қозғалыс қиындаған. Хабарланғандай, көлік кептелісі шамамен сегіз шақырымға созылған. Салтанатты шараны тамашалауға жиналған жұрттың кейбірі жақсырақ көру үшін ағаштарға, электр бағаналарына және биік құрылымдарға өрмелеген.

Той бағдарламасында үлкен ат жарысын өткізу де жоспарланған. Оған Үндістанның әр өңірінен 52 сәйгүлік жеткізілген. Ұйымдастырушылар жеңімпазға Mahindra Thar жол талғамайтын көлігін сыйлауды көздеген. Алайда жарысты тамашалауға келген адамдардың саны тым көп болған. Көрермендердің бір бөлігі жарыс жолына шығып кеткендіктен, ұйымдастырушылар қауіпсіздік мақсатында бәйгені тоқтатып, келесі күнге ауыстыруға мәжбүр болған.

Тэгтер:

депутат үндістан той