Қазақстандық пара пауэрлифтинг шебері Тұрсынай Қабыл Бахрейнде өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. 26 жастағы спортшы 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсыластарын басып озып, мансабындағы алғашқы әлем чемпионатының алтынын иеленді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тұрсынай Қабыл жарыс барысында үш мүмкіндікке ие болып, ең үздік нәтижесінде 100 келі салмақты көтерді. Бұл көрсеткіш оған алтын медаль жеңіп алуға жеткілікті болды. Екінші орын алған Түркия өкілі Рейхан Полат 94 келіні бағындырды. Дәл осындай нәтижеге қол жеткізген ресейлік Татьяна Жаворонкова қола жүлдені еншіледі.
Жарыс аяқталғаннан кейін Тұрсынай Қабыл жеңісіне қатысты әсерімен бөлісті.
"Сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені мен бұл әлем чемпионатына ұзақ дайындалдым және осы медальды армандадым. Қазір Паралимпиадаға дайындалып жатырмын. Алда тағы екі жыл бар. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін", – деді спортшы.
Тұрсынай Қабыл ендігі басты мақсаты алдағы Паралимпиада ойындарына жоғары деңгейде дайындалу екенін жеткізді.
Бахрейндегі әлем чемпионатында еліміздің өзге де өкілдері өнер көрсетті. Данагүл Есжанова жарысты сегізінші орынмен аяқтаса, Арианна Кобзарь тоғызыншы сатыға тұрақтады.